КЕСЕНЕ ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛЫНДЫ
Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасуда ғасырлар бойы ата-бабаларымыз түйенің қомында, аттың жалында жүріп, Еуразия кеңістігінде ұлан-ғайыр жерді бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Халқымыз ел мен жерін сыртқы жаудан қорғаған батырлар, ел бірлігін пәтуалы сөзімен ұйыстырған шешешндер мен билерге кенде болмаған. Сондай тұлғалардың бірі Сәрке батырдың қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде қол бастаған ерліктері бүгінгі күнге дейін ел есінде. Сол жаужүрек бабамыздың немересі заманында батыр, би, дипломат болған Байқадам батырдың замандасы әрі құрдасы Қырғи бидің де даналығы ел аузында. Халқына «Төбе би» атанған Қырғи бидың есімі бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қайта жаңғыруда.
Қырғи бидің еліне, халқына жасаған ізгі жұмыстары, ғибратты өмір деректері жайлы кезінде Сыр өңірінің көне көз тарихшы абыз ақсақалдары Камал Бердәулетов «Бұқарбай батыр», Мәдібай Баймахановтың «Байқадам батыр» кітаптарында жазылған болатын.
Бұл күндері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы халықтан қолдау тауып, пәрменді түрде жүзеге асырылуда. Бағдарламаның «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Заманауи қазақстандық мәдениет» жобалары шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұндай игі шаралар көненің көзін ашып, ұлттың рухын көтере берері сөзсіз.
Қырғи би жайлы осы жолдардың авторы жоғарыда айтқандай жазылған еңбектермен кезінде көне көз қариялардың естеліктерінен біршама зерттеу жүргізіп, баспасөз арқылы оқырмандарды хабардар еткен еді. Заманында әділ сөзімен қара қылды қақ жарып, үлкен беделге ие болған мәнді де сәнді өмір сүрген, халқы «Төбе би» деп атақ берген Қырғи би 1774 жылы дүниеге келіп, сексен жасқа жақындап Қараөзек бойында дүниеден озған. Қырғи би дүниеден өткеннен кейін артында қалған ағайындары сол кездің белгілі тұлғаларына сай үрдісімен үй там салған. Кесене Қаракеткен елді мекенінің солтүстік шығысына қарай 29 шақырым, Құлжан қыстауынан 9 шақырым қашықтықта орналасқан. Кесененің салынғанына бір жарым ғасыр уақыт өтсе де үй там сол бұрынғы қалпында.
2014 жылы облыстық тарихи ескерткіштердің қорғау мекемесі Қырғи би кесенесін (№51 тізіммен ХІХ ғасыр) ескерткіш мемлекет қорғауында деп есепке алып, белгі қойған. Биыл би ұрпақтары тиісті орындардың рұқсатымен кесененің ауласын темір шарбақпен қоршап, алдына айшықты маңдайша жасап, көктас қойып, әруаққа құран бағыштады. Өткенді ұлықтап, өшкенді қайта жандыруда өзіндік үлесі бар бағдарламалық мақаланың арқасында біз бабаларымыз жайлы тың деректерге, тарихи орындар жайлы мардымды мәліметтерге қол жеткізудеміз. Игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы.