» » » ЕРЛІГІ КӨПКЕ МӘЛІМ ЕР МЕҢЕЙ

ЕРЛІГІ КӨПКЕ МӘЛІМ ЕР МЕҢЕЙ

Тәуелсіз еліміздің өткенін жадымызда жаңғыртамыз десек, халқына қорған болған ерлеріміздің ерліктерін, қаһармандығын ұдайы насихаттау ләзім. Сонда ғана ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы үзілмей, беки түседі. Ата-баба жерін жауға таптатпаған батырлар тарихы жастарымыздың бойына отансүйгіштіктің дәнін егеді. Олар ұлты үшін ат арқасына қонған аруақты батырларымыз жайлы біле түсуге ұмтылады.

Ерлігі көпке мәлім болғанмен бұл күндері есімі ұмытыла бастаған ердің бірі Меңей еді.
Дос күтіп, дұшпан сыйлаған,
Бәшеке, Жаңай, Меңейді.
Жұрт тегіс желдей тынушы ед,
Қозғаса олар көмейді.
Уақытында олардың,
Күннен-күнге күшейіп,
Өрісі елдің кеңейді.
Қалайынша айтқанмен,
Қайратты туған қандыкөз,
Азды көпке теңейді, – деген Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтің толғауындағы Меңей кім еді?
Меңей Қарашаұлы шамамен 1750-1753 жылдары Қуаңдария бойында туып, 1847-1850 жылдары өмірден өтсе керек. Шөмекей тайпасындағы Торыбай руынан шыққан батыр. Өзбекстанның Тамдыбұлағында тұратын Сейітмұрат Тілеубайұлының 2003 жылы баспа жүзін көрген «Ғибрат» атты кітабында «Бозғылдың екінші әйелі Көлдейден туған үлкен баласы Торыбай аталығынан Меңей батыр шығады. Меңей қаратамыр Қыстаубай, қарасақал Шағырай, қошқаралы Қорен батырлармен үзеңгілес, сыйласып өмір сүрген» деп жазылған.
Меңей батырдың Өтетілеу бидің (1760-1845) замандасы, қимас досы болғаны туралы да мәлімет бар. Батыр туралы деректер Қызылорда облысының «Сыр елі» энциклопедиясында да кездеседі.
Меңей уақытында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханның бас қолбасшысы болған. Ол уақытта Шөмекейлердің сұлтаны Нұралы ханның інісі Ералы болса керек және жергілікті халық Ырғыз бен Торғайды жазда, Қызылқұмды қыста жайлап, барақат ғұмыр кешіпті. Бұл тұста Шөмекейлер Қазалы уезінің солтүстік-шығысын, Ырғыз, Ақтөбе уездерін мекендеген.
1986 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрлігі ескерткіштерді қорғау басқармасының тапсырмасына сәйкес «Казпроектреставрация» институты зерттеу жүргізіп, онда ел ақсақалдары Меңей батырдың қалмақтармен соғыста атағы шыққан батыр болғанын айтады.
Батыр өмір сүрген кезең Ресей империясының қысымына шыдамаған құба қалмақтар Еділден еліне ауған уақытпен сәйкес келеді. 1771 жылы казактар мен жергілікті шаруалар Еділ қалмақтарына кәдімгідей күш көрсете бастайды. Күнделікті қақтығыстан қажыған қалмақтар сол жылы Жоңғарияға бет түзейді.
Көш туралы хабар жеткен Ресей үкіметі оларды кері қайтаруға тырысып-ақ бағады. Бірақ, бұл кезде қалмақтар қазақ даласына деңдей еніп кетіп еді. Олар жолындағы бірнеше қазақ ауылын шауып, Жем өзенінің бойына келіп аялдады. Ата жаудың іргеге келгені жайлы хабар алған Нұралы хан әскер жиып, өзен бойында шайқас өтті. Жеңіліс тапқан қалмақтар Мұғалжар тауын айналып, Торғай өзенінен әупірімдеп өтеді. Осы Торғайда жоңғармен шайқас өткен Қарасиыр деген жер кейіннен Қалмаққырылған деп аталды.
180-200 мың адамдық көшті қалмақтардың 40 мың әскері қоршай жылжыды. Жолай қазақ ауылдарын аяусыз шапты. Өздері де талан-таражға түсіп, әскер саны азая берді. Бұл соғыс тарихта «Шаңды жорық» деген атпен қалды. Осы соғыста жас Меңей батыр үлкен ерлік көрсетіп, мол олжа салды. Нұралыдан кейін қалмақ көшін Абылай хан шапты.
Зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың «Кете-Шөмекей шежіресі» атты кітабында Меңейдің Шөмекейдің басқа да батырларымен бірге Телікөлге жақын Қызылжыңғылбас деген жерде қоқандықтармен болған шайқаста ерекше көзге түскенін жазады. Бұл уақытта Шөмекейлердің билеушісі Елекей сұлтан болған екен. Ал, Меңей батыр хан атасы әрі ордада билердің мәслихатшысы атанған кезі болса керек.
Ақмешіттегі Қоқан бегіне сәлем бере барған Елекей сұлтан жанына Меңейді ерте кетеді. Сәлемдесіп болған соң бек Елекейден «Жаныңдағы кескек байлағаның кім?» деп сұрапты. Сонда Меңей «Бұл Айшуақ, Есім, Ералы мен Нұралы хандарды қорқытқан кескек еді. Керек болар деп тағы әкелгенім ғой» деп қылышын ұстағанда бек қорыққанынан есінен танып қала жаздапты.
Қазақ тарихы жөнінде «Қырғыз-қазақ немесе қырғызқайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты іргелі еңбек жазған А.И.Левшиннің жазбаларында да Меңей батыр аты аталады. 1894 жылы Ресейде шыққан және одан кейінгі карталарда да Меңей атты жер атауы кездеседі.
Қазіргі Қармақшы ауданындағы Тәйімбет Көмекбаев ауылы орналасқан жер бұрын «Аша» деп аталған. Осы тұста Меңейдің қыстауы болған екен. Ол тек қол бастаған батыр ғана емес, сонымен қатар елдің егін егіп, диқаншылыққа бейімделуіне ұйытқы болған жан. Қуаңдарияның бойында Меңей атты көл де бар. Дүниеден өткенде оны ұрпақтары мен туыстары сол жердегі биіктеу төбеге жерлейді.
Кейін осы маң Меңей аталып кетті. Бұл жерде батырдың мавзолейі де тұр. 2013 жылы батырдың Өзбекстан мен Түркияда тұратын ұрпақтары мен елдегі ағайындар баба кесенесіне граниттен тас белгі қойды. Елім деп атқа қонған аруақты батыр туралы біздің білеріміз осындай.

Ш.СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қызылорда қаласы
05 қыркүйек 2018 ж. 1 105 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930