Қырғи би

Қазақ халқы дүбірге толы тарихтың аумалы-төкпелі кезеңінде өзінің халық алдындағы азаматтық борышын орындауда елдің, жердің тұтастығын сақтауда қол бастаған батырларға, шешен сөзді билерге кенде болмаған. Ата-бабамыз түйенің қомында, аттың жалында жүріп, түрлі тарихи кезеңдерде халқының бірлігін сақтап, ұлт болып қалыптасудағы ерліктерін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан ұланғайыр жерімізді бөлшектеуге, халқын бодандыққа айналдыруда көз тіккен, әсіресе кіші жүз қазақтарын бір жағынан Еділ бойындағы құба қалмақтар мен башқұрттар, екінші жағынан жоңғар қалмақтары, ара-тұра түркімендер щабуылдап отырған. Ал XIX ғасырда Сыр бойын жаулап алуды мақсат еткен, жаулап та алған Қоқан, хиуа хандарының билеушілерінің қазақ халқына көрсеткен қорлықтары бәрінен де асып түсті. Орыс империясы Еділ мен Жайықтан өтіп, қазақ даласын сырт жаулары Қоқан-Хиуа шапқыншылықтарын азат етеміз деп өздерінің жымысқы әрекеттерімен қазақ жеріне бойлап еніп, өздерінің экспанциялау саясатын жүзеге асырумен болды. Қазақтарды Ресейдің боданы болуға мәжбүр еткен.
Осы бір заманның қиын-қыстау кезінде Сырдария өзенінің орта ағысындағы елді мекендер мен Қараөзек бойын қыстап, жазда Қарақұм даласын жайлап көшіп-қонып күн көріп отырған, ауыз бірлігі жарасқан табын тайпалары болатын.
Бұл уақыт Ресей империясы түгелдей қазақ жерін экспанциялап, бұрынғы хандық басқаруды өз указадарымен жойып, «қазақ-қайсақ даласын бөлшектеп басқару» жүйесінің жүзеге асқан кезі еді. Осы өңірді мекендеуге Нұралы ханға хабардар етіп, кейіннен Орынбор генерал-губернаторының ұлықсатымен елін қоныстандыруға табынның батыр биі Байқадам барған болатын.
«Өз тіршіліктерімен өмір сүріп жатқан елге алыстан көз тіккен, жымысқы ойларын жүзеге асыру мақсатында Қоқан ханы Аллақұл, оның сұлтаны Қарауылбек, Өгіз батырлары тыныш жатқан табын еліне дендеп еніп алғашқы жылдары өрік-мейіз, жібек, қант, шайларын әкеліп сауда-саттық жасай бастайды. Сыр бойының тынып тұрған байлығын иелену үшін, өңірді күшпен басып алуға тұрақты әскерлерін әкеле бастайды. Қоқандар Күмісқорған, Шымқорған, Қорғанша т.б. қамалдарды сала бастаған. Елге кіріп алған қоқандар жергілікті халықты билеп-төстеп өз әмірлерін күштеп жүр­гізуді өз қолдарына алады. Зекет, түрлі алым салықтардың түрлері көбейіп, жергілікті халық­тарды орта ғасырлық тағылық тәсілдермен зорлау-зомбылау, жазалауды жүргізе бастайды. Қоқандардың құныққандары сонша, жергілікті тұрғындардың түр-тұлғасына мүгедектер мен ау­ру-сырқауларға да салық салуды үдете түседі. Көне құлақтардан бүгінгі күнге жеткен сол кездері ел аузында мынандай сөз болған дейді.
Ойма тазға отыз теңге,
Қырма тазға қырық теңге.
Таппассаң да бересің бес теңге,
Таппасаң сал «артыңды» керсенге.
Яғни, құлдыққа сатыласың, Қоқанға айдаласың деген мағынаны білдірген. Қоқандардың басынғаны сондай, Байқадам батырдың бәйгеге қосып жүрген шұбар атын Қарауылбек сұлтан ұрлап, жүз жылқымен Қызылқұмның үстімен Аллақұлға тарту етуге айдап жібереді. Мұны біліп қалған табынның жігіттері арттарынан қуып барымташыларды байлап Сыр бойына жеткізеді. Ұлтаралық бұл дау-дамай істі шешу сол кездегі табынның билері Барлыбай аталығынан жасы үлкен Қасым, тартулы Мысық би, Есенбайдың Жақап аталығынан Қырғи би құзырына тапсырылған. Би – халқының құрметіне, сеніміне ие болған көреген талай айтыс-тартыстарда істі әділ шешетін жиындарда оның рулық ойлау деңгейінен оқ бойы озық тұлға. Би айтыс, даудың соңғы шешімін, сөзін қоры­тындылайтын шешен. Жасынан зерек, табиғат берген тегін жалғастырған талантымен қатар оның өскен ортасының әсерін бойына сіңірген тұлға. Би шешендік даналық тапқыр мазмұндық билігі ұшқыр ойларды санасына сіңіріп көсем де шешен сөйлейтін алғыр адамдар болған. Байқадам батыр кітабының авторы Баймаханұлы Мәдібай, отызыншы жылдары Казгу-дың жанындағы педагогикалық институтты бітірген, жоғары білімді соғыс еңбек ардагері ел ағасы болған кісі. Елдің, жердің туған өлкесінің тарихынан жетік білетін шежірешіл аға еді. Өз естелігіне Мәкең, XIX- ғасырдың екінші жартысында Сыр бойында өмір сүрген табын тайпасының өз естелігінде батыр билері мен ел ағалары жайлы деректерді көптеп келтірген. Осы негізге сүйене отырып, осы жолдың авторы да ше­жірешіл ағаның ой тұжырымдарын мақалама ар­қау еттім. Мәкеңнің естелігінде Қасым би замандас­­­­тарынан жасы үлкен, халқына сыйлы, сөзге ше­­­­шен тауып сөйлейтін, қоғамшыл, қауымлшыл қонақ­жай, ауқатты. Кең пішілген адамды өзіне тарта білетін, өзін басқалардан артық санамайтын кісі болған. Осы мінезімен, қасиетімен ортасына сыйлы, құрметке ие болған. Қасым би Қарауылбек сұлтанның Хамит дейтін шабарман өзінің айтқанынына көндіріп, Байқадам батырдың бәйгеге қосып жүрген шұбар арғымағын ұрлап, жүз жылқымен Махмуд деген саудагерге Қоқанға айдатып жібергенін біліп, Байқадам батырға хабарлаған. Бұл сол кездер үшін тапқырлық пен нағыз ерлік еді. Ұсталған қоқандықтарды Байқадам батырдың ауылына жеткізеді. Оларды жазалап, билік айтуға Қырғи және Мысық билер батыр ауылына жедел шақырылады. Сөзді Қасым би бастап:
– Өз бетімізше тыныш жатқан ел едік. Қоқандар көбейген сайын елдің тынышын бұл немелер бұзды. Не де болса ақырына дейін көрейік. Бұл сарттар не істер деп көптен ойлап едім. Бұлар әскер төгіп, қорған, бекініс салуда. Олардың мақсатын сұрап біліп едім. «Арал теңізі арқылы орыс патшасының әскері келетін көрінеді. Сол үшін қоқан хандығы өз әскерлерін көбейтіп жатыр. Тұрғылықты халыққа оның зияны жоқ, сіздерге ешкім тимейді» дейді. Екі жүз сартты қуатын күшіміз бар. Сол күшті жинап теріп батырдың қол астына беруіміз керек. Қарулы жігіттерден қол дайындайық. – Батыр оларды шабысуға, соғысуға үйретсін. Бұл батырдың жұмысы Бұқарбай батыр айдап әкелген Қоқандарды не істейміз? Оларды босатамыз ба? Әлде қорғанына жібереміз бе? Мал мүліктерін қайтеміз? Алдымен осыны ақылдасып, бір шешімге келейік бұған қалай қарайсыздар?
Сөзге Байқадам батыр араласып: – Егер қарсы болмасандар, осының төрелігін Қырғи би айтсын, – деп күле сөйлеп сөз қатқан. Әрі қарай сөзін жалғастырып
– Билікті осы Қырғиға қай уақытта болса да бергеніміз жөн емес пе? Оған Мысық би ініміз ренжімес, негізі бір биге келіскеніміз жөн болар, алда әлі талай шатақтар болғалы тұр. Мысық би соларға дайын тұрсын. Мысық би де күле жауап қатты: – Мен Қоқанның қолы мен тілін байлауға көмектесемін, ал билікті ағамыздың өздері бергені дұрыс болар. Ағамызға ешкім таласа алмайды.
Билік кеңеске келе жатқан Мысық би терең ойға кетеді:
– Қазақ деген халықтың табиғатпен байланысы өте күшті болған-ау. Ата-бабамыз мен жарық дүниеге келгенде, атымды жолы есен-сау болсын деп Есенжол қойыпты. Өсе келе менің барлық ой-санама сол Мысықтың қасиеті мысқылдап ене бастады. Мысықтың келген ізімен кеткен ізін де көзбен көрмейсің, еш уақытта байқай алмайсың. Сусыз шайынады, таза жүреді. Мен де сондаймын. Мысық өзінің жемтігін іздегенде оған көзін оқтап қадап, денесін ширатып алады. Мен де көптің алдында сөйлегенде кісіні жіті бақылап, оның әрбір сөзін миыма сіңіріп тыңдаймын. Ойды керек жерінде қолдана білемін. Осы қасиетім Мысық атандырды. Ал, енді Қырғи ағаны алсақ, оның мінезі, ақылы ұста, жетпіске келсе де, еш аумайды. Екі көзі шоқтай жайнап, қараған бетінен таймай, сөйлеп отырғанда кірпігін де қақпай отырады. Сөзін бөлсең, екі көзінен екі инесі атылып келіп жүрегіңе қадалғанда, сол арқылы-ақ жаның жаханнан кете жаздайды. Неткен күш, оның да атын ата-анасы қалай тауып Қырғи қойған. Ал, билігіне келсең шешімі тура әрі әділ, барлығын қамтып келіп, бір-ақ ауыз сөзбен жаныңды жайластырады.
Елдегі бірлікті ұстап жүрген осы ағалар, сондықтан да ол кісі әрі ақылды. Қазіргі кезде өте қажет адам. Бір жағымыздан қаптап жатқан қоқандар: төбе-төбенің басын жайлап алып, әскерін төгіп жатыр. Олар не бітірмек, не мақсаты бар? Біздің елімізге келіп мал баға ма, әлде біздің малымызды тонай ма, ол жағын бір құдайдың өзі біледі. Осындай аласапыран кезде елге менен гөрі Байқадам мен Қырғи керек. Бірі батыр, екіншісі тез шешім табатын тұла бойы толып тұрған ақылды кісі.
Бүгінгі отырыста Байқадам батыр сөйлегенше Қырғи сөз бастаған жоқ. Әдеп сақтай білгені, әрі батырды, оның рух аруағын сыйлағаны! Осы өлкеде отырған халықтың бәйгеге ат қосқандағы ұраны «Сәрке», палуан күресте де ұраны «Сәрке», төтенше бір жағдай болып жауға шапса да бұл ел «Сәркелеп» шабады. Сол Сәрке батырдың тікелей ұрпағы осы Байқадам батыр, елдің де жердің де қорғаны. Қырғимен ағайындас, екеуі де бүкіл елді бір кісінің баласындай көреді. Елде екеуінің тілеуін тілейді, ең аржағы біреуінің малы ұрланса өздері барып тауып береді. Ол екеуіне ел де әбден арқа сүйеп алған ертеңгі биліктің шешіміне мені Қырғидың қасына қосып беріп отырғаны сол кісілерден үйренсін әрі олар мені баули берсін дегені ғой.
Топқа түсуге тоқсан түрлі әдіс керек , ал оны ұстау үшін осы ағалардан үйрене беруге тиіспін, менде де зеректік бар. Мысық би иірімдері терең шалқыған ойларынан әрең шықты. Осы кезде ұсталған қоқандар да жеткізілген еді. Сөзді Бұқарбай батырға қарап Қырғи би:
– Ұсталғандарды біртіндеп кіргіз. Алдымен басшысын әкел. Үйге босатып кіргіз. Батыр далаға шығып, жігіттеріне дауыстап:
– Махмудты босатып үйге кіргізіңдер.
Үйге кірген Махмуд екі қолын жүрегінің тұсына ұстап еңкейіп, билерге сәлем берді.
– Атың кім?
– Махмуд.
– Қайда тұрасың?
– Хиуада тұрамын.
– Батырдың атын неге ұрладың?
– Мен ұрлағаным жоқ. Қарауылбек сұлтан елге апарып таста, менің жылқыларым деді. Ұрлық мал екенін білмедім.
– Өз малың қанша?
– Жүз қаралы, айырбас саудамен алғанмын.
– Еліңде ұрлық үшін не жаза береді?
– Біздің елде ұрлық жоқ. Жазасын білмеймін.
– Мен ұрыларды ұстап алып отырмын, не жаза берейін.
– Ол сіздің билігіңізде. Кешіре көріңіз, алты балам бар еді, бәрі жас. Мұсылманмын ғой.
– Басқа серіктеріңнің ішінен малды кім ұрлағанын білетін бар ма?
Жоқ, олар менің туыстарым, біле қойса маған айтады.
– Сұлтанның туысынан осы он адамның ішінде бар ма?
– Жоқ. Маған аттарды Қоқандағы үйіне жеткізіп беруді тапсырған.
– Онда сені жазаға тартамын.
– Билік сізде. Кешіруіңізді өтінемін.
– Жазаңды жеңілдетсем, бізге не көмек бересің?
– Құлыңыз болып өтейін, не тапсырсаңыз да бәрін орындаймын.
– Қарауылбек сұлтанның не ойлап жүргенін маған жеткізіп тұрасың ба? Күмісқорғаннан не хабар келіп тұрғанын. Оның барлық әрекетін түгелдей бізге жеткізіп тұра аласыз ба?
– Барлық жағдайды сіздерге жеткізіп тұруға ант беремін, тек бала-шағам үшін жанымды қалдырсаңыз болғаны. Батырдың атының кетіп бара жатқанын, күмәндық жасап, ұзап шыққаннан кейін Қасым биге хабар берген мен едім және қуғыншы жетсін деп жәй жүріп едік, олай етуім сіздің елге істеген адалдығым еді. Енді ант бергесін, барлық қызметімді өлгенше істеймін.
Қырғи Қасым биге қарады.
– Иә, Махмудтың айтып тұрғаны рас, билігінде мұны ескеріңіз – деді, Қасым би.
Қырғи енді Мысық биге қарады:
– Сұрағың болса сұрай бер – деді
– Барлығы да түсінікті болды ғой, билігіңізді айта беріңіз.
Қырғи билігіне көшті:
– Махмуд! Басқаларыңызды шақырып сұ­ра­маймын. Сенің айтқаның жеткілікті. Осы арадағы халықтың атынан, істеген қылмысың үшін, қарауыңдағы он адам әрқайсысың екі жылқыдан айып төлейсің, басқа дүние мүлік өзіңе қайтарылады. Екіншісі, ағайындарыңның мал-мүлкін еліне қайтаруға рұқсат етемін. Өзің Қарауылбек сұлтанның қорғанында қалып бізге қызмет жасайсың. Қарауылбек сұлтанға ұсталғандарыңды айтасың. Екінші рет ұрлық істеме деп босатты дерсің. Енді қолға түссең бас­тан айырыласың, қандай өтінішің бар?
– Далаға шығып келуге ұлықсат етіңіз.
– Жіберіңдер, барып келсін.
Махмуд далаға шығып, бір баламен алты зерлі сарт шапанын алып ішке кірді. Қырғиға қарап:
– Әділ шешіміңіз үшін зерделі мына шапандарды сіздерге ұсынуға рұқсат етіңіз. Билігіңізге рахмет. Алладан қайтсын. Жиырма атты осында қалдырып кетейік. Хош болыңдар, біздер қорғанға кеттік. Шығуға рұқсат етіңіздер. Әкежан, қош-қош, деумен Махмуд үйден шықты. Қырғи Қасым биге қарады:
– Аға, елдің елдігіне жасаған еңбегіңіз бар, бір атты, сарттың зерлі шапанымен сіз мініңіз. «Ат аунаған жерде түк қалады» деген, бір атты Масбай шырағым, тойға билер болып байлағанымыз болсын, соған беремін, ал қалған жылқыны қос. Байқадам батыр керек еткенде алып, халықтың қажетіне жаратсын. Маған, Мысыққа, Байқадамға, Оразбайға шапан да болады, – деп Қасым бидей елдің бірлігі мен тірлігін айтып бата берген екен.
Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы елді мекендер Қоқандардың қызығушылығын арттырған. Бұл өңірден атақты Қоқандардың Жібек жолы өтетін. Қараөзек арқылы Арқаға, Оңтүстікке дария бойын жағалап орналасқан елді мекендермен Түркістанға, Солтүстікке Аралға шығатын маңызы бар аймақ болатын. Сондықтан да қоқандар бұл аймаққа жанығып қорғандар салып, әскерлерін әкеле бастаған. Қоқан ханы – Аллақұл. Осы өңірдегі бегі Қаруылбек сұлтанға, бұл аймақты Қоқан хандығына бағындыруды талап етіп, өзінің бастауымен бес жүз әскермен шабатынын мәлімдеген . Бұдан бір ғасыр бұрын атасы Сәрке батырдың қалмақтарды Бұланды өзені бойында қырған қазақ даласынан қуған, әулие батырдың немересі Байқадам батырдың басшылығымен Байқадам батыр мен жақап Қырғи би қатар өмір сүрген екен. Қырғи бидің жасы 5-6 ай ғана үлкен көрінеді. Батыр мен би дау-дамайды екі түрлі жолмен шешіп отырған. Бір күрделілеу істерді кеңесіп шешетін болғандықтан батыр мен би бір-бірінен шалғай кете бермеген сияқты. Оның үстінде ол заманда үлкенді сыйлау деген тағы бар. Байқадам көршілес отырған елден ауқатты бір адамның бір үйір қысырағын айдатып алады. Сірә, жайылым, қоныс жағдайындағы келіспеушіліктерден болса керек. Әлгі азамат дереу Қырғиға келеді. Би құдасын ертіп, Байқадам батырға келіп түседі. Жайғасып отырған соң Қырғи дәрет алуға, далаға шығады, үйде қалған батыр әлгі адамға реніш айтады.
– Қырғиды сен ертіп келдің-ау, әттеген ай, өзің келгенде мына көлге жалдар едім, – дейді. Бұл әңгімені көлеңкеде дәрет алып отырған Қырғи би естиді. Әлдене уақыттан кейін Қырғи үйге келіп оты­рып, Байқадамға:
– Ей Байқадам, сен қалай қалай, сөйлейсің: ме­нің құдама, менің құдам сенің құдаң Бақтыбайдан (Бозшаның әкесі Ажым) Бөдік Сейдуалыңнан кем бе, алды-артыңа неге қарамайсың, егер менің бетім теріс бұрылса, басқалар көзіңді қарғаша шұқыр депті. Сөзге тоқтаған Байқадам батыр жылқысын әлгі адамға айдатып жіберген екен.
Тағы бір жолы Қырғи Байқадам батырды ақылмен өз айтқанына жүргізгені бар. Байқадам әйелдерінің біреуіне ұзақ уақыт соқпайды, жағдайын білмей, суықтап жүргенін сезген Қырғи би әдейі арнап келіп, әлгі келінінің үйіне түседі. Мұны естіген батыр жедел түрде үйіне келіп, қонаққа шай-су, қонақасы даярлап, түні бойы әңгімелесе отырып, ақырында сонда қонады. Кейін Байқадам батыр: «Құдай – құдай емес, Қырғи Құдай екен» депті.
Он жылға созылған ұлтазаттық соғыстан елге оралған Бұқарбай батыр өз еліне егін ектірмек болып Қырғидан «Бегі» көлінен саға алып, арық қаздыруға рұқсат алу үшін бидің ауылына барады. Сонда Қырғи би: «Жиеннің (Бұқарбай батырдың шешесі Зағипа жақап табын Бәйтен батырдың қызы) назы жаман болады деуші еді, өзі де тегін кісі емес, батырсың ғой, мәселеңді қайтармайын, бердім саған деп батасын берген екен».
Халқымыздың ғасырлар бойы созылған шұбаланды соқпақтары кездерінде ұлтымыздың азаттығы мен бостандығы үшін күрескен ұлтжанды біртуар перзенттеріміздің өмір деректерін бүгінгі ұрпақтар білуі керек. Жиырмасыншы ғасырда тәуелсіздікке қол жеткен уақытта егеменді еліміздің төл тарихы қайта жазылу кезінде, сол тарихты жасаушы, еліне қорған, халқына пана болған батырлар мен билеріміздің өмір тарихын бүгінгі заманның талабына сай жаңғырту – біздердің міндетіміз. Ел басының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттер біздерге осындай міндеттер жүктейді.
Қырғи би 1774 жылы осы өңірде дүниеге келіп, өмір сүрген. Сексенге жақындап, Қараөзек бойында дүниеден өткен Қырғи бидің деректері жоғарыда баяндалғандай өз заманының зерек ойлы, уақыт ағымын болжай білетін әділдік пен шындықты бойына ту еткен, от ауыз, орақ тілді, билікте қара қылды қақ жарған заманның төбе биі болғанын көрсетеді. Сол кездің үрдісіне сай ол кісінің мазарына күмбез салынды. 2014 жылы облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесі Қырғи би зираты кесенесін есепке алып, биыл Қырғи бидің ұрпақтары бабаларының күмбез мазарын жаңғыртып қамқорлыққа алмақшы.

Рысбай КӘРІМОВ,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.
18 сәуір 2018 ж. 1 168 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930