АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАНДА ҒАНА АЛАСТАЙМЫЗ
Әлемді дүр сілкіндіріп жатқан індеттің күн өткен сайын халық арасындағы дақпырты мен үрейі күшейіп бара жатыр. Алғашқы ошағы 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында анықталған бұл індет бүгінде Азия мен Еуропаның көптеген елдеріне тарап кетті. Аты жаман індеттің алдын алу шаралары біздің ауданымызда қалай жүріп жатыр? Бұл жөнінде біз аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері Арыстан Іздібаевпен шұғыл сұхбат жасадық.
– Арыстан Жайшылықұлы, алдымен коронавирусты инфекциясының клиникалық белгілерін айтып өтсеңіз?
– COVID-2019 жұқпасының белгілері басқа да респираторлық аурулардың белгілеріне ұқсас. Бастың ауыруы, кеуде тұсының ауырсынуы, мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, безгек, жөтел және дене қызуының көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі білінеді. Бұл кейбір адамдарда ауыр түрде өтіп, пневмониямен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Егер уақытылы анықтап, ем-шара қолданбаса, аяғы өлімге апарады.
– Бұл вирусты жұқтыру қаупі бар адамдар тобын атасаңыз?
– Бұл жұқпалы ауруды егде жастағы адамдар, балалар және ағзасында басқа да патологиялары (мысалы, қант диабеті, жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары) бар аурулардың жұқтыру ықтималдығы жоғары. Яғни иммунитеті төмен адамдар аталған аурудан барынша сақтанғаны абзал.
– Вирус адамдар арасына қандай жолмен жұғып, таралады?
– Аталған аурудың көпшілік ортада, қоғамдық қарым-қатынаста тарау мүмкіндігі жоғары.
– Қорғану, сақтану жолдары жайында айтып өтсеңіз?
– Ең алдымен, аурудың таралуы туралы ресми ақпараттарды жіті бақылап отыруымыз керек. Сосын ең алғашқы қарапайым тәсілі: әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы тиіс. Мәселен, қолды тәулік бойы ең кемінде 25 секунд кір сабынмен жиі әрі мұқият жуу; құрамында спирті бар сұйықтықпен ысқылап сүрту; қоғамдық орындарда түшкіргенде немесе жөтелгенде ауызды алақанмен қалқаламай, шынтақтың бүгілген жерімен бүркеу; көпшілік жерлерде түшкіріп немесе жөтеліп жүрген адамдардан 2-3 метр арақашықтықты сақтап жүру; қолыңызбен ауызды, мұрынды, көзді уақаламау және қоғамдық орындарда, көпшілік ортада бетперде (бетпердені екі сағат сайын ауыстырып тұру керек) киіп жүру секілді күнделікті, тіпті әр сәт сайын жасалатын қарапайым сақтық шараларына мән берудің өзі аурудың алдын алуға көмегін тигізеді. Сонымен бірге жұмыртқа мен етті әбден қуырып, қайнатып жеу, жабайы жануарларға жақындамауды да қаперде ұстаған жөн. Үйдің бөлмелерін тәулігіне екі мәрте желдетіп және құрамында хлор, сода, спирт, сірке қышқылы, лимон қышқылы бар заттармен дезинфекциялап тұру керек.
Егер дене қызуыңыз жоғары, жөтел және тыныс алудың нашарлауы секілді белгілер болса тез арада дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.
– Аурудың алдын алуда ауданымызда қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Өздеріңіз білесіздер, қазірде еліміздің шекарасы уақытша жабылды. Сонымен бірге мектептер мен арнаулы орта, жоғары оқу орындарында уақытша сабақ тоқтап, көпшіліктің қатысуымен өтетін жиындар мен шаралар да кейінге шегерілді. Мұның барлығы сақтық шараларының алғы шарттары. Ауданымызда да жұқпалы аурудың алдын алу шаралары басталып кетті. Бұл індетпен тек медицина саласының қызметкерлері күреседі деу қателік.
Өйткені бұл – біздің елге ғана емес, әлемге төнген қауіп. Сондықтан мұндай жағдайда ұйысып, індетке қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Қоғам медицина қызметкерлерінің нұсқаулығы мен ескертпелеріне құлақ түріп, мән беріп отырса, соның өзі аурудың алдын алуға көп көмегі тиер еді. Десе де бұл орайда жауапкершілік жүгі денсаулық сақтау саласына артылады.
Қазақстан Республикасының Президенті 2020 жылы 15 наурызда елімізге төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Президент Жарлығын іске асыруға байланысты аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов «Жалағаш аудан аумағында этиологиясы белгісіз пневмониямен (коронавирусты инфекциямен) ауырған немесе оған күдікті науқасты анықтау, аурудың таралуын болдырмауға бағытталған індетке қарсы алдын алудың» кешенді іс-шаралар жоспарын бекітті. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановтың қатысуымен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, аурухана, білім, полиция және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімдерімен бірлескен комиссия отырысы өткізілді. Сонымен бірге ауданда медицина қызметкерлері арасында індеттің профилактикасы мен оның таралуының алдын алу бойынша клиникасы, диагностикасы және емі туралы семинар сабақтар ұйымдастырылып, барлық қызметкерлер оқытылды. Емдеу-сауықтыру медицина қызметкерлері, оның ішінде жедел жәрдем қызметкерлері арасында (медициналық және медициналық емес) І-ІІ типті қорғаныш костюмдерін және жеке қорғаныш құралдарын пайдалану арқылы коронавирусты инфекциясы кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу бойынша оқу-жаттығу өткізіліп келеді.
Аудандық емхананың бөлек кіріп-шығатын есігі бар. «Сүзгі» кабинеті жабдықталып, жұмысы жүйеге келтірілген. Жұқпалы ауруға күдікті науқастар алдымен «Сүзгі» кабинетіне жіберіледі. Ондағы медицина қызметкерлері де арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 15 төсек-орын дайын және коронавирус инфекциясына байланысты қосымша 10 төсек орны жабдықталды. Қосымша резервте жабдықталған палаталардың 4-уі бокс, яғни бөлек кіріп-шығу есіктері бар. Аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінде күдікті немесе науқаспен қатынаста болған пациентті қабылдауға арналған оқшаулау бөлмесі жасақталды. Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігерінің бұйрығымен шет елдерден келген адамдарды бақылауды ұйымдастыру бойынша жұмысшы мобильді топ құрылды. Топтың құрамындағы 1 дәрігер, 1 медбике, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бұл топ жұқпалы аурумен қатынаста болған пациенттерді уақытылы оқшаулау және күдік туған жағдайда немесе клиникалық белгілері анықталған жағдайда шұғыл әрекет жасап, алгоритм бойынша емдік шараларын ұйымдастырды. Коронавирусты инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы күрделену барысында Қытай Халық Республикасынан ауданымыздың 6 азаматы келген. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Ресей, Үндістан, Дубай және Өзбекстан секілді сырт елдерден барлығы 15 азамат елге келді. 2020 жылдың ақпан айының 21-ші жұлдызынан бастап шет елдерден келген азаматтарды бөлек есепке ала отырып, оларды мониторингтеу жұмыстары жасалып келеді. Шет елдерден келген бұл азаматтарға карантин жарияланып, үйлерінен шықпауға медицина талаптарына сәйкес ескерту жасалды. Аталған азаматтарды аудандық полиция бөлімі қызметкерлері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары және аймақтағы медицина қызметкерлері бақылауда ұстап отыр. Қазірде азаматтардың денсаулық жағдайлары бір қалыпты, шағымдары жоқ. Одан бөлек, коронавирустық инфекцияның профилактикасы мәселелері бойынша жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Адамдар көп шоғырланатын жерлерде көрнекі ақпараттық құралдар ілініп, әлеуметтік желі парақшаларында сақтық шаралары туралы мәліметтер үнемі салынып отыр.
– Қоғамдық қатынастар жағдайындағы қауіпсіздік туралы не айтасыз?
– Ауданымызда карантин енгізілді. Эпидемияға қарсы ауқымды санитариялық іс-шаралар бар. Мәселен, спорттық іс-шаралар, сондай-ақ көпшілік отбасылық салтанаттар мен салт-дәстүрлік шараларға тиым салынып, халық көп жиналатын жиындарға шектеу қойылды, медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау күшейтілді, медицина, ішкі істер саласының және мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік демалысқа шығуына тиым салынды, ірі сауда орындарында санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау күшейтіліп, жұмыс уақыты шектелді, азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіру қадағаланып отыр, онлайн сатып алу және тауарды тұтынушыға жеткізу қызметі кеңейтілді, кафе мен мейрамханаларға келушілер санын шектеп, адамдар көп болатын нысандарға санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп келеді, еркін бару құқығымен медициналық және санитарлық бақылауды күшейте отырып, балабақшалардың қалыпты режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолға қойылды, кинотетарлар, көрмелер, жаттығу залдары және тағы да басқа адам көп шоғырланатын нысандардың жұмыс істеуіне тиым салынды, мектептен тыс қосымша білім беру нысандарының (шығармашылық сарайларды, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар) жұмысы уақытша тоқтатылды, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету қолға алынды, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, режимдік және ерекше режимдік, ерекше қорғалатын, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың тұрақты жұмыс істеуі қадағаланып, күзет күшейтілді, автобекеттерде және жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық автокөліктерде күніне 2 мәрте дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Тек үрей туғыза бермей, жоғарыда айтқанымыздай, әр адам жеке басының гигиенасын қатаң сақтаса, бұл жұқпалы дерт бізді айналып өтеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Қ.АХЕТОВ