Жұмыссыз жүргендер азайды ма?
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі –жұмыссыздар санын азайту. Халықты тұрақты жұмыспен қамтып, тұрмыс сапасын арттыру, күнкөріс деңгейін жақсарту күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Бұл ретте ауқымды шаралар жүзеге асуда. Биылғы жылы өңірімізде ашылған жұмыс орындары аз емес. Тарқатып көрелік.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыс баршылық. Атап айтар болсақ, еңбек нарығында қажетті кәсіптер бойынша жаппай оқытуға 79 үміткерге жолдама берілген. Оның 64-і оқу орындарына қабылданған. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша осы жылға қаралған қаржы есебінен 94 адамға 351,1 млн теңге, барлығы 106 адамға 417,1 млн теңге шағын несие беріліп, жоспарлық көрсеткіш 70,7 пайызға орындалып отыр. “Бастау-Бизнес” жобасы аясында 144 адам оқуды аяқтап, 85 адам қаржылай қолдау тапса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 120 адамға әрқайсысына 252,5 мың теңгеден мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Бұдан басқа халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бойынша 186,9 млн теңге қаржы қаралып, әлеуметтік жұмыс орындарына 53 адам, жастар тәжірибесіне 356 жас маман, қоғамдық жұмыстарға 494 адам жіберілген.
Сонымен бірге «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант (505 мың теңгеден) және жастарға микрокредиттер ұсынылатынын, жоба шеңберінде 110 адам оқуды аяқтап, сертификат алған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шеңберінде де осы жылы 122 маманға 446 924,9 млн теңге қаржы берілген.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасқандар мемлекеттік қызметтен бастап барлық салаға жіберілген.
Айта кету керек, 2019 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша жұмыссыздар саны 860 адамды құраған. Жоспар бойынша осы жылы 863 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделсе, есепті мерзімге 670 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 77,6 пайызға орындалып отыр.
Жалпы халықты нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздар санын азайту мақсатында ауданда біршама тиісті шаралар атқарылып, оң нәтижесін беруде. Әр адамның мемлекеттен көрсетілетін көмектің бәрін пайдалана отырып, тұрмыс сапасын жақсартуына мол мүмкіндігі бар.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ