» Алдағы жоспар нақтыланды, атқарылған жұмыс та аз емес

Алдағы жоспар нақтыланды, атқарылған жұмыс та аз емес

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі диалог алаңы аясында Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кезекті кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады. Үкімет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ елдерімен орнаған ынтымақтастыққа аса көңіл бөлетінін атап өтті.

– ЕО – Қазақстанның басты инвестор­ла­рының бірі және ірі сауда серіктесі. 2019 жылдың 9 айында ҚР экономикасына түскен тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 8,7 млрд долларға дейін 15,8%-ға артты, – деді А.Мамин.

Премьер-Министр биыл 1 наурызда ҚР-ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КСЫК) күшіне енуі Қазақстан-Еуропа қатынастарындағы сапалы жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Құжат сауда, инвестициялар, инновациялар және инфрақұрылымдық дамуды қоса алғанда, қызметтің 29 саласын қамтиды.

А.Мамин Еуропалық Одақтың елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығына жәр­демдесу бойынша ашық әрі белсенді диалогты одан әрі жалғастыруға шақырды. Өз кезегінде дипломатиялық миссиялардың басшылары Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарының оң қарқынын атап өтті.

– Қазақстан “Doing Business” рейтингінде тұ­рақты прогреске қол жеткізуде және инвес­тициялық ахуал мен іскерлік ортаны одан әрі жақсарту үшін зор әлеуетке ие. Мұнда Қазақ­стан­ның ЕО-мен инвестициялық ынты­мақ­тас­тығы жөніндегі диалог үлкен рөл атқарады, – деді ҚР-дағы ЕО өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон.

Тараптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Брюс­сель қаласына алдағы сапарына дайындықты, КСЫК іске асыру бойынша қазақстандық тарап әзір­леген жол картасын, сондай-ақ ҚР-да ин­вес­торларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу және салық саясаты мәселелерін талқылады.

Кездесуге Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланды, Польша, Испания, Эстония, Италия, Латвия, Литва, Грекия, Хорватия, Румыния, Словакия, Мажарстан, Финляндия, Швеция елшілері, Португалия, Болгария, Чехия, сондай-ақ ірі еуропалық компания өкілдері қатысты. Биыл сәуір айында өтетін Қазақстанның ЕО-мен инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі диалогтың келесі отырысында КСЫК жүзеге асыру бойынша нақты қадамдарды, ҚР-ның жасыл экономикаға көшу мәселелерін және осы жылдың маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ДСҰ XII Министрлер конференциясына дайындық мәселелерін талқылау жоспарланған.


---
08 ақпан 2020 ж. 333 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 3 051

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30