ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ – ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІГІ
Кеше ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестиция тарту жұмыстарын жетілдіру мәселелері қаралды. Жиында Үкімет басшысының бірінші орынбасары, қаржы министрі Ə.Смайылов, ҚР сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов, ҚР әділет министрі М.Бекетаев, өңірлердің әкімдері инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Мәселені қарау барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов, Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығының басқарма төрағасы А.Прейманис сөз сөйледі.
– ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика өсімінің тұрақты қарқынын қамтамасыз ету міндетін қойды, бұл негізгі капиталға ЖІӨ 30 пайыз деңгейіне дейін инвестициялар көлемін ұлғайтуды талап етеді. Тікелей шетелдік инвестициялар негізгі драйверге айналуы тиіс, – деді А.Мамин.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 15,8 пайызға өсіп, 22,4 млрд долларды құрады. Басқосуда инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвестициялар тарту жұмыстарын жетілдіру мақсатында ҚР Үкіметі жаңа тәсілдерді қабылдады. Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Инвестициялар тарту мәселесі бойынша барлық жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Кеңестің алғашқы отырысы мамыр айында өтеді.
Жиында инвестициялық жобаларды іске асыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді шешу үшін инвестициялық омбудсмен функциялары ҚР Премьер-Министріне жүктелді. Ал, «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз кезегінде инвестициялар тартудың аймақтық орталығына айналуы тиіс. АХҚО қызметін қамтамасыз ету үшін ерекше құқықтық режим белгіленген. Конституциялық заң да қабылданған, инвесторлардың қызметі ағылшын құқығымен реттеледі. Бүгінде инвесторларға қолайлы жағдайлар қарастырылған. Тәуелсіз реттеу, сот пен Халықаралық арбитраждық орталық жұмысы әлемдік стандарттарға сай келеді және шетелдік инвесторлардың құқықтық жайлылығын қамтамасыз етеді. Тіпті, тәуелсіз қорлардың әлемдік басқарушы компанияларын тартуға да жағдайлар жасалған.
Инвестициялар ағымын арттыру үшін АХҚО алаңында инвесторлармен жұмыс жүргізетін бірыңғай экожүйе құрылады. Бұл жүйеге барлық даму институттары кіретін болады және «бір терезе» қағидасы аясында жұмыс жасайды. Осы ретте Асқар Мамин инвестиция тарту жұмысы тек экономиканы ғана нығайтып қоймай өз кезегінде тұрмыстық сапаның артуына да үлес қосатынын жеткізді.
– Шетелдік инвестицияларды тарту экономиканың дамуына жол ашып, халықтың тұрмыс сапасына қатысты мәселені шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін нақты түсінуіміз керек. Әкімдіктер инвесторлармен жұмыстарды өзгертіп, инвестициялар тартудың жаңа алгоритіміне қосылуы қажет. Бұл жұмыс айқын үйлестіруді және жоғары оперативтілікті талап етеді. Сондықтан, барлығына қойылған міндеттерді шешу үшін жұмылу керек, – деді ҚР Премьер-Министрі.
«ЖЖ» ақпарат.