» Баға, қайда барасың?

Баға, қайда барасың?

Бүгінде нарықтағы азық-түлік бағасы асқақтап, қалтаға әжептәуір салмақ салып тұрғаны жасырын емес. Басқа өнімді былай қойғанда күнделікті тұтынатын тағам өнімдері, әсіресе картоп пен сәбіз бағасының көтерілгені қарапайым халықты әбігерге түсірді. Онсыз да «шықпа жаным шықпа» деп, шиеттей бала-шағаның тамағын айлықтан-айлыққа, жәрдемақыдан-жәрдемақыға әзер жеткізетін қарашаның қазіргі тұрмысы шынында ойланарлықтай. Әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген өзге өңірдегі қымбатшылық біздің аймақты да айналып өтпей тұр. Былтыр мұндай асқақтаған баға болған жоқ. Картоп бағасы әрі кетсе 100 теңгенің о жақ бұ жағында болды. Енді бұл жайды әріден саралап көрейік.
Министрлер не дейді?
Бүкіл қоғамның назарын аударған мәселе министрлердің, депутаттардың да талқысына түсті. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында бір келі картоптың бағасы 500 теңгеге дейін жетіп, ре­кор­дтық сипат алған. Бұл өткен аймен са­лыс­тырғанда, баға шамамен екі есе өс­кенін көрсетіп отыр.
Ақтөбе облысында да осы жағдай қа­лыптасқан. Мұндағы бір келі картоптың бағасы 300 теңгеден жоғары, сәбіз бағасы 400 теңгеге жуықтайды екен. Қостанай, Павлодарда да осындай көрініс.
Мәселе халықтық сипат алып ушығып бара жатқан соң ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров картоп ба­ға­сының қымбаттауына байланысты түсінік бергенін ресми сайттардан көзіміз шалып қалды.
Министрдің түсіндіруінше, нарықтағы дүрбелең маусымдық сипатқа ие. Мұның бәрі уақытша көрінеді.
– Біздің картоп әлі піскен жоқ. Сондықтан Өзбекстаннан жеткізілуде. Ал Өзбекстанда картоп маусымы саябырсығанда, біздің өнім ол жаққа экспортталады. Жылда осылай болады. Шамалы уақыттан кейін отандық картоп сауда нүктелеріне түседі де, жағдай өздігінен реттеледі, – дейді министр.
– Бүгінде өндірушілер картоптың ке­лісін қоймадан 200 теңгеге босатуда. Бұған делдалдар мен сауда орындары өз бағасын қосады. Өнімнің қымбат-тайтыны да сондықтан. Жағдайды рет­теу үшін көтерме-тарату орталықта­рын салу бағдарламасы жүргізілуде. Бұл дел­далдар мәселесін шешуге көмектеседі, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мұндай жағдай жыл сайын қайталанатынын жеткізді. Сондай-ақ ол “Өткеннен сабақ ала алмай келеміз” деп өз көзқарасын бүкпесіз жеткізді.
Жуырда өткен Үкімет отырысында Б.Сұлтанов тауар түріндегі картоптың бір бөлігі шетелге экспортталатынын, осы­­ның салдарынан дүкендерде картоп тап­­шылығы орын алғанын жеткізді. “Мау­сымдық кезеңдегі тапшылықтың орнын толтыру үшін өнімді сырттан импорттау керек. Мәселен, былтыр картоп экс­пор­тына тыйым салу арқылы ғана бағаны тұ­рақ­тандыра алдық” дейді ол.
Оның айтуынша, биыл сыртқа арзан бағамен экспортталатын картоптың сал­да­рынан жыл басынан бері отандық өнімнің қоры үш есе азайған. Ал тепе-теңдікті сақтау үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна картоп әкелінген. Өкінішке қарай, сырттан импортталған өнімнің бағасы отан­дық картоптың құнынан үш есе қымбат. Өткен жылмен салыстырғанда, 2021 жыл­дың төрт айында картоп импорты 67 есе өскен. Ал импорттық баға жыл басынан бері 47 пайызға қымбаттапты. Оның үстіне өңірлердегі тұрақтандыру қорларына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбаған.
Ал сәбізге қатысты да күрделі жағдай қалыптасқанын жеткізген министр отан­дық өнім қоры жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 5,3 есе төмендегенін, яғни 211 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін азайғанын айтады. Негізгі тапшылық сәуірден шілдеге дейінгі аралықта тір­ке­летінін, алайда бұл кезеңдегі же­тіс­пеушіліктің орнын Өзбекстанның қымбат импорттық тауарымен жабуға мәжбүр болатынын ашық айтты. Ал ала тақиялы ағайындар сәбіз бағасын жыл басынан бері 55 пайызға қымбаттатқан.
– Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 6,3 пайызға өсті. Баға Қазақстанда ғана емес, тұтас әлем бойынша көтеріліп отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл ша­руашылық ұйымының мәліметтері бо­йынша осы жылдың мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7 пайызға өскен. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш, – деді Б.Сұлтанов.
Аймақтағы ахуал
Ал біздің облыс орталығында әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жат­қан жұмыстар туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулиева, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, «Бай­­қоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­ра­циясы»ҰК» АҚ басқарма басшысының орынбасары Талғат Жақыпбаев брифинг өткізді.
Біз көтерген тақырыпқа тұздық болар тұстарына тоқталсақ, сала басшыларының мәлімдеуінше әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларының өсу индексі 8 маусым күні жыл басымен салыстырғанда 105,9 пайызды құрап, орташа республикалық 106,7 пайыз көрсеткіштен 0,8 пайызға төмен болып қалыптасқаны белгілі болды.
Көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері бағаларының өсуі байқалғанын айта келе, қымбатшылықтың мән-жайын тү­сін­діруге келген сала өкілдері картоп, сәбіз бағасының өсімі өткен жылғы қор­дың азаюынан және маусымаралық ке­зеңге байланысты жетіспеушілік деп ба­ғамдап отыр. Дегенмен, өңірге көкөніс пен жеміс-жидектер оңтүстік облыстардан жә­не көршілес Өзбекстаннан жеткізіліп отыр­ғанын қаперге салды.
Көтерме-бөлшек сауда өткізушілерінің картоп, сәбіздің ерте пісетін сорттарын қымбатқа сатып отырғаны өз шығындарын жауып отыру үшін екен. Себебі картоп, сәбіздің тез пісетін сорттары тез бұзылады екен. Сол себепті тұрақтандыру қорына немесе басқа да қоймаларға үлкен көлемде жаңа піскен өнім көлемдерін жеткізіп, сақтау мүмкін емес. Жалпы картоп және көкөніс бағаларының көктем және ерте жазда күрт көтерілуі жылда байқалатын құбылыс. Мұндай қымбатшылық бүкіл республикада орын алуда деген пікірмен ой түйіндеген жауапты сала басшылары осы олқылықты, жетіспеушілікті болдырмау мақсатында қандай жұмыс жасалып жатқанына тоқ­талды.
Брифингте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті баға бекітілгені, биылғы жылдың 26 сәуір күні облыс әкімдігінің №259 қаулысымен күнтізбелік 90 күн мерзімге С1 санатты тауық жұмыртқасының 10 данасы 430 теңгеге, күнбағыс майының 1 литрі 632 теңге мөлшерде шекті рұқсат етілген бағасы бекітілген. Сонымен қатар қырыққабаттың шекті рұқсат етілген мөлшері келісін 85 теңгеден белгілеу мәселесі қаралуда деген сала басшыларының қолға алған істі орта жолда қалдырмайтынына бек сенеміз. Қа­рапайым халық құзырлы орындардан алып­сатарлардың бағаны жосықсыз қым­бат­татуына жол бермей, бақылауда ұстауын қадағалауды сұрайды.
Бақша егіп, өнім жинап отырған ауыл­дарда да жағдай жақсы деп айтуға келмейді. Бәрі ортақ келісімге келіп алғандай, бір бағаны ұстап міз бақпай отыр. Бағаны реттейтін монополияның да бұл мәселе барлық облысқа ортақ болған соң қауқары жетпей отырған болуы керек. Жалағаштың орталық базарында картоп – 250, сәбіз 450 теңгеден сатылғанын көрдік. Баға күннен-күнге шарықтап барады. Халықтың күнделікті тұтынып отырған азық-түлігінің бағасы мың құбылуда.
О.Оспанова,
көпбалалы ана:
– Қазір бұрын болмаған қымбатшылық болып жатыр. Былтыр картоп әрі кетсе 100 теңгенің көлемінде сатылған. Ал қазір 350 теңгеден сатылуда. Ал сәбіздің келісін 430-дан алдым. Палау жемей отыра алмаймыз. Ал картоп екінші нанға саналады емес пе? Онсыз астың дәмі кірмейді. Үйде шиеттей бала-шаға, немерелер бар. Енді газ бағасы қымбаттайды дейді. Жарық та қымбаттады. Ең болмаса азық-түліктің бағасын ауыз­дықтаса, біздей көпбалалы отбасына көмек болар еді, – дейді ол.
Мәселенің түйіні
Шынында шағын отбасылыға да, үлкен отбасылыға да бұл шарықтаған баға оңайға соқпай отыр. Бұл қолайсыздықпен мамандар күресіп, өз уәждерін айтып, қолдан келер пәрменін жасап жатыр. Бүкіл тиісті сала басшыларының, мамандардың пікірін тыңдағандағы түйгеніміз, азық-түлік бағасына әсер ететін факторлар өте көп болып шықты. Сондықтан мәселені кешенді түрде қарастырған абзал. Мамандардың пікірі осыған саяды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруды тапсырды. Халық Мемлекет басшысының бұл тапсырмасының бұлжымай орын­да­ларына сенімді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
---
22 маусым 2021 ж. 211 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930