Аймақ басшысы Жаңақорғандағы жастар бригадасымен кездесті
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қуаңшылық жағдайына орай аудандардағы егіс алқаптарының жұмыс барын бағдарлау үшін Жаңақорған ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Жаңарық ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысымен танысудан басталды. Бас мердігер «Ныш-Ер» ЖШС директоры Ерболат Төрежанов жаңадан салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Мемлекеттік–жеке меншік әріптестік аясында басталған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қыркүйек айында аяқталмақ. Құрылыс барысын саралаған аймақ басшысы әлеуметтік нысанды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Мұнан кейін облыс әкімі Қыркеңсе ауылдық округіндегі жастар бригадасының жұмысымен танысты. Ауылдық округ бойынша барлығы 3098 малазықтық дақылдары орналастырылды, оның ішінде 750 гектар жаңа жоңышқа, 1816 гектар ескі жоңышқа, 502 гектар күздік бидай мен 30 гектар жаздық бидай егілген. Ал, ескі жоңышқаның бірінші орымынан 5 мың тонна шөп жиналды. Қазіргі таңда «Жасыл ел» жасақ сарбаздары бірігіп Қыркеңсе ауылдық округіне қарасты «Құдірет» шаруа қожалығындағы қалың қамыс шөбін тау беткейінде орналасқан «Ақүйік» ауылдық округінің тұрғындарын жем-шөппен қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта шөп ору жұмыстарының нәтижесінде қыстауға қатысатын мал басын толық жем-шөп қорымен толықтыру жоспарлануда.
Облыс әкімі шөп орымына белсене қатысқан ауыл жастарымен пікірлесіп, қысылтаяң шақта ел жастарының бірігіп, ортақ іске жанашырлық танытқан бригада құрамындағы жастарға ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, қуаңшылық кезеңін өткеріп жатқан Арал, Қазалы аудандарына көмек ретінде жем-шөп дайындау жұмыстарына 500 жуық еріктілер мен «Жасыл» ел сарбаздары шөп ору жұмыстарына кірісіп кетті. Келген жастар үшін жататын орын, «дала асханасы» арқылы тамақтандыру қамтамасыз етіліп, жастардың жағдайы жасалған.
Аймақ басшысының ауданға іссапары Бірлік ауылдық округінде жалғасты. Мұнда облыс әкімі ауылда салынып жатқан 90 орындық балабақша құрылысымен танысты. Нысан құрылысы 2022 жылы аяқталады. Сондай-ақ, ауылда елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етуді көздейтін жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда. Газ желісінің ұзындығы – 54,7 шақырым, жобаны іске асыру нәтижесінде Бірлік елді мекенінде 440 тұрғын үй, Қыраш елді мекенінде 124 үй және 20 әлеуметтік нысан көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алады.
Сапары аясында облыс әкімі Бірлік елді мекеніндегі ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Жүздесу барысында ауылдың бірқатар әлеуметтік мәселелері тілге тиек етілді.
Гүлшара Әбдіқалықова қуаңшылық кезеңінде көрші аудандарға көмек қолын созып, жем-шөп жинауға ниетті жастарды біріктіруде ауыл ақсақалдарының рөлі жоғары екенін атап өтіп, ауыл азаматтарымен пікірлесті.
Гүлшара Әбдіқалықова мұнан кейін Жайылма ауылдық округіндегі егіс алқабына арнайы барып, еңбеккерлермен кездесті. Ауылдық округке қарасты 13 шаруа қожалығы 550 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырды. Шаруалар биылғы жылы орын алып жатқан су тапшылығын ескер келе, тау беткеінде орналасқан Жайылма ауылдық округінде шахталық керіздерді қазып, жерасты су қорын пайдаланып, егін көлемін ұлғайтуда. Мұнан бөлек, «Жиделі» шаруа қожалығы 2 кәріз арқылы 30 гектар жерге бақша, көкөніс дақылдарын суландыру жұмыстарын іске асыруда.
Қазіргі кезде егіс алқабындағы қауын, қарбыз өнімдері пісіп, сатылымға шығарыла бастады. Өнімдер елдің өзге де облыстарымен қатар, көрші мемлекеттердің нарығына да жібіреледі.
Шаруалардың жұмысын саралаған Гүлшара Әбдіқалықова су ресурстарын тиімді пайдаланып, өсімдік шаруашылықты әртараптандыру және жергілікті тауарөндірушілерді қолдау жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, аяқ су тапшылығынын ескеріп, басты дақыл күріштің егіс көлемін азайтып, ауыл шаруашылықты әртараптандыру мақсатында майлы, азықтық және бау-бақша дақылдарына басымдық беру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін еске салды.