Дүлдүлдер топ жарған дүбірлі дода
Елорда төріндегі екі күнге жалғасқан халықаралық ақындар айтысы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бас қаланың 20 жылдығына арналған аламан айтысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған болатын. «Жыр арқауы – Астана» атты сөз додасында ақындар елорданың бүгінге дейін бағындырған белесін, жеткен жетістігін жырына арқау етті. Бір сөзбен айтқанда, тақырып өз деңгейінде ашылды.
Аламан айтысқа Қырғызстаннан Асылбек Маратов, Мундузбек Усупбек, Моңғолиядан Рашат Айдос, Қуантқан Аманжол сынды жүлделі жүйріктер келсе, елімізден Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан және өзге де танымал ақындар қатысып, жыр бәйгесінде ел намысын қорғады. Халықаралық жыр додасына айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы төрағасы, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Алаштанушы Дихан Қамзабекұлы және Түркиядан келген белгілі ғалым Әбдуақап Қара, Моңғолиядан келген ақын Шынай Рахметұлы қазылық етті.
20 жылдыққа орай ұйымдастырылған айтысқа барлығы 20 ақын қатысқан болатын. Бірінші күнгі сөз бәйгесінен 12 ақын оза шапқан еді. Келесі кезеңде Аспанбек Шұғатаев пен Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай мен Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов пен Асылбек Маратов, Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезімхан, Ринат Заитов пен Айдос Рашат, Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев айтысты. Бұл күнгі айтыста да салмақты сөздер мен тың тіркестер көрермен көңілін бір көтеріп тастады. Астананың алған асуын жырына арқау етуден ақындардың қай-қайсысы болмасын аянып қалмады. Аламан айтыстың жоғары деңгейде өткені соншалық, қазылар алқасына да кіл мықтының ішінен оза шапқан оғланды анықтау қиынға соқты. Бәрі де тыңғылықты дайындықпен келген. Қазылар сахна төрінен орын алған қос ақынның көбіне толық ұпай көтеріп отырды. Алты жұптың айтысы аяқталғаннан кейін қазылар алқасы ақылдаса отырып, керемет айтыстың үлгісін көрсеткен Ринат Заитов пен жерлесіміз, «Алтын домбыра» айтысының екі мәрте жеңімпазы Мұхтар Ниязовқа ақтық сынға жолдама берді.
Бұған дейін қос ақын да бір емес, екі мәрте айтысқан еді. Алайда, мықтының аты мықты ғой, екеуі де ентікпеген екен. Нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті. Көрермен де дән риза. Ақтық сынның жолдамасын қазылар беруін берді ғой. Бірақ, бас бәйгеге кім лайық екенін анықтау тағы қиынға соқты. Мұның өзі бұл жыр додасының өте жоғары деңгейде өткенін тағы бір дәлелдеді. Расында, мұндай сөз бәйгесінде дүлдүлді анықтау кімге болса да оңай соқпасы анық. Бас бәйгенің жүлде қоры – 7 млн теңге. Басқа да ақындардың жүлдесі бірінші белгілі болды. Асылбек Маратов, Айдос Рашат, Дидар Қамиев, Шұғайып Сезімхан, Аспанбек Шұғатаев сынды бес ақынға арнайы жүлде беріліп, 500 мың теңгеден сыйақы табысталды. Ал, үздік үштікті түйіндеген Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов 1 000 000 теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды. Келесі орыннан бой көрсеткен Рүстем Қайыртайұлы мен Мейірбек Сұлтанхан 2 млн теңгеден еншіледі. Ал, бас бәйге ше? Соңында қазылар қос ақынды бір-бірінен бөле жаруды жөнсіз деп тауыпты. Осылайша, жыр додасының нағыз жүйрігіне Мұхтар Ниязов пен Ринат Зайытовтың екеуі де лайық деп танылды. Екеуіне де 7 млн теңгеден сыйақы үлестірілді. Қос ақын да риза, көрерменде де күмән жоқ. Қазылар да бір жеңілдеп қалды. Бұл додадағы қос жеңімпаз арасындағы айтысты көпке дейін жұрттың ұмытпасы анық.
«ЖЖ» ақпарат.