Үштілділік саясат менің қызығушылығымды оятты – Гонконгта оқитын қазақ студенті
Гонконг политехникалық университетінде оқитын қазақ студенті Азиза Албетова шет елдегі қазақстандық студенттер мен Наурыз туралы айтты.
Шет елде білім алып жүрген қазақ жастары көп. Белгілі уақыттан кейін шекара сыртында білім алған жастар елге келіп, сапалы маман боп, халыққа қызмет етеді деген үміт жоқ емес. Шекара асып білім жолын қуған қыздар мен жігіттердің де мақсаты осы болса керек. Today.kz Қытайдың әкімшілік қалаларының бірі, әлемнің бизнес шаһарларының бірі Ганконгта жоғары білім алып жатқан қазақстандық Азиза Албетовамен тілдесті.
– Азиза, қайырлы күн! Гонконг политехникалық университеті Азиядағы мықты жоғары оқу орындарының бірі екенін білеміз. Осы университетке оқуға түсу оңай болды ма?
– Мен Ақтау қаласында туып өстім және мектебімнің соңғы екі жылын осы қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып шықтым. Қазір Гонконг политехникалық университетінің гуманитария факультетінде "Тілдер. Мәдениет. Коммуникация" мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Жалпы, шет елге оқуға түсу деген ой бастапқыда болмаған. Өйткені, мен Астана қаласындағы Назарбаев университетіне дайындалып жүрдім. Болмаса Алматыдағы бір университетке түсемін деп ойлап жүргенмін. Дегенмен 12-сыныптың ортасына қарай мектептегі мамандыққа бағыттауышы жетекшім Сәуле Бекқалиевнаның кеңесімен, "өзіңді сынап көр" деген ұсынысымен осы Гонконгтағы университетке тапсырып көрдім. Бағымды сынадым. Әрине, ата-анам да мен үшін қуанышты болды, қолдады. Өйткені, бұл университет Азиядағы үздік университеттердің бірі деп естідік. Ата-анамның қолдауымен, сәттілік серік болып осы университетке түсіп кеттім. Сол кезде қуанышымда шек болмады.
– Гонконг үлкен қала. Ол қалаға үйренісіп кету, сіңісіп кету, жергілікті халқымен түсінісіп кету қолыңыздан келді ме?
– Қытай тұрғындары мен Гонконгтағы қытайлықтардың айырмашылығы өте көп. Өйткені, Гонконгтың өзіндік тілі, өзіндік валютасы, салт-дәстүрі бар. Қазақстанмен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей. Мысалы, жергілікті тұрғындар христиандар. Ең қиын болған жағдай да осы еді. Себебі, олар көбіне шошқа етін жейді. Біз жей алмаймыз. Қиын болды. Мұнда іскер адамдар көп. Көшеде кетіп бара жатқанда-ақ жұмысқа асығып, мүлдем жан-жағына қарамай кетіп бара жатқан адамдарды жиі кездестіреміз. Жалпы жергілікті адамдар өте мейірімді. Кез келген сұрағыңа мүмкіндігінше жауап береді. Ал ең ұнайтын қасиеттері – сен қай жерденсің, кімсің, не киіп жүргеніңе назар аудармайды. Біреумен сөзге келіп қаламын немесе маған біреу тиіседі деген ой мүлдем келмейді. Өзіңді еркін сезінесің.
– Назарбаев зияткерлік мектебіндегі үш тілдік саясат менің болашақта да тілге деген қызығушылығымды оятты. Сондықтан дәл қазір ағылшын тілін жетік меңгеріп, Еуропа, Азия мәдениетімен танысып, коммуникация саласын дамытқым келеді. Білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде. Университеттегі барлық профессорлар, лекторлар өте мейірімді. Кез келген сәтте қол ұшын соза алады. Мысалы, сен сол сабақ бойынша қиналып, өзіне барсаң, әңгімелессең, кеңестерін айтады. Барымен бөліседі. Сенің жағдайыңды жасауға тырысады. Осынысы ұнайды.
– Біздің бұл жерде екінші отбасымыз бар. Мен оқитын жоғары оқу орнында алпыс беске жуық қазақ студент білім алып жатыр. Ал жалпы бүкіл Гонконг бойынша жүзден астам қазақ студент оқиды. Барлығымыз бір-бірімізді жақсы танимыз. Өйткені, мереке сайын бір-бірімізді шақырып, үнемі байланыста жүреміз. Сондай ірі мерекелердің бірі біз үшін биылғы Наурыз мейрамы болды. Наурыз мерекесі қазақтардың арасында ғана емес, университеттегі бүкіл қытайлықтар мен шет елдіктер арасында тойланды. Басты мақсаты – біздің елмен, салт-дәстүрмен, тағамдармен таныстыру болатын. Барлық оқу орнындағы Наурыз жоғары деңгейде өтті. Үйдегі, Қазақстандағы атмосфераны сезініп, тағамдарды жеп, көңіліміз босап, үйді сағынып қалдық. Қытайлықтар да, шет елдік студенттер де Қазақстан туралы көп мәлімет алды.
– Осы оқу орнында қандай студентсіз? Университеттің қоғамдық, мәдени шараларына қаншалықты белсенді ат салысасыз?
Гонконг политехникалық университетіндегі өмірім өте қызықты өтіп жатыр. Күнде түрлі мереке болады. Қоғамдық шараларға белсенді қатысамын. Соның арқасында әлемнің әр бұрышынан келген достар таптым. Өзім жаһандық студенттер ассоциациясында, қазақ студенттері ассоциациясында және шет елдік студенттік ассоциациянда мүшемін. Гонконгтағы дәл осы университетке оқуға түскенімен өкінбеймін.
http://today.kz