Баян-Өлгейдегі сел. Табиғи апаттан зардап шеккен отбасы саны 800-ге жуық
Екі жылдан кейін Баян-Өлгейде тағы да сел түсті. Бұл жолғы табиғи апаттың шығыны 2016 жылғы селмен салыстырғанда бес еседен астам, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің Баян-Өлгей аймағында жүрген тілшісі.
Біз Өлгейге жеткенде 14 шілдеден бастап толассыз жауған жауын басылып қалған екен. Селдің де беті қайтыпты. Дегенмен, селдің зардаптарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр екен.
Өлгейде негізінен 30 мыңнан астам отбасы бар. Қазіргі кезде нақты көмек бере қойған ешкім жоқ. Дегенмен «Дэлхийн зөн», ADRA қатарлы әлемдік ұйымдар көмек беруге дайын екен.«Қазір селдің беті қайтты. Жаңбыр тоқтаты. Негізінен нақты баспанасыз қалған отбасылар саны 500-ден асады. Ал қаша-қорасы, гаражсы, т.б. дүниелері су астында қалған 300-ден астам отбасы бар. Сонымен жалпы саны 800-ден астам отбасы зардап шегіп отыр» - дейді Аймақ әкімінің орынбасары Ахмедияұлы Камелият.
Әзірге табиғи апаттың шығындары әлі толық есептелмеген.«Дэлхийн зөн» 100 млн (14,2 млн теңге) ADRA 300 млн (42,8 млн теңге) төгрөг көлемінде қаржылай көмек беруге дайын. Оның сыртында Моңғолиядағы өзге елдің елшіліктеріне арнайы көмек сұрап хат жолдадық. Барлығы да шығынның толық есебін беруді, содан кейін мүмкіндігінше көмек қолын созуға дайын екенін айтып отыр» - дейді Аймақ әкімінің орынбасары.
Оның айтуына қарағанда селдің зардаптарын жоюға 500-ден астам адам, 30-дан астам техника жұмыс істеп жатыр. Табиғи апатты жоюға Завхан, Увс, Ховда, Говь-Алтай аймақтарының және Өлгейдің ТЖД қызметкерлері жұмылдырылған.«Әзірге шығын толық есептелген жоқ. Дегенмен жаңа жоғарыда айтқанымыздай, әрбір үйді 15-20 млн төгрөгпен (2-2,5 теңге) есептегенде халықтың шығыны 20 млрд (2 млрд 860 млн теңге) көлемінде болып қалады» - дейді Ахмедияұлы Камелият.
Бір көңілге медеу болатыны, адам шығыны жоқ.
Сонымен, Өлгейдегі селдің орнын барып көріп, фотоға түсіріп қайттық.
Бізді алып, көшені аралатып, машинасымен жүрген Аманжан есімді такист жігіт, төрт күнге жалғасқан толассыз жаңбырдың халықты біраз әбігерге салып кеткенін айтады.
Іңірдегі салқынмен аулаға жиналып қалған тұрғындар, үйдің сел суы жиналатын тоғанның тура іргесінде отыр. 1,1 шақырым жерге созылған тоғанға толған су арнайы арықтар арқылы Қобда өзеніне құйылып жатыр.
Мына суреттен су деңгейі қай мөлшерге жеткенін анық көруге болады.
Жаз шықса ауласына алты қанат ақ үйін тігіп алатын ағайынның табиғат апатына төтеп берген ақ ордасы айғыз-айғыз болып қалыпты.
Аймақта алаңсыз тіршілік қалыптасып келеді. Ауладағы су сорғыған соң ойнауға шыққан балалардың жүзінен ертеңге деген алаңсыз сенімділікте көріп қуанып қалдық.
Қираған үй, құлаған қаша, қамкөңіл тірлік...
Естеріңізде болса, бұған дейін Баян-Өлгей аймағында сел түсіп, 530-дан астам отбасы баспанасыз қалғаны туралы жазған болатынбыз.
ФОТО: Марат АМИРОВ
Baq.kz