» » АПАТ ҚАСІРЕТІН ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙМЫЗ

АПАТ ҚАСІРЕТІН ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙМЫЗ


Адамзат тарихындағы ең жойқын техногендік апаттың бірі – Чернобыль атом электр станциясындағы жарылыстың қоршаған ортаға, адамдарға тигізген зияны зор болды. Аталған зардапты жоюға Қазақстаннан аттанғандардың саны 30 мыңнан асады. Олар өз денсаулықтары мен бас­тарын бәйгеге тігіп, радиацияның одан әрі таралуын тежеуге бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін сарп етті. Бұл дүниеде адам өмірін сақтап қалудан асқан ізгілік жоқ. Осы үшін де украин халқының апат зардабын жоюға қатысқан барша қазақстандықтарға ризашылығы мен алғысы шексіз.
1989 жылы 15 қыркүйек күні Жалағаш ауданынан 10 бала Украинаға апат зардаптарын жоюға аттандық. Чернобыль қаласынан 18 шақырым жерде орналасып, химиялық полк құрамында залалсыздандыру жұмыстарымен айналыстық. Жауынгерлер реактор ішінде күніне небәрі 1 сағат, кей жерде 2 сағат болып тазалайды. Арнайы ұнтақтар, арнайы техника бар. Химиялық қорғаныс әскерінің барлық құрал-жабдықтары қатыстырылды. Радиацияның адамға ең алғаш қалай әсер еткенін сезгеніміз жоқ. Радиацияның алғашқы белгілері аздап бас айналу, жүрек соғып, лоқсу, тамақ құрғап кеберсу екен. Дәкеден жасалған арнайы тұмсыққапты шешіп жүрсең өте майда жабысқақ құм шайнағандай әсерде қаласың. Қауіпті аймақтың ішінде де, сыртында да әрбір солдат пен офицер тәулік ішінде қанша миллиренттен доза алғаны мұқият жазылып тұр. Мұның барлығы жай ғана бізді алдау үшін жасалған шаралар екендігін кейін бір-ақ білдік. Ондағы жарылыстан соң ашық ауаға шашыраған уран, иод пен цезидің изотоптары жер дүниені ластап үлгерген еді. Жасыратын несі бар, онда барып мән-жайға қаныққан соң әрқайсымызда елге аман-есен жетсек екен деген ой болды. Сол арманымыз орындалып, 1989 жылы желтоқсан айында туған елмен қайта қауыштық.
Жылдан-жылға Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар саны азайып келеді. Соңғы мәліметке сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстанда апатты жоюға қатысқандар саны 14 мыңға жететін көрінеді. Олардың көпшілігі емделуі күрделі сәуле ауруына шалдыққандар. Ал Жалағаштан Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан 10 жігіттің 5-еуі қазір аудандамыз. 1-еуі қайтыс болды. Қалған 4-еуі ауданнан өзге аймаққа қоныс аударды. Ауданда тұратын Дүйсенғали Шпантаев, Уәлихан Байназаров, Мәнсүр Аппазов, Серікбай Қайыров және мен Серікбай Ибраев ІІ-ІІІ топ мүгедектері санатындамыз. Шүкір, Чернобыльдегі апатты жоюға қатысқан біздерге мемлекет тарапынан барынша қолдау шаралары көрсетілуде. Апаттан зардап шеккендерге жәрдемақы, емдеу үшін арнайы жолдама , коммуналдық тұрғын үй төлемі беріліп келеді.
Чернобыль апаты – бүкіл адамзат баласының қасіреті. Алапат апаттың зардаптары әлі күнге жалғасып келеді. Біз тарихтың осындай қасіретті сәттерін ешқашан ұмытпақ емеспіз.

Серікбай ИБРАЕВ,
Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушы, облыстық Чернобыль ардагерлер кеңесінің Жалағаш ауданындағы өкілі.

24 сәуір 2018 ж. 1 041 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930