КЕНТ ТАЗАЛЫҒЫ БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ

Кеше аудан әкімі Қ.Сәрсенбаевтың қатысуымен кент тазалығына байланысты жиын өтті. Жиынға ауданның тазалығына жауапты мекеме басшылары мен көше комитетінің мүшелері қатысты. Аудан әкімі тазалық айлығы мен көктемгі сенбіліктің басталғанын, тазалық мәселесіне көп көңіл бөлу керектігін айтып, ардагерлер мен көше комитеті мүшелерінен тұрғындарды тазалыққа шақыруын сұрады. Сенбілік басталғаннан бері барлық бөлім, мекеме қызметкерлері сенбілікке шығып, кент тазалығына үлес қосып жатқанын, десе де бұл жұмыстарды алдағы уақытта ширата түсуді тапсырды. Сондай-ақ, Қайратбек Әубәкірұлы сенбіліктерде белсенділік танытып жүрген Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі мен КРЭК мекемесін өзгелерге үлгі етті. Сонымен бірге жиын барысында көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларын қоқыс жәшіктерімен толықтай қамтамасыз ету, кент ішіне толық аяқсу келтіру үшін көше бойындағы көміліп қалған арықтарды қазып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ден қою және көктеп бой алған көшеттерді егесіз жүрген малдардан қору үшін пада ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу керектігі айтылды. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына көшелердегі арықтардың аяқсу көтерілмейтін жерлерін анықтап, трубаларын ауыстырып, көмілген жерлерін аршу үшін арнайы жұмыс тобын құрып, жүйелі жұмыс жасауға тапсырма берді.
Жиын барысында кент әкімінің міндетін атқарушы Н.Бәйімбет кент ішінде тазалыққа байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасап, көше комитеті мүшелерінің тізімін таныстырды. Басқосуда тазалықтан өзге ауыр жүк көліктерінің салмағымен көшелердің бүлініп жатқаны жайы да сөз болды. Бұл жөнінде Қайратбек Әубәкірұлы жауапты мекеме басшыларына орталық көшелермен ауыр жүк көліктеріне жүруге тыйым салынған жол белгілерін қойып, кешіктірмей мәселені шешуді тапсырды.
Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев кент тазалығы барлығымызға ортақ екенін айта келе, осындай жалпыхалықтық іске ел болып ұйысып, ауызбіршілік танытуға шақырды.
Қуат АДИС.