» » ТАЗАЛЫҚҚА ТАСТАЙ ТАЛАП КЕРЕК

ТАЗАЛЫҚҚА ТАСТАЙ ТАЛАП КЕРЕК

Көктем шығып, жер қарайғаннан кент іші мен ауыл-аймақтардағы қыс бойы қар астында жатқан күл-қоқыстар желмен ұшып, айналаны ластайды. Көктемнің алғашқы айы – Наурыз да бел ортасынан ауды. Енді көп ұзамай сенбілік жұмыстары басталады. Әрине, айналаның тазалығы бәрімізге ортақ. Әрбіріміз өзіміз тұратын үйдің ауласы мен көшелеріміздің көркеюіне мән берсек, тазалық төңірегінде мәселе туындамас еді. Бірақ, ауылдарды айтпағанда, кент ішіндегі кейбір тұрғындар көшесі тұрмақ, ауласының тазалығына да салғырт қарайды. Олардың салғырттыққа салынуына да мықты себеп бар...
Жылда барлық мекеме көктем қылаң бергеннен сақадай сайланып жаз жадырағанша сенбілікке шығады. Әр мекеменің қызметкерлері өздеріне тиісті аумақты күл-қоқыстан арылтып, көше бойындағы көмілген арықтарды аршиды. Кейбір тұрғындардың дәл сол сәтте үйлерінің айналасындағы шашылған күл-қоқысты теріп жүргендерді терезелерінен тамашалап тұратынын қайтерсің?! Үйлерінен шығуға ұялып тұр ғой дейін десең, жүздерінен мысқылдың табын байқайсың. Өзімнің тұрып жатқан үйім, өз көшем ғой деп қол ұшын және бермейді. Қыс бойы үйлерінен шыққан күл-қоқыстар мен пайдаланған тұрмыстық қалдықтардың үйіндісінен тау тұрғызады. Ал, оны тазартпаса аяқ су келетін арықтардың жолы бітеліп, көше бойындағы саялы тал-теректер мен жас көшеттер қурап қалады. Оны олар білмейді емес, біледі. Бірақ, біле тұра қолдарын қимылдатпайды. Өйткені, олар сенбілікке сенеді. Жылда көктем шыға көше тазалығын ретке келтіретін мекеме қызметкерлері бар. Біреу үйінің айналасын тазалап, арығын аршып беріп жатса, олар неге тазалыққа басын қатыруы керек?!. Міне, олар осыған әбден дағдыланған. Әлгі салғырттықтың бір себебі осында жатыр. Қоршаған ортаны ластағаны үшін мойындарына айыппұл өңгерілетінін білсе, айналасын ластап отырғандар ойланар ма еді, бәлкім!
Біз, осы апта ішінде кент ішіндегі көшелер мен мекеме ғимараттарының айналасын бір сүзіп шықтық. Қыстан қалған күл-қоқыс жоқ емес, бұрын қар астында көрінбей жатқан тұрғын үйлер мен дүкендерден шыққан қалдықтар «мен мұндалап» жатыр. Алдағы күндері жүргізілетін сенбіліктер барысында бұл олқылықтардың орны толады деп сенеміз және кент тазалығы біздің ұдайы назарымызда болады. Өйткені, біздің өмір сүріп отырған ортамыз бен жұтқан ауамыз ортақ.
Жә, таяу күндері Жылдың басы – Наурыз мерекесін тойлауға қам жасап отырмыз. Наурыз – жаңару, жасару, тазару мезгілі екенін ескерсек, тазалық айлығын күтіп отыра берудің енді реті жоқ. Өйткені, дәл осы мезгілде баябан даланы аралап, әрбір үйге жақсылық пен ырыс үлестіріп жүретін Қызыр бабаның өзі тек жаңарған, тазарған жерге аялдайтын көрінеді...
Қуат АХЕТОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

17 наурыз 2018 ж. 1 305 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930