» » КЕНТТІ КӨРКЕЙТУ КҮН ТӘРТІБІНДЕ

КЕНТТІ КӨРКЕЙТУ КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Өткен жыл жалағаштықтар үшін жемісті болды. Биыл да аудан төңірегінде оң өзгерістер орын алады деп күтілуде. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та келелі кездесулер мен басқосуларда Жалағашта осы жылы ауқымды жобалар қолға алынып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін айтып келеді. Бірақ, осы бағыттағы жұмыстар алдымен кент орталығынан бастау алады. Себебі, сырттан келген меймандардың алдымен аудан орталығына атбасын бұратыны айтпаса да белгілі.

Жасыратын несі бар, бүгінде кент орталығы қарапайым ауылдың деңгейінде қалып қойған. Бұл пікірді сырттан жиі естиміз. Бұл көзқарасты түбегейлі өзгерту үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Биыл аудан орталығындағы 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда жалпы құны 463 млн теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржыландыруға өтінім берілді. Мұнан бөлек Жалағаш кентіндегі 4 көшені жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.
Өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын табады. Аудандық орталық аурухананың құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 32 млн теңге бөлінген болатын. Бұйыртса, биыл кент орталығынан жаңа аурухана ғимаратының іргетасы қаланады. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында құрылысы басталған имандылық үйі де биыл ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Аудан басшысының жылдық есебінде Жалағаш ауданын газдандыру жұмыстары қашан жүзеге асады деген мәселе көтерілген еді. Есепті кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудандарды газдандыру жұмыстары тарифтерді көтермеу мақсатында тоқтап тұрғанын және биыл осы бағыттағы жұмыстар Жалағашта жалғасын табатынын айтқан болатын. Сәтін салса, бұл өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қыркүйек айында басталып, аудан халқы жаңа жылды жақсы жаңалықпен бастағалы тұр.
Биыл Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталып, келер жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл үшін мемлекет қазынасынан 1 млрд теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен бөлінген 132 млн теңгеге магистралдық желілер мен Жалағаш кентішілік желілер құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленеді. Тиісті құжаттар дайын болған уақытта бірінші кезекте автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы жүргізіледі. Мұнан кейін кенттегі кварталішілік газ жүйесі құрылысы басталады.
Рас, биыл жалпы жалағаштықтарды жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Газдандыру мақсатында тиісті жұмыстар өз жемісін берсе, келер жылы аудан халқы бағасы құбылып тұрған қатты отынның әлегінен арылады. Үлкен орталық аурухананың құрылысы да өңірдегі медицина саласының дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, биыл облыс әкімі 2018 жылды Сыр елі үшін жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялады. Осы мақсатта бюджеттен 32 млрд теңге қаржы қаралды. Аймақ басшысы кәсіпкерліктің дамуы жөнінен Жалағаш пен көрші Қармақшы аудандарының көш соңында екенін айтып, үлкен жобалар ұсынылса аталған аймақтарға көптеп қаржы бөлінетінін жеткізді. Мүмкіндікті құр жібермей жергілікті тұрғындар аталған салаға бар ынтамен ден қойса, өңір экономикасында да тұрақты өсім қалыптасары сөзсіз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

03 ақпан 2018 ж. 1 256 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 742

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930