ЕСІКТІҢ АЛДЫ КҮЛ-ҚОҚЫС үй иелерінің ұяты қашан оянады?!
Тазалық әркімнің жеке басының гигиенасын сақтау ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның, ауыл-аймақтың, сүріп отырған ортаның да тазалығына мән беру. Таза ауа, таза көше өзіміз үшін де, келешек ұрпақ үшін де қажет. Әрбір азамат ауданның дамуын, көркейіп-көгалдануын, гүлденуіне ат салысуы керек. Өзіміз тұратын өңірдің күл-қоқыстан арылуына үлес қосуды азаматтық парыз санасақ, өскелең ұрпақ та табиғатқа мейіріммен қарап, тазалықты басты орынға қояды. Бүгінгі күні ауданымызда күн тәртібінен түспей тұрған мәселе де – осы тазалық. Апта сайын сенбілік ұйымдастырылып келеді.
Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін сенбі күні аудан әкімінің тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кентке қарасты Т.Жүргенов, Өмірбай шешен тағы басқа тазалық жұмыстары жүргізілмеген көшелерді аралап, үй иелеріне ауласын таза ұстауға үндеді. Рейд барысында ауласынан бастап көшеге дейін бұзылған үй орнынан шыққан қалдықтарды жайып тастағанды, артық темір қалдықтарын көше бетіне қойғанды және аяқсу келетін арықтарға кірдің суы мен тамақ қалдықтарын төккен тұрғындарды да байқадық. Түсіндірме тобының мүшелері олардың әрқайсысының есігін қағып, иелеріне артық қоқысты, керексіз қалдықтарды ашық тастап, қоғамдық ортаны ластау аудан абыройына нұқсан келтіріп, өздерін ұятқа қалдыратынын жеткізді. Партия тарапынан да, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан да жан-жақты түсіндіріліп, қоқыс алынбаған жағдайда айыппұл салынатыны ескертілді. Ал, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері ауласына, көше бетке қалдықтарды өртегенде абай болуды, желді күні мұндай әрекетке бармауды қатаң тапсырды. Себебі, тілсіз жау кез келген уақытта иелік бермей біраз жерді шығынға ұшыратуы әбден мүмкін.
Жалпы, өркениетті қоғамда өмір сүрген соң мәдениетке бейімделуге тиіспіз. Ал, мәдениет – кісінің тұлғалық қасиеттерінің айқын көрінісі. Сондықтан да, әр тұрғын өз ауласынан бастап таза ұстап, ауданның гүлденуіне белсенді атсалысуы қажет. Себебі, ауламыздың айнадай таза болып, ауданның гүлденуі – бәріміз үшін ортақ абырой екені анық. Мұны туған жер, туған ел алдындағы перзенттік, азаматтық парызым деп түсінген жөн.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.