Адам сенгісіз ұзын кірпігі бар жеткіншек жұртты таң қалдырды
11 жастағы Муин Бачонаев Мәскеу қаласында тұрады. 2010 жылы отбасымен Тәжікстаннан көшіп келген жеткіншек Ресейдегі ең ұзын кірпігі бар азамат атанған. Бұл туралы 999stories.com сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Муиннің сөзінше, кірпіктері оған ешқандай ыңғайсыздық туғызбаған. Рекордшы жеткіншек футбол ойнағанды жақсы көретінін айтып, есейгенде футболшы болатынын жеткізген.
Ал баланың 45 жастағы әкесі Заудулло Бачонаев ұлының ерекше кірпіктерін перзентханада байқағанын айтады.
Сол кезде жаңа туған Муиннің көздеріндегі кірпіктер аузына жетіп тұрған екен. Қазір оның ұзындығы 4,5 сантиметрді құрап қана қоймай, күн санап өсіп келеді.
Бачонаев қазір Ресейдің рекордтар кітабына енген. Жақын арада ол әлем бойынша ерлер арасындағы ең ұзын кірпігі бар азаматты басып озуы мүмкін. Ал ғалам рекордшысы Стюарт Мюллердің қасы 6,99 сантиментрді құрайды.
Муин өз кірпіктерінің еш кедергісі болмайтынын айтса, әкесі ұлының ерекшелігімен мақтанады. Медицина тұрғысынан Бачонаевтың жағдайы жақсы. Ақ халаттылар бұл гендік өзгеріс анасының жүкті кезде дәрі қабылдағанына байланысты болған деп есептейді.
Әйелдер арасында ең ұзын кірпіктер Қытай тұрғыны Ю Джянсияға (12, 4 сантиметр) тиесілі.
Ал ер адамдар арасында бұл рекордты Стюарт Мюллер бастап тұр.
NUR.KZ