» » Автопарктің табысы 40 пайызға өскен

Автопарктің табысы 40 пайызға өскен

Осы жылдың мамыр айында автопарктер 1 миллиард 529 миллион теңге табыс тапқан
НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik, Жәния Орынқаева. Елордада қоғамдық көлікте сараланған (дифференциал) тариф енгізілгеніне бір жыл толды. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі жолаушыларды тасымалдау саласында қандай өзгеріс болғанын, сараланған тариф автопарктердің жұмысына қалай әсер еткенін біліп көрді.

Нұр-Сұлтандағы автобустарда сараланған тариф қалай енгізілді?

2018 жылдың 21 шілдесінде елорда әкімдігі қоғамдық көлікте сараланған тариф енгізді. Осылайша, автобуста жолақысын қолма-қол төлеу екі есеге қымбаттап, жолаушылардан 180 теңге алына бастады. Ал жолақысын қолма-қол ақшасыз төлесе, 90 теңге болды.
Жолақысын көлік картасы, SMS, QR-код және мобильді қосымша арқылы төлеуге мүмкіндік берілді.
Сараланған тарифті енгізудегі басты мақсат автобус парктері қаржы ағымдарының ашықтығын қамтамасыз ету, әрі көлеңкелі айналымдағы ақшаны шығару болды.
Тағы оқыңыз: Астанада көлік картасына ақша салудың қарапайым тәсілі пайда болды
Sputnik Қазақстан тілшісі Astana LRT компаниясына ресми сауал жолдап, қаладағы автопарктердің табысы артқанын білді. Ресми жауапта төмендегі деректер келтірілген:
Өткен жылдың мамыр айында автопарктер 1 миллиард 47 миллион теңге пайда тапқан (2,7 миллион доллар, 1 доллардың теңгеге шаққандағы бағасы – 383 теңге).
Осы жылдың мамыр айында автопарктердің табысы 1 миллиард 529 миллион теңге (3,9 миллион доллар) болған.
Сонымен қатар қоғамдық көлік жолақысын қолма-қол төлейтіндердің саны 75%-тен 7%-ке азайған.
Нәтижесінде автопарктердің 2018 жылдың шілдесінен 2019 жылдың шілдесі аралығындағы таза табысы 40%-ке өскен.

1 жылдың ішінде қандай нәтиже қол жеткізілді

  • Қоғамдық көлікте сараланған тариф енгізілген бірінші айда жолаушылардың 83%-і қолма-қол ақшасыз төлемді пайдаланған;
  • 2018 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 90%-ке артқан;
  • 2019 жылдың шілде айына дейінгі мәліметке сәйкес, жолаушылардың 95%-і қолма-қол ақшасыз төлемді пайдаланатын болған;
  • Қоғамдық көлікте жолақысын электронды түрде төлеу жүйесі енгізілгелі бері 1,5 миллион көлік картасы сатылған;
  • Күн сайын қоғамдық көліктің қызметін 500 мың адам қолданады;
  • 1 күнде қала тұрғындары 700 мыңға дейін транзакция жасайды;
  • Көлік компаниясы жолаушылардың саны мен халық жиі пайдаланатын қоғамдық көліктер туралы сенімді деректер жинауға мүмкіндік алған;
  • Нәтижесінде қала әкімдігі жоғарыда аталған деректердің негізінде қоғамдық көліктерге бөлінетін субсидияның нақты сомасын шығарған.

Астаналықтар неге көп шағымданады

Жолаушылардың саны көбейіп, автопарктердің табысы артқанымен қала тұрғындары тарапынан түсетін шағымдардың саны азаймапты. Қала халқы жүргізушілердің автобус арақашықтығын сақтамайтынын, аялдамаға тоқтамай өтіп кететінін айтады екен, сондай-ақ автобустың жүру бағытын өзгертуге қатысты шағым көп түседі. 
Сондай-ақ электронды таблодағы автобустың аялдамаға келуі шынайы уақытпен сәйкес келмейді. Автобус экипажының тәртіпті және жол ережесін бұзу жағдайлары жиі тіркеледі.
Қоғамдық көлікте электронды түрде жолақысын төлеуге қатысты шешілмеген мәселелер әлі де бар. Мысалы, көлік картасына ақша салу аппараттары аз. Ал көлік картасына ақшаны электронды жүйелер арқылы салсаңыз, оны тәулік бойы күтесіз. Сондай-ақ көлік картасындағы шығынды бақылау мүмкіндігі толық қарастырылмаған.
Мұндай шағымдарды Astana LRT компаниясының ресми парақшасынан және әлеуметтік желілердегі танымал топтардан жиі кездестіруге болады.
Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі қала тұрғындары арасында арнайы сауалнама жүргізді. Олардың пікірінше, қоғамдық көлікте тәртіп орнаған, бірақ оны мінсіз деп айтуға әлі ерте.

Қоғамдық көліктегі жеңілдікті қанша тұрғын пайдаланады?

2019 жылдың шілде айына дейінгі мәліметке сәйкес, қоғамдық көлікте 132 мыңнан астам тұрғын тегін жүруге құқылы.
Жеңілдігі бар көлік карталарын алған және тұрақты түрде 115 мыңнан астам тұрғын пайдаланады.
Қалалық мәслихаттың шешімімен 6 топқа жататын азаматтар жол ақысын төлеуден босатылған. Олар қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Бірақ қала маңына қатынайтын маршруттарға бұл жеңілдіктер жүрмейді.

Жаңа өзгерістер

Әлеуметтік желілерде жолақысы көтерілуі мүмкін екенін, қоғамдық көлікке тегін ауысып отыру мүмкіндігі енді болмайтыны, автобустардың жұмыс уақыты қысқаруы мүмкіндігіне қатысты ақпараттарды кездестіруге болады. Алайда Astana LRT компаниясы мұны жоққа шығарды.
Осыдан бір ай бұрын елорда автопарктері қала әкімдігіне қоғамдық көлікке тегін ауысып отыруды алып тастауды сұрапты. Себебі, автопарктер бұдан қыруар шығынға батып жатыр екен. Astana LRT бұл мәселеге қатысты нақты шешім шықпағанын айтады. Алайда компания тасымалдаушылардың тариф бағасын өзгертуді қарастыруға құқығы бар екенін атап өтті.
"Қоғамдық көліктің жұмыс уақытын қысқарту мәселесін қарастыру жоспарда жоқ. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді аталған көлік компаниясы.
Қаладағы автобустар кешкі сағат 22.30-23.00 дейін, ал №10 маршруты "Нұрлы жол" теміржол вокзалынан халықаралық әуежайға дейін түнгі сағат 00.38-ге жұмыс істейді.
Қала халқына 1125 автобус қызмет көрсетеді. Тұрғындар № 10, 9, 51, 46 және 28 маршуттарына жиі отырады екен.
21 шілде 2019 ж. 564 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930