САЛАДА СЕРПІН БАР
Жалағаштықтар мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана отырып, кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесін қосу арқылы табысын еселеп отыр. Бұл бір жағынан жергілікті түсімде өсім қалыптастыру үшін таптырмас мүмкіндік екені де анық. Былтыр салаға қадам басқандар нәтижелі еңбегімен кірісін еселесе, енді бірі кәсібінің көкжиегін кеңейту арқылы бос жұмыс орындарын ашуға қол жеткізді. Биыл алғашқы алты айда ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 433-ке жеткен. Бұл көрсеткішті былтырғымен салыстырсақ, 4,2 пайызға артқанын айқын аңғарамыз. Қазіргі таңда ауданда 2 232 кәсіпорын нақты жұмыс жасап тұр. Бұлардың да саны былтырғымен салыстырғанда 3,6 пайызға артқан.
Салада өндірілген өнім көлемі де жаман емес. Мәселен, биыл 6 айда Жалағашта өнеркәсіп өнімі 5 млрд теңгеге жетіп, өндірілген өнім көлеміндегі өсім 1,9 есеге артты. Ал өңдеу өнеркәсібі 3,9 млрд теңгеге орындалып, 2,2 есеге артқан.
Қазіргі таңда аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауда және дамытуда белсенділік танытуда. Нәтижесінде жыл басынан бері 126 жоба 1 млрд 557,8 млн теңгемен қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесін кәсіпкерлер ғана емес, қалың жұрт көріп отыр. Өйткені осынша қолдаудың арқасында өңірде 171 адам жұмыспен қамтылған.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 21 жоба 253,4 млн теңгемен қаржылай қолдау тапты. Оның ішінде 11 жоба 99,4 млн теңгеге ішінара кепілдендірілген. Сондай-ақ оның пайыздық үстемақысы бағдарламаның шартына сәйкес субсидияланды. «Еңбек» бағдарламасы аясында да жыл басынан 36 жоба 146,7 млн теңгемен қаржыландырылды. Мұнан бөлек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 3 жоба 47,6 млн теңгеге қаржылай қолдау тапқан.
Өңірде «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие» серіктестігі арқылы 25 жобаның авторы да 319,9 млн теңгеге қол жеткізген болатын. Сондай-ақ «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы да 12 жоба авторына 269,8 млн теңге үлестірілген.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 жоба егін егу жұмыстарын жүргізуге 86,4 млн теңге қаржылай қолдау тапты. Ал «КазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 5 шаруа қожалық 289,7 млн теңгеге қол жеткізді.
Мұнан бөлек Жалағашта соңғы жылдары кәсіпке енді қадам басқан жұмыссыз азаматтарды да қайтарымсыз грантпен қамтамасыз ету қарқын алды. Мәселен, биылдың өзінде 50-ден астам жоба авторына 583 600 теңгеден берілген болатын. Олардың бірі ауыл шаруашылығы саласында табыс табуға талаптанса, енді бірі тігін цехын ашып, халыққа қызмет көрсеткісі келеді. Сондай-ақ кондитерлік өнім өндіруді де өз жобасына арқау еткендер жоқ емес. Бастысы мұның көбісі қазіргі таңда өз тұтынушыларын сапалы өніммен қамтамасыз етуде.
Қайтарымсыз қаражатқа ауылдық елді мекендер тұрғындары да ие болуда. Әсіресе ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін төмендету маңызды рөл атқаратынын ескерсек, мұның бір жағынан әлеуметтік саланы қолдауға да сеп болғанын аңғарамыз. Оның үстіне қазір ауыл тұрғындары да кәсіп ашудың пайдасын жетік меңгерген.
Былтыр да бұл сала жақсы жетістікпен қорытындыланды. Биыл да іс бастауға талпынғандардың талабы жаман емес. Бастысы кәсіпкерліктің күретамырына қан жүгірткен мемлекеттік бағдарламаның пайдасын халық қазір жақсы түсінген. Содан да болар, бүгінде кәсіптік оқуын жетілдіріп, көмектің бұл түріне қол жеткізуге асыққандар саны да артуда.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ