» » ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ ӨСТІ

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ ӨСТІ

Соңғы жылдары өңір дамуында серпіліс бар. Мұны жыл сайын жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар, жөнделген жол, ауыз су мен жарық мәселесінің бір жолға қойылуы айғақтайды. Өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Бұл жұмыстар ауданның дамуына тікелей әсер етіп қана қоймай, әлеуметтің әлеуетінің жақсаруына, тұрмыс сапасының артуына да септігін тигізеді. Өйткені кәсібін қолға алып, өз нәпақасын өзі тапқан адам таршылықта қалмайтыны анық. Ал кәсіп бастаушылар қашан да мемлекеттің қолдауына ие болады.

Шағын және орта кәсіпкерлік елдегі жұмыссыздықты азайтудың, саланың елді мекендерде кең қанат жаюының, жеке тұлғалардың күркөріс деңгейін арттырып, табысын молайтудың бірден-бір жолы. Мұнымен қоса, дамушы мемлекет үшін кәсіпкерлікті өрістету өркениетті елдермен иық тіресуге де мүмкіндік беретін сала. Сол себепті қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласына көмек те, қолдау да көп. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі де осы шағын кәсіпкерлік саласының аясын кеңейтуді көздейді. Бұл ретте бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, кәсіпкерлердің игілігіне жұмыс жасауда. Аудандағы кәсіпкерлік саласы кенже қалмай, қолдан келгенше кәсібін дөңгелетемін дегендерге қолдау білдіруде.

Аудан бойынша 2288 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны – 2101 субъекті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 25 бірлікке азайған. Дегенмен, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға өсім алған.

Өнеркәсіп өнімін өндіру саласы бойынша есепті кезеңде 6 412,0 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,5 есеге артық орындалған. Аудандағы өнеркәсіп өнімінің өсім алуына «Таң ЛТД» ЖШС А.Исахановтың күріш ақтау зауытының үлесі тиіп отыр. Яғни, осы күріш ақтау цехындағы жұмыстың ширақ әрі өнімді, нәтижелі болуы аудан өнеркәсібінің өсім алуына айтарлықтай септігін тигізуде. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 8,1 есеге артып, 6 279,0 млн теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде электрмен жабдықтау 47,8 пайыз, сумен жабдықтау 73,9 пайызды көрсетті.

Ал негізгі капиталға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 5 990,0 млн теңгені құраса, өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 334,4 пайызға артқан. Оның ішінде бюджет есебінен 746,1 млн теңге, жеке қаражат есебінен 5 232,5 млн теңге қаржыны құрайды. Ал қалған 11,3 млн теңге қарыз есебінен.

Айта кетейік, ауданда мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қол­ға алғандар көп. Ресми мәлімет бойынша өткен жылдың бірінші жарты­жылдығында ауданда 2340 шағын кәсіпкерлік субъектілері тір­келген. Бүгінгі күнге жұмысын дөң­гелетіп әкеткен азаматтар саны был­тырғы жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артып отыр. Кәсіпкерлік бағыттағы ашылған әрбір нысанның иесінен бө­лек, басқаларға да пайдасы тиетіні анық. Ауданға түсетін салықтан бөлек, кәсіп иелері жұмысының көлеміне қа­рай бірнеше адамды жұмыспен қам­тиды. Аталған кәсіпкерлер бүгінгі таңда 9173 адамға жұмыс беріп отыр, яғни он мыңға жуық жұмыссыз адам жеке кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарында нәпақасын тау­ып жүр.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


09 маусым 2020 ж. 464 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930