» » БИЫЛ 10 ЖОБА ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

БИЫЛ 10 ЖОБА ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

Жалағаштың соңғы жылдары экономикасында да, халықтың әлеуетінің артуында да біршама өсім байқалады. Әрине, бұл оң динамикаға бірінші кезекте өңірде кәсіпкерлік саласының дамуы тікелей әсер етіп отыр. Расында, соңғы жылдары аталған салада ілгерілеушілік басым.

Бұрын тек шағын және орта бизнес нысан­дарының саны артқанға қуанатын бізде бүгінде ірі жобалар көптеп қолға алынып жатыр. Былтырдың өзінде жалпы құны 681,4 млн теңгені құрайтын 13 жоба пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде іскер азаматтар өз ісін өрістету арқылы ауданның салық базасында тұрақты өсім қалыптасуына да күш салуда. Кәсіпорындардың іске қосылуы аудандағы жұмыссыздық мәселесін ауыздықтауға да үлкен сеп болды. Мәселен, жоғарыда атап өткен 13 жоба қолға алынғалы Жалағашта 89 жаңа жұмыс орны ашылды.
Саладағы ірі нысандардың қатарында жеке кәсіпкер Г.Исахановтың күріш ақтау және жем өндіру цехы да бар. Еңбеккерлері Сыр салысынан тау тұрғызған аграрлық аймаққа мұндай кәсіп­орынның бірнешеуін салса да артық етпейді. Әрине, бұл жерде «Бірдей өнім өндіретін кәсіпкерлік нысандардың бір жерде шоғырлануы іскер азамат үшін тиімді ме?» деген сауалдың туындауы да заңдылық. Алайда күріш бағасы қаншалықты шарықтағанымен оны тұтынушылардың қатары қалыңдап жатқанын байқап отырмыз. Оның үстіне қазіргі таңда мал азығын дайындайтын кәсіпкерлердің саудасы қызып-ақ тұр. Бұл аймақта жем-шөп әзірлейтін кәсіпорындар жоқтың қасы деген сөз емес. Керісінше, мал шаруашылығын қолға алған іскер азаматтар көбейгенін аңғартады. Сондықтан үстемақысы шағын несиеге қол жеткізген жеке кәсіпкердің жобасы жемісін береді деген ойдамыз.
Мұнан бөлек Жалағашта өткен жылы жүзеге асқан 13 жобаның қатарында «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас МІҚ малына арналған сүт фермасы, «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның мал сою және ет бумалау цехы, жеке кәсіпкер М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, Ж.Қазыбайұлының қонақ үй және тамақтану кешені, Т.Жұмабекқызының жылыжай кешені, «Өркен Әлем» ЖШС-ның әскери каска дайындау цехы, Д.Алпысовтың жылыжай кешені бар. Өз өнімімен тұтынушы талабынан шыққан кәсіпкерлер бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырғанын айтады. Олардың сөзінше, іскер азаматтарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар тек кәсіпкерлердің ғана емес, өңірлер әлеуетін арттыруға де сеп болуда.
Бір қуантарлығы, игі бастама биыл да жалғасын табуда. Яғни осы жылы жалпы құны 1 млрд 100 млн теңгені құрайтын 10 жаңа жоба Жалағашта жұмысын бастайды. Кәсіпорындар іске қосылған жағдайда 52 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биыл іске қосылатын саладағы нысандардың қатарында Т.Жұмабекқызының мал бордақылау және ет өңдеу цехы, «Сыздық» ШҚ-ның тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру цехы, «АГРОХИМСЕРВИС-С» ЖШС-ның тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өндіру зауыты, «Бағдәулет-57» ШҚ-ның жол бойы кешені, Т.Жұмабекқызының күйдірілген қыш өндіру зауыты, «Ер-Әлі» ШҚ-ның күріш тазалау цехы бар. Жарқын жобалардың кәсіпкер үшін және аудан әлеуетіне қосар үлесі жайында алдағы нөмірлерде жазатын боламыз.
Ауданда өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында облыстық ХІ «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы аясында жалпы құны 515 млн теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Т.Жұмабекқызының мал бордақылау және ет өңдеу цехы мен «АГРОХИМСЕРВИС-С» ЖШС-ның тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өндіру зауытын іске асыру үшін меморандумға қол қойылды. Аталған жобалар осы жылы жұмысын бастайды.
Жалпы Жалағашта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жемісін беруде. Алдағы жылы да қарқынды қолдау жалғасын табады деп үміттенеміз. Бұрынғыдай емес, қазір ауылдық елді мекендерде де мал шаруашылығын қолға алып, жұмысының жемісін көріп отырған кәсіпкерлердің қатары артқан. Бұл бір жағынан бастысы ниет болса, қолға алған жобаңды дамытуға барлық мүм­кіндік қарастырылғанын аңғартады.


18 ақпан 2020 ж. 384 0