» » Жарқын ЖОБАЛАР табысқа жетелейді

Жарқын ЖОБАЛАР табысқа жетелейді

Индустриялық нысаны мол өңірдің өзге аймақтарға қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары. Себебі, елді мекенде салық базасын қалыптастыруда кәсіпорындардың көптеп шоғырлануы маңызды рөл атқарады. Аграрлық аймақта ауыл шаруашылығы саласы тың серпін алды. Келесі кезекте жергілікті тұрғындар кәсіптің өзге де түрлері бойынша іс бастап, жарқын жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Табысқа қол жеткізуді көздеген кәсіпкерлерге берілетін ауданда арнайы жер телімі де жоқ емес. «Қазақстан Республикасының индустриалдық-инновациялық даму» жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы аясында кенттің батыс бетінен 22 гектар жер телімі белгіленіп, ауданда «Серпін» индустриалды аймағы құрылды. Қазірдің өзінде мұнда жалпы құны 79,5 млн теңгені құрайтын 4 өндіріс орны жұмыс жасап тұр.
Жеке кәсіпкер Д.Жарасбаев – индустриалды­ ай­­мақта кәсіп ашып, жұмысының жемісін көргісі кел­гендердің бірі. Ол бүгінде мақсатына жетіп те үлгерді. Іскер азамат аталған аймақтан мал сою цехын ашып, 3 адамды жұмыспен қамтыған. Жобаның жалпы құны 14,5 млн теңгені құрайды. Индустриалды аймақтан 0,2 гектар жер телімін рәсімдеген іскер азамат сұраныс артса, кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр.
Қос бірдей жобаны қолға алған К.Қанатбаева да осы аймақтан мал сою және жіліктеп бумалау цехын ашты. Кәсіпкер жобасының жалпы құны 25,3 млн теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру үшін іскер азаматқа 0,4 га жер телімі берілген болатын. Өз ісінің жемісін көріп отырған К.Қанатбаева бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол мұнан бөлек 0,1 гектар жерге 100 басқа арналған мал базарын ашты. Жоба құны – 1,5 млн теңгені құрайды.
«Серпіндегі» серпінді жобалардың қатарында «Өркен Әлем» ЖШС да бар. Арнайы киім тігумен айналысатын серіктестік басшысы Ж.Өзденбаев аталған аймақтан құны 38,2 млн теңгені құрайтын жарқын жобаны жүзеге асырды. Бір гектар жерге қол жеткізген кәсіпкер арнайы киім тігу шеберханасын ашып, 21 адамды жұмыспен қамтыды. Мұнда тұрмысқа және мектепке қажетті, қорғаныс, өрт сөндіру және полицейлерге арналған түрлі киімдер тігіледі. Серіктестік басшысы сұраныс артса, жұмысшылар қатарын да көбейтуді көздейді.
Расымен, мұндағы мамандардың барлығы – өз ісінің шеберлері. Әскери киімдер де аталған салаға икемделіп әрі төзімді тауардан тігіледі. Тіпті, кейбіріне өткір зат өтпейді. Мұнда өндірілген өнім сапасының жоғарылығы қарапайым көзге көрініп-ақ тұр. Шеберлер қолынан шыққан киімдерге республиканың өзге де облыстарынан тапсырыс түсуде.
Әзірге мұндағы 4 жобаның да жұмысы жаман емес. Қазірдің өзінде іске қосылған нысандарда 30-ға жуық маман еңбек етеді. Алдағы уақытта кәсіпорындар қатары көбейсе, екі қолға бір күрек табатын жандар да артары сөзсіз.
Жоғарыда жұмыс жасап тұрған нысандардың қатарын алдағы уақытта бірнеше жоба толықтырады деп күтілуде. Қазіргі таңда, аталған индустриалды аймақта жалпы құны 262 млн теңгені құрайтын 8 жобаның құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Берілген жер телімі – 6,3 гектар. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда 54 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жақын арада жүзеге асатын жарқын жобалардың қатарында «Баба» ШҚ-ның асыл тұқымды ешкілерді көбейту, етін өндіру және сүтін өңдеу цехы бар. Жобаның жалпы құны – 20 млн теңге. Іскер азамат жыл аяғына дейін кәсібін бастауға құлшынып отыр. Бұл жоба жүзеге асса 12 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жеке кәсіпкер М.Қанибаев та индустриалдық ай­мақтан 3000 басқа арналған жұмыртқа бағы­тындағы шағын құс фермасын ашуды жоспарлаған. Жобаның жалпы құны 10 млн теңгені құрайды. Бүгінде кә­сіпкерге аталған аймақтан 0,2 гектар жер телімі берілді. Құс фермасы толық іске қосылған жағдайда 5 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде мұндай кәсіпорындардың жоқ екенін ескерсек, М.Қанибаевтың бұл бастамасын тың жобалар қатарына жатқызуға болады.
Индустриалды аймақта алдағы уақытта мұнан бө­лек Ғ.Исахановтың күріш ақтау цехы іске қосылады. Жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асса, 7 адам жұмыспен қамтылмақ. Цехта тәулігіне 60 тонна күріш ақталады. Сондай-ақ, мұнда мал азығына пайдаланылатын жем де өндіріледі. 1 гектар жер теліміне қол жеткізген кәсіпкер жыл аяғына дейін күріш ақтау цехын іске қосуға ынталы. Индус­триалды аймақтағы күріш ақтау цехы мұнымен шектелмейді. «Сыздық» ШҚ да тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру цехын ашуды қолға алуда. Жобаның жалпы құны – 100 млн теңге. Кәсіпкерге бүгінде 2 гектар жер телімі рәсімделіп берілді. Жоба келер жылдың алғашқы алты айлығында іске асатын болады. Күріш ақтау цехы жұмысын бастаса, тағы да 15 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Келер жылдың бірінші жарты жылдығында іске асатын жарқын жобалардың қатарында «СержанГазСтрой» ЖШС-ның токарлық цехы да бар. Жоба құны – 10 млн теңге. Серіктестік басшысы алдағы уақытта үлкен табысқа қол жеткізетініне сенімді. Сондай-ақ, ол өз кәсібімен 3 адамды жұмыспен қамтуға ниеттеніп отыр.
Күз аяғына таман базарларда көкөніс бағасы құбыла түседі. Өңірдегі жылыжайлар қатарының аз болуы бұған себеп болып отыр. Осыған орай аудан әкімі әрбір елді мекенде кем дегенде бір жылыжайдан болу қажеттігін ескерткен еді. Ұтымды ұсынысты жеке кәсіпкер Ж.Кәрібоз қос қолдап қолдады. Осылайша, ол индустриалды аймақтан бір емес, бірнеше жылыжай ашуды қолға алды. Кәсіпкер жобасының жалпы құны – 6 млн теңге. 0,3 гектар жер телімін рәсімдеп алған Ж.Кәрібоз алдағы жылдың алғашқы алты айлығында 3 жылыжайды іске қосып, 4 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Келер жылдың бірінші жарты жылдығында жеке кәсіпкер М.Көптілеуовтің төсеніш бұйымдарын химиялық тазалау орталығы мен К.Құлмахановтың мал бордақылау алаңы да жұмысын бастайды. Қос жоба іске қосылса, 8 адам жұмыспен қамтылмақ.
«Серпіндегі» серпінді жобалар алдағы уақытта аудан әлеуетінің ілгерілеуіне де өз үлесін қосары сөзсіз. Мұндағы жаңадан ашылатын жұмыс орындары да жұмыссыздық мәселесін шешуде маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау барда Жалағаштағы жарқын жобалардың қатары мұнымен шектелмесі анық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

22 қыркүйек 2018 ж. 1 152 2

Гость Jeaplause от 18 ақпан 2019 12:56
Tipos De Propecia Prezzo Viagra E Cialis viagra Cialis 10 Effet Buy Tamoxifen For Men

Гость Jeaplause от 10 наурыз 2019 00:21
Buy Viagra Gold cialis overnight shipping from usa Cheap Elocon Mometasone Overnight Shipping Internet Shop Overseas Levitra 20 Mg Cost Walmart Discount Clobetasol Medicine Tablets Over Night