» » ЖАЛАҒАШТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР

ЖАЛАҒАШТАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР

Кез келген өңірде кәсіпкерлікті ілге­рілету және салықтық базаны ны­ғайту – жергілікті әкімдіктің басты мақсаты. Әрине, бұл екеуі бірі-бірімен тығыз байланыста болғандықтан бөле жарып ал­ға өрлету мүмкін емес. Сондықтан біз қалыптасқан салықтық база жасау үшін алғашқысына айтарлықтай жұмыс жасауымыз қажет.
Өңірде биыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» болып жарияланғанын білмейтін тұрғын кемде-кем. Сондай-ақ, оны 3 жылға ұзарту мерзімі де қолдау тапқаны тұрғындар үшін тиімді болып отыр. Әртүрлі қаржы көздерінен қаралған 32 млрд теңгенің бір ғана салаға бағытталуы кәсіпкерлікке қанат бітірмесе, артқа тартпайды. Ендеше кез-келген азаматтың алдында тұрған жалғыз міндет – мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып кәсіп ашу.
Қыруар қаржы бағытталған бұл салада тың бастамаларды қолдаудың жаңа тетіктері жүзеге асуда. Бұған қоса аймақ басшысының тапсырмасы аясында кент және ауылдық округтерге жетекшілік ететін жауапты мекеме басшыларының бекітілуі де істің ілгерілеуіне жол ашары сөзсіз. Осы тұрғыда біздің жалағаштықтар да кәсіпке бет бұрып, мемлекет ұсынған мүмкіндіктен құр қалғысы жоқ.
Жалпы аудан тұрғындарының кә­сіп ашып, іс бастауға деген беталысы­ жаман емес. Әр түрлі бағытта жоба әзір­леуде табандылық танытып отыр. Олар­дың бірқатары бүгінде қолдау тауып, кәсібінің игілігін көріп те жүр. Айта берсек, бір тақырыпты қаузай бергендей боламыз. Бірақ, мемлекеттің аталған са­лаға қаржылай да, тәжірибені жетілдіру бағытында да көрсетіп жатқан қолдауы орасан. Осы жылдың алғашқы алты айында ауданның өзінде 440 адамға кеңес беріліп, сервистік қолдау бойынша 98 кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Бұл тұрғыда «қаржы көзінен тапшылық болмаса құр оқудың не қажеті бар» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл – әрине, жаңсақ пікір. Шығыс көздерін кеміте отырып табысқа кенелу кез келген кәсіпкердің басты мақсаты болса мұны арнайы оқытудан өтпей жүзеге асыру мүмкін емес. Әрине, тәжірибесіз де бұрыннан кәсіп ашып, аталған салада айтарлықтай қолтаңбасы қалған азаматтарға мұндай оқытудың қажеті жоқ та шығар. Бірақ, бізде бұл салаға келгендердің басым көпшілігі кәсіпкерлікке енді аяқ басқандар болып отыр.
Ауданда «Бизнес-кеңесші» жобасымен былтыр 218 адам тәжірибе шыңдаса, биылғы жылдың алғашқы алты айында 115 адам білімін жетілдірді. Олардың 43-і кент тұрғындары болса, қалғаны Аққұм, Мәдениет, Бұқарбай батыр ауылдарына тиесілі. Сондай-ақ, биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 68 адам тәжірибе шыңдап, оның 56-сы өз жобасын қорғап үлгерді.
Өткен жылы қайтарымсыз инновациялық грант беру бойынша «Өңірлік үйлестіру кеңесінің» қарауына 28 жоба ұсынылған еді. Нәтижесінде, 10 жоба жалпы құны 6 млн 140 мың теңгені құрайтын грантқа ие болды. Осы жылы да аталған бағдарлама аясында жобасын ұсынған азаматтарға кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қолдау көрсетті. Нәтижесінде, 64 жобаға бизнес-жоспар әзірленіп, 100-ден астам адам екі күндік «Бизнес кеңесші» оқу курсына қатысты. Нәтиже де жаман болған жоқ. Аудан бойынша жалпы құны 21 млн 517 мың теңгені құрайтын 26 жоба қолдау тапты. Шаштараз, тігін цехы, монша, құс шаруашылығы сияқты әртүрлі кәсіп ашуды көздеген тұрғындар жобасының қолдау табуы қуантарлық жағдай. Мұнан бөлек «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтардың, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің 36 жобасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан қолдау тапты. Жалпы ауданда қанағаттандырылған 76 жобаның жалпы құны 271,6 млн теңгені құрады.
Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы жанындағы бақылау кеңесінде ауданнан ұсынылған 46 жоба қаралған болатын. Бүгінде оның жалпы құны 70,5 млн теңгені құрайтын 32 жобасы мақұлданды. Қазіргі таңда осы жобалардың құжаттары жинақталып, қаржыландыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүруде. Жетек­шілерге келсек, 4 жобаның иесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Бизнес Кеңесші» компаненті бойынша екі күндік оқу курсына қатысқан болса, 28 жоба жетекшісі «Бастау Бизнес» бойынша 1 айлық оқу курсына қатысып, оны жүзеге асырудың жай-жапсарымен танысқан. Олардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, тігін цехы, сән салоны, жолаушылар тасымалы секілді жұмыс түрлерін ұйымдастыруға ниет білдіріп отыр.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ.
31 шілде 2018 ж. 817 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930