» » АУДАНДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЯДЫ

АУДАНДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЯДЫ

Кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеу­етінің артуына ықпал етеді. Сондықтан аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы биылғы жылды «өңірде кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялады.
Кеше аудан әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов және облыстық бас­қарма басшылары, сонымен бірге бірнеше қар­жы институттары өкілдерінің қатысуымен өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жайы тал­қы­ланған жиын өтті. Басқосуда аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев қазірде мемлекет тара­пынан кәсіпкерлікті дамытудың барлық тиімді тетіктері мен қаржылық мүмкіндіктері қарастырылғанын сонымен бірге аталған сала­ның базалық жағдайы, методикалық тұс­тары жетілдіріліп, кәсіпкерлердің құқығы заңды тұрғыдан қорғалғанын тағы бір еске салды. Мұны аудан басшысы алдағы жиын барысында күн тәртібіндегі мәселеге қатысты айтылатын ұсыныс-пікірлер мен сауалдарға тұздық етті. Өйткені, біздің ауданда кәсіпкерлік саласы кенжелеп қалған. Оған аудандағы халық санының төмендігі, өңірдің климаттық жағдайының қолайсыздығы себеп екенін айтады көбі. Бірақ, бұл сылтау емес. Кәсіп бастаймын деген адамға қазірде еш кедергі жоқ. Оны аудан басшысы айтты. Тек енді кәсіппен айналысқысы келетін талапкерлерге аудан орталығындағы кәсіпкерлік палатасы дұрыс бағыт беріп, құжат дайындау барысында өз деңгейінде құқықтық көмек көрсетуі тиіс. Өйткені, кәсіппен айналысып, оның жемісін көру оңай шаруа емес. Бастаған кәсібіңнің нәтижесі болуы үшін құқықтық сауатың да болуы шарт. Жоғарыда айтып өттік, қазірде кәсіпкерлердің құқығы заң аясында қорғалған. Демек, әрбір кәсіпкер іс бастағанда қолға алған кәсібінің жүйелі түрде жүргізілуін қаперге алуы тиіс. Ол үшін алдымен бизнес-жоспар жасап, содан соң мемлекеттен алатын қаржылай несиеге қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды түгендеуі керек. Қазірде жоспарсыз ісің алға баспайды. Бизнес бастағанда да жоспарыңыз дұрыс болмаса, еткен еңбегіңіз зая кетіп, қазынадан алған қаржыңыз желге ұшады. Оған дәлел жетерлік. Сосын айта кетер бір жайт, кәсіпті қолға алған әрбір адам алдымен өзі үшін бастаған ісін ел игілігі үшін жалғастыруы керек. Яғни, кәсібін кеңейткен бір адам айналасындағы он адамды жұмыссыздықтан құтқаруы тиіс. Біріншіден, бұл Елбасының саясаты, екіншіден, ата-бабадан қалған бойымыздағы қайырымдылық, отаншылдық секілді қасиеттерді қалғып кетуден сақтандырады. Қазіргі талап та, мақсат та – халықты кәсіпкерлікке бағыттап, жұмыспен қамту, өнім өндіру, ел тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту. Аймақ басшысының да осы жылды «Сыр өңірінде кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялап, барлық қаржы институттарының басын біріктіріп, өңірде кәсіпкерліктің қанат жаюына үлкен қолдау көрсетіп отырғанының түпкі себебі де осы.
Сонымен аудан басшысының айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен ауданымызда 2373 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 2016 жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға артты. Нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 1780 құрап, 21 пайызға көбейді. Нәтижесінде 8482 адам жұмыспен қамтылды. Ал, өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 174 жобаға 1 млрд. 408 млн теңге несие алынған. Биылғы жылдың өзінде «Бас­тау бизнес», «Бизнес кеңесші» қысқа мерзімді оқыту курстарына ауданнан 210 адамды оқытуды жоспарланып отыр. 2018 жылы қаңтар айында «Нәтижелі жұмыспен» қамту жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 27 жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 81,6 млн теңгеге қаржыландырылған.
Сондай-ақ «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2017 жылы 14,8 млн теңгеге 3 жоба қаржыландырылса, биыл 3 айдың ішінде 163,2 млн теңгені құрайтын 34 жоба ұсынылып, соның 59,3 млн теңгесін құрайтын 15 жоба оң қорытындысын алған. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікке бөлінетін қаржының көлемі ұлғаймаса, кемімейді. Тек мемлекет қаржысын тиімді пайдаланып, жұмыстан нәтиже шығару керек.
Демек, бұл көрсеткіштер ауданда кәсіпкерлік мүлдем жоқ деген түсінікті теріске шығарады. Бастысы, аудан халқының кәсіп етуге ынтасы бар, бетбұрысы жақсы.
Жиында сөз алған Руслан Рүстемұлы: – Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы біздің алдымызға қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту, салық базасын ұлғайту секілді маңызды міндеттерді қойып келеді. Соның ішінде тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау, әлеуметтік бағдарламалық қоғам құру, нарықтық экономиканы қалыптастыру және қоғамдық ой-сананы жаңарту, қайта жаңғырту күн тәртібінен бір сәтке түскен емес. Жаңа жұмыс орындары ашылса, жұмыссыздықтың деңгейі төмендеп, халықтың ертеңге деген сенімі нығаяды. Кәсіпкерлік өркендесе салық базасы ұлғайып, бюджеттің түсімі молаяды. Ал, бюджет қазаны толса, мемлекеттің қуаты артады. Сондықтан Елбасы 2020 жылға дейін салыққа шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін түсімді 50 пайызға жеткізуді міндеттеді. Соңғы уақытта аймағымызда кәсіпкерлік саласы жанданды. Аймақ басшысы бұл аталған салаға мейілінше жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Тіпті биылғы жылды «кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Бұл баяндама арасындағы бос сөз емес. Енді облыс орталығы, барлық аудандар мен елді мекендердегі кәсіпкерлік субъектілері тізімделіп, мониторинг жүргізіліп отырады. Биылғы жылы Жалағаш ауданының кәсіпкерлік саласында серпіліс болады деп сенеміз. Ол үшін тек кәсіпкерлік саласының мамандары ғана емес, кәсіпкерліктің механизмдерін барлық саланың мамандары меңгеруі тиіс. Бұл бүгінгі заманның – талабы, – деді Руслан Рүстемұлы.
Одан соң сөз алған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Дос­жа­нов кәсіпкерлікті дамытудың жолдары, кәсіп бас­тау­дың тиімді тетіктері, республикалық және өңірлік дең­гейдегі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсібін қаржыландырудың мүмкіндіктері жайында түсіндірді. Сондай-ақ қайтарымсыз грант қаражатын алудың жолдарын да тарқатып айтты. Жоғарыда айтып өткендей, ең бастысы кәсіп істеуге талап қылған әрбір тұлға бизнес-жоспарды сауатты жасауы тиіс екенін, ал олай болмаған жағдайда еткен еңбек еш болып, кәсібі құрдымға кететінін айтты. Айта кетейік, қайтарымсыз грант қаражатын алуға ниет еткендер де өзі тұрған өңірде бұрын болмаған жоба ұсынуы тиіс екенін еске салды. Ал, ол үшін кәсіппен айналысамын деушілер аудан орталығындағы кәсіпкерлік палатасындағы мамандардан кеңес алуына болады. Тіпті қажет еткен жағдайда олар бизнес-жоспарды жасауға да көмек береді.
Сол секілді «Қызылорда өңірлік ивестиция орталығы» ЖШС директоры С.Ерниязов аталған орталықтан несие алудың жолдарын және талаптарын түсіндірсе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының менеджер маманы Қ.Матназаров өздері тарапынан кәсіпкерлікке қандай қолдау болатынын айтты.
Жиын соңында қатысушылар мамандарға кәсіпкерлікке байланысты сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Жиынды аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы қорытындылап, тиісті сала басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне кәсіпкерлік саласына жасалып отырған мемлекеттің қолдауы мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды тапсырды.

Қ.АХЕТОВ.

18 сәуір 2018 ж. 1 039 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930