ҚАРЖЫ БАР, ҚОЛДАУ БАР ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК ЕТСЕҢІЗ...
Өткен аптада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінде банк өкілдерімен кездесу жиыны өтті. Оған шаруашылық басшылары, қаржы ұйымдарының өкілдері, тиісті сала жетекшілері қатысты.
Кездесуде егін науқанына дайындық барысы, кәсіпкерлікті дамыту мен бейресми жұмыспен қамтылған халықтың қызметін заңдастыру және Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің базасында ашылған жылыжайдың жұмысы пысықталды. Алдымен, аудан әкімінің орынбасары А.Дәрібаев егіс дақылдары себілетін тиісті жерге сүдігер жүргізілгенін хабарлады. Оның сөзінше, көктемгі дала жұмыстарына, егін науқанына ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай тұр.
Мәселен, өткен жылы барлығы 35458 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, аудан бойынша 13 516 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Оның негізгі бөлігін күріш дақылы құрайды. Ал, биыл да шаруашылықтар мол өнім алуды көздеп отыр. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы техникалары жыл өткен сайын жаңаруда. Соңғы екі жылда «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 37 техника келсе, шаруа қожалықтар өз қаражат есебінен 14 дана (2017 жылы 33 дана) әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Бұл дала дихандарының жұмысын ілгерілетіп, жерді баптау жұмыстары мен шыққан өнімді ысырапсыз жиып алуды жеделдетті.
Жаңадарияның құнарлы жерін тиімді пайдаланып, қамбаны мол өнімге толтырған қожалықтардың бірі – «Магро». Өткен жылы 100 гектар қауын, 5 гектар көкөніс дақылдарын егіп, өнімнің көп бөлігін Ресей Федерациясына экспорттады. Пайдаға белшесінен батқан шаруа иесі биыл да тың жерді игеруге білек сыбана кірісіп отыр. Басқосуда аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев жер баптап, кәсіп етуге ынталы азаматтар болса, оларға да қолдау бар екенін тағы бір еске салды.
Кездесуде сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының менеджер маманы Қ.Матназаров шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін жаңа жобаларымен таныстырды.
– Биылдан бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» ірі кәсіпорындарды ғана емес, шағын және орта кәсіпкерлікті де қолдап, кепілге қойған мүлкінің 85 пайызын, ал банк қаржысының 50 пайызын субсидиялайды. Сонымен бірге, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған көптеген жаңа жобаларымыз бар. Мұның барлығы халық игілігі үшін жасалған жеңілдіктер, – деді ол.
Ал екінші деңгейлі банк өкілдері өздерінің ұсыныстарын айтып, несиелеудің жаңа тетіктерін көрсетті. Жалпы, біздің түсінгеніміз кәсіп бастағысы келгендерге еш кедергі жоқ екен. Керісінше, мемлекеттік бағдарламалар демеп, қаржы ұйымдары көмекке келеді. Осылайша, осы жылы ойға алған ісіңізді дөңгелетуге мол мүмкіндік туып тұр.
Өңір басшысы Қайратбек Әубәкірұлы жыл он екі ай өнім беретін жылыжай кешенін дамытуға басымдық беру қажеттігін айтып, аграрлық саланың әлеуетін арттыратын мұндай жобаларды ауылдарда да қолға алуды тапсырды. Мұны құптаған банк өкілдері кәсіпті қолға алған азаматтардың сұрауы бойынша банктен пайыздық үстемесі жеңілдетілген несие берілетінін жеткізді. Мәселен, Жалағаш аудандық индустриалды-аграрлық колледжіндегі жылыжай кешені алдағы жылы өз шығынын толығымен өтеп, пайдаға шығады. Көп қаржы талап етпейтін бұл жобаны дамытуды шаруашылық басшылары да құптап отыр. Енді, ауылдағы ағайындар да қолға алса, өңірде аграрлық сала алға жылжып, тұрғындарды жергілікті көкөніспен қамтуға мол мүмкіндік бар.
Басқосу соңында аудан әкімі шаруашылық иелерін ауылды дамытып, туған жерді көркейтуге шақырды. Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына қосымша тапсырма жүктеді.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.