КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ кеңейді
Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде шағын несие беру аясын кеңейту жөнінде тапсырма берді. Мұндағы мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту.
Аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» әзірленді. Мұндай мол мүмкіндікті тиімді пайдалануға талпынған ауыл тұрғындары да кәсіп бастауға өтініш білдіріп, пайыздық үстемесі жеңілдетілген қаржыға қол жеткізуде.
Айталық, ауданда 2350 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұдан өткен жылмен салыстырғанда 132 субъектіге артқанын байқауға болады. Нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,4 пайызға артып, 1798 бірлікті құрап отыр. Аталған кәсіпкерлік нысандарына 8681 адам жұмысқа тартылыпты. Бір қуантарлығы өткен жылмен салыстырғанда жұмыс істейтін адамдар саны 480-ге өскен.
Шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында бірінші жартыжылдықта жалпы құны 913,7 млн теңгені құрайтын 146 жоба қаржыландырылып, облыс бойынша біздің өңір алдыңғы қатарға шықты. Демек, басқа өңірлерге қарағанда жалағаштықтардың кәсіп бастауға деген ынтасы жоғары екенін аңғаруға болады.
Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы құны 645,9 млн теңгені құрайтын 4 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Серпін» индустриалды аймағында бүгінгі күнге 4 өндіріс орны жұмыс жасауда. Өткен жылы осы индустриалды аймақтағы өз мақсатында пайдаланылмаған 7 гектар жер телімі кері қайтарылған болатын. Бүгінде индустриалды аймаққа 5 жобаны орналастыру үшін 3,9 гектар жер телімі табысталып, 2 күріш ақтау және мал азығын дайындау зауытының құрылыс жұмыстары басталды.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетін маңызы зор жобалардың бірі – «Nomad Solar» ЖШС-ның күн энергиясын пайдалантын электр станциясының құрылысы. Енді, өзімізде өндірілген электр энергияның игілігін көретін күн алыс емес. Жуырда өңірде қуаттылығы 30 МВт күн электр станциясының құрылысы басталады.
Күн сәулесі – болашақтың сарқылмас энергиясы. Аталған жоба сәтті жүзеге асса, ең алдымен өңірдің экономикалық дамуына оң ықпалын тигізбек. Өзгеге тәуелділіктен арылып, тариф бағамын реттеуге де мол мүмкіндік туады. Станция салуға кенттің шығыс аумағынан 164 гектар жер берілмек. Күн сәулесінен қуат алатын құрылғылар орнатылып, станция іске қосылғаннан кейін мұнда шамамен 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту қарастырылған.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ.
Пікір 2