» » Қазақстанда 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек қалай төленеді

Қазақстанда 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек қалай төленеді

2022 жылы атаулы әлеуметтік көмектің қалай төленетіні белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек кімге беріледі? Ең төменгі күнкөріс деңгейі және кедейлік шегі. Атаулы әлеуметтік көмек әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен адамдарға тағайындалады: бұл мән (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы) "кедейлік шегі" деп аталады.

2021 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болса, 2022 жылы ол 36 018 теңгені құрайды. Сол себепті кедейлік шегі 2021 жылы 24 011 теңге болса, 2022 жылы бір адамға айына 25 212 теңге төленеді.

Егер 2022 жылы отбасы табысы бір адамға шаққанда айына 25 212 теңгеден аз болса, онда мұндай отбасы осы отбасының барлық мүшесі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады.

Отбасының орташа табысын есептеу кезінде мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы есепке алынбайды. Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көлемі қандай болады?

Атаулы әлеуметтік көмек көлемін әр адамға қатысты жеке есептейді. Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни 25 212 теңгеден отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын шегеру қажет. Кейде отбасының әрбір мүшесіне 1000 теңге немесе 20 теңге, тіпті 1 теңге атаулы әлееуметтік көмек тиесілі болуы мүмкін.

Атаулы әлеуметтік көмектен неге бас тартуға болмайды?

Егер отбасы аз да болса атаулы әлеуметтік көмек алса, онда бұл отбасының балалары үшін еңбек министрлігінен (егер балалар 1-6 жас аралығында болса) немесе білім министрлігінен (6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін) көмек беріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 1-6 жас аралығындағы балаларға не тиесілі Мұндай балаларға ай сайын азық-түлік және гигиеналық заттар жинағы беріледі. Онымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдары қамтамасыз етуге тиіс. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жинағына мыналар кіреді: жеміс және (немесе) көкөніс гипоаллергенді езбесі – кемінде 1200 грамм; балаларға арналған гипоаллергенді сәбилер ботқасы – кемінде 320 грамм; қаптамадағы жүгері жармасы – кемінде 400 грамм; қаптамадағы сұлы қауыздары – кемінде 800 грамм; балаларға арналған печенье – кемінде 180 грамм; пастерленген немесе ультрапастерленген сүт – кемінде екі литр. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жинағына мыналар кіреді: пастерленген сүт – кемінде екі литр; қатты бидайдан дайындалған макарон, сұлы қауыздары, арпа жармасы, шағылған асбұршақ – барлығы кемінде 800 грамм; ұнтақ жармасы – кемінде 700 грамм; қарақұмық немесе күріш жармасы – кемінде 1,6 кг; күнбағыс майы – кемінде 0,8 литр; гематоген – кемінде 240 грамм; құрамында бүтін астық дақылдар бар таңғы асқа арналған сүтке қосатын тағам – кемінде 250 грамм; балаларға арналған печенье – кемінде 400 грамм; таза бал – кемінде 200 грамм. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия құралдарының ай сайынғы жинағына тіс пастасы, тіс щеткасы, гипоаллергенді сабын, сусабын, жақпамай, кір сабын және кір жуғыш ұнтақ кіреді.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 6-18 жас аралығындағы балаларға не тиесілі? Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия жинақтары берілмейді. Бірақ білім және ғылым министрлігінің басқармалары мен бөлімдері оларды мектепке қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етеді. Біріншіден, бұл балалар мектепте күнделікті тегін тамақтануға құқылы болса, екіншіден, олардың қоғамдық көлікте жүру құнының 50 пайызы өтеледі. Сонымен қатар балаларға мектеп формасы және мектепке қажетті құралдар беріледі (жылына бір рет). Ұл балалар пиджак, желетке, шалбар, жейде немесе водолазка және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі. Қыздарға пиджак, желетке, белдемше немесе сарафан (немесе шалбар), жейде немесе водолазка және аяқ киім беріледі. Бұл жинаққа сондай-ақ спорт костюмі мен спорт аяқ киімі кіреді. Кеңсе заттарының жинағына рюкзак, сонымен қатар дәптер, қаламсауыт, қарындаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, жоғары сыныпта оқитындарға – циркуль, ал төменгі сыныптағыларға сурет салуға арналған альбом мен бояу кіреді. Атаулы әлеуметтік көмек қашан беріледі? Атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген күнге қарамастан азамат жүгінген күннен бастап тағайындалады. Мысалы, егер өтініш 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде жолданса, онда төлем бүкіл айға толық төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек кімге берілмеуі мүмкін?

Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартты ақшалай көмек отбасында еңбекке жарамды адам болған жағдайда тағайындалады. "Алты ай ішінде жұмысқа тұрудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылады. Ол тұрмысы төмен отбасыға жатпайтын, көрінеу жалған ақпарат берген адамдарға, учаскелік комиссияға сәйкес атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес адамдарға тағайындалмайды", - деді Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Есіл аудандық әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бөлімінің басшысы Самал Ахметова.

21 желтоқсан 2021 ж. 280 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930