» » Қазақстанда құрастырылатын автокөлік түрі көбейеді

Қазақстанда құрастырылатын автокөлік түрі көбейеді

Премьер-министр Әлихан Смайылов машина жасау саласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, машина жасау саласында 3 мыңға жуық кәсіпорын бар, 115 мың адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің жалпы көлемінің 14%-і (16,8 триллион теңге) машина жасауға тиесілі.

Саланың ең ірі секторларының бірі — автомобиль жасау (33,1%). Келешекте елімізде құрастырылатын автомобильдердің модельдік қатарын кеңейту, сондай-ақ бампер, орындық, автомобиль шынысы, пластиктен жасалған бөлшектер, шиналар сынды автокомпонент өндірісін ретке келтіру жоспарланып отыр.

Кеңес барысында Қазақстанда электротехникалық машина жасау салаларында аккредиттелген зертханалар жоқ екені айтылды. Сондай-ақ, кабельдік-өткізгіш өнімдер бойынша ұлттық стандартты әзірлеу қажет екені де сөз болды.

«Бұған қоса ауыл шаруашылығы техникасын шығару саласында өндірістің толық тізбегін құру үшін кәсіпорындар арасындағы кооперацияны реттеген жөн. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу процесі бойынша ел ішіндегі құндылығын арттыру үшін шаралар қабылдау қажет», – делінген үкімет басшысының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Машина жасауды дамытудың қосымша шаралары ретінде базалық өндірістер құру (болат импортын азайту) және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорын қаржыландыруды кеңейту жоспарланған.

«Машина жасау саласы – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторы. Импортты алмастыру, әсіресе, аймақтық нарықтарға экспортты кеңейтуде орасан зор әлеует бар. Осы саланың серпінді дамуына жағдай жасап, қажетті қолдау шараларын іске асыруға тиіспіз», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ аз уақыт ішінде айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
30 сәуір 2022 ж. 148 0