ЦИФРЛАНДЫРУ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ экономиканы қалыптастырады
Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы басты құралы. Осы ретте, цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес құрылып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстан 2018-2022 жылдары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырады. Бағдарламада экономика саласын цифрландыру, сандық мемлекетке көшіру мақсаты айқын көрсетілген. Сонымен бірге, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құру бағытын қамтиды. Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынып, компьютерлер үйде де, жұмыста да негізгі ақпарат құралы ретінде танылды. Ақпараттық жұмыстардың барлығы компьютердің көмегімен жасала бастады және ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Сымсыз телефондар, желілік телеарналар да осы бағдарламаның жемісі. 2011 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Бүгінде ұлттық оператор қызметін пайдаланатын үй шаруашылықтарының саны миллионға жуықтады. Цифрлы стандартқа көшкен сәтте, Қазақстанда жерсеріктік жүйе абоненттерінің саны небәрі 6 300 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш аталған қызметтің халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін айқындайды.
Айта кетейік, «Электрондық үкіметті» құру идеясын Қазақстанда алғаш рет ел президенті Н.Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» мемлекеттік бағдарламасында көтерді. «Электрондық үкіметті» Қазақстанға ендіру мемлекеттік органдардың азаматтар мен ұйымдарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және мерзімдерін қысқартуға, әртүрлі мемлекеттік базаларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиімді де оңтайлы мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған. Осы тұста айта кету керек, «электронды үкімет» қызметін пайдалануды әлемнің дамыған елдері жемқорлықты азайтудың бірден-бір тәсілі деп қабылдап, интернет арқылы жүзеге асатын халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын одан әрі дамыта түсті. Ең алғаш рет америкалықтар интернет ресурс арқылы қызмет көрсету жүйесін кеңінен қолданып, «Электронды үкімет» түсінігін қалыптастырды. Ал, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, «электронды үкімет» порталын тиімді әрі сапалы өмір салтын қалыптастыруға бағыттаған және бұл қызметті қолданудың барлық жетістіктерін жетік игерген елдердің алдыңғы сапында – Сингапур тұр. Олар мемлекеттік басқарудағы барлық қызметтерді «электронды үкімет» порталына шоғырландыру арқылы халқының тұрмыс сапасын одан әрі арттыруды жолға қойған. Мұнан соң, Жапонияда «электронды үкімет» дамудың құрамдас бөлігіне айналып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында әлемдік көшбасшылық дәрежеге жетуді көздеген. Одан соң, бұл түсінік Англия, Германия, Дания және Еуропалық одақ елдерінде кеңінен етек алып, ақпараттық қоғамды қалыптастырудың негізгі құралы ретінде қарастырыла бастады. Сондай-ақ, Ресей, Австралия, Австрия, Канада, АҚШ, Франция, Швейцария және басқа бірқатар елдер 1990 жылдардан бастап спутниктік, телекоммуникациялық және геоақпараттық технологияларды пайдалана отырып, сандық технологияның мүмкіндіктерін қолдана бастады.
«Цифрландыру» – бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыратын жетістік кепілі. Бұл үшін қоғам алдында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы 10 бағытты жұмылған жұдырық болып іске асыру міндеті тұр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 бағытындағы міндеттерді нақты жүзеге асырсақ, Қазақстан озық отыздыққа енуге мол мүмкіндік алады. Мұнымен қоса, ел ішіндегі өндірісті жаһандық жаңғырту және цифрландыру шеңберінде тоғыстыру керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістігін тұтынады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.