» » КӨҢІЛІНЕ ҚАРАЙМЫН ДЕП, КӨЗІНЕН АЙЫРМАЙЫҚ

КӨҢІЛІНЕ ҚАРАЙМЫН ДЕП, КӨЗІНЕН АЙЫРМАЙЫҚ


Көзілдірігімнің құлақшасы сынып қалған соң қалпына келтіру үшін облыс орталығындағы оптикалардың біріне бардым. Кезекте тұрған адамның көптігін көріп “Жұрттың бәрі көзден қалған ба?” деп қоямын. Не керек, жиырма бірінші болып кезегімді алып, көптің жанына жайғастым. Жанымдағылардың қасында 4-5 жасар балалар мен мектеп оқушылары да бар. Үлкендердің ішіндегі алты кісі ғана көзін көрсетуге келген. Ал қалғаны немерелері мен балаларын алып келіпті. Олардың өзара әңгімесіне құлақ түрсеңіз, бар кінәні телефонға жабуда.
– Телефоннан туғандай азаннан кешке дейін осыдан шықпайды.
– Мынау да сол, бермесең аңырап сала береді.
Не керек, әңгіменің басы шығып еді, кезектегілердің бәрі араласа кетті. Біз осы қашан сақтансақ сақтайтынын түсінеді екенбіз. Жаппай залалы неден болатынын біледі, бірақ оған қарсы әрекет жасамайды. Мұндағы ата-аналар әлгінің зияны жайлы әңгіме қаузайды, ал олардың 4-5-еуінің алдында балалары телефонмен ойнап отыр.
Мен бұл жерде белгілі бір топты ғана сөз етейін деп тұрғаным жоқ. Шын зер салсақ, бұл кемшілік бәрімізде бар. Өткенде қала іргесіндегі Нағи Ілиясов ауылындағы ағамның үйіне барғанмын. Үш жасар інім алдымнан шығып “Пепон берш” дейді. Тағы да жаңа құрылғы шыққан ба деп қалмаңыздар, “пепоны” телефон дегені ғой. Қазір отбасында ұсақ-түйек мәселелерге мән беру қалып бара жатқан сияқты. Арты осындай салдарға ұласып жатады. Інімнің қолына телефонды бере салдым. Алды да басқа бөлмеге кетті. Арада біраз уақыт өтті, бір шәй ішіп алдық. “Жаңағылар сыртқа шығып кеткен жоқ па, неғып тым-тырыс бола қалды? Көшеге шығып кетпесін” деп артынан қарындасымды жібердім. Сырттан іздеген інім іште отыр екен. Іште отыруын отыр ғой. Бірақ бар зейіні телефонда.
Бір сәт балалыққа көз жүгірттім... Ау, баяғы ләңгі теуіп, асық ататын бала қайда? Бізге дейін ағаларымыз да осы ұлттық ойындарды ойнап өсті, артынан оны өзіміз жалғай әкеттік. Таң қалатыным, қазіргі балалар белгілі бір орта қалыптастырып алды. Жаңағы ағалар ойнаған асық пен ләңгі бізге жетуін жетті ғой. Сонда біз осыларға жеткізе алмағанымыз ба? Бүгінгілер дөңгелекше келген қос кардонды жерге ұрып, аударғанға мәз. Үйге келсе телефоннан шықпайды. Ауыл баласының ісі мынау, қалғанынан не қайыр, не үміт?
Кеше әлеуметтік желіде бір мәліметті көзім шалып қалды. Әлемде жылына 5 миллион бала смартфонның салдарынан көз жұмады екен. Мынау дегеніңіз масқара көрсеткіш қой. Сенгің келмейді. Бірақ мұндай қорытындыны дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шығарған. Ондағы мамандардың сөзінше, жеткіншектердің 80 пайызы өмірін смартфонсыз елестете алмайтын көрінеді. Бұған тағы сенбейін десең жаңағы жағдайлар өзің өмір сүріп жатқан қоғамда болып жатыр.
Тізе берсең смартфонның салдары көп, баланың көз жанарын құртады, жүрек пен мидың қызметін бұзады, тіпті обыр ауруына дейін шалдықтырады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бөлек австралиялық ғалымдар да мұның басқа да зияндарын анықтапты. Мәселен, телефонды көп ұстаған жанның басында 3 сантимерге дейін қосымша тағы бір сүйек пайда болатын көрінеді. Бізде мұндай техникалардан келетін залалды анықтауға құрылғыларымыз қауқарсыз. Десе де мамандар жоғарыда келтірілген деректерді жоққа шығармайды. Дәрігерлердің айтуынша, әлгі қосымша сүйек ми бөлігін қаптап тұрған тұстан шығады екен. Ол кейін бүкіл ағзаның қызметінің бұзылуына әкеп соғады.
Қарап отырсаңыз, мұның бәріне өзіміз кінәліміз. Психологтар да балалардың телефонға тәуелді болып кетуіне ата-аналардың өздерін айыптап отыр. Себебі оларға сәбиі жыламай, тынышталып қалуы үшін қолына смартфон ұстата салу оңай. Бұл пікірге жоғарыдағы бір апамыздың “Мынау да сол, бермесең аңырап сала береді” деген сөзі дәлел бола алады. Қазіргі таңда үлкендердің 23, ал балалардың 80 пайызы өмірін смарт­фонсыз елестете алмайды екен. Яғни бұл жерде жасөспірімнің үлесі біздің қатарды басып озды деген сөз. Мамандар бұған тәуелділік есірткі мен түрлі психотропты заттардан да қауіпті екенін айтады. Смартфонның салдарынан бала агрессивті болып, тіпті депрессияға түсуі ықтимал. Сондықтан жаңағы мамандардың баланың тағдырына бей-жай қарамай, оларға көбірек көңіл бөлу керектігін еске салғаны орынды.
Біз “Бір сәттік тыныштыққа бір адамның тұтастай өмірін айырбастап жатқан жоқпыз ба?” деген мәселеге алаңдауымыз керек. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан әр нәрсені пайдаланудың өз тәртібі мен уақыты болатынын ескергеніміз абзал. “Телефон бермесең жылайды” деп ығына жығылу бізді алысқа алып бармайды. Кейінгі буынның көңіліне қараймын деп, көзінен айырмайық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

20 шілде 2019 ж. 426 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 772

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930