Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы 550 мың теңгеге дейін көтеріледі
Дәрігерлердің орташа еңбекақысы елдегі орташа жалақыдан екі жарым есе көп болуы керек. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жедел жәрдем жасақтары мен стационарлық қабылдау бөлімдерінің арасындағы IV республикалық жарыстың ашылуында осылай мәлім етті деп хабарлайды Қазақпарат.
Министр қазіргі уақытта елдегі медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 240 мың теңге көлемінде екенін айтты.
Біртанов маусым айында медицина қызметкерлерінің еңбекақысын өсіргенін жеткізді.
"Оның ішінде жедел жәрдем өкілдері де бар. Министрлік оны барлығы алғанын қадағалау үшін жағдайға мониторинг жүргізіп отыр. Бұл іске әкімдіктер мен кәсіподақты да тарттық. Еңбекке сай жалақы болуы маңызды. Орташа еңбекақы ең жоғарғы айлық пен ең төменгінің арасынан алынатынын ұмытпау керек. Бізде бұл көрсеткіш 240 мың теңге мөлшерінде", - деді денсаулық сақтау министрі.
Біртановтың сөзінше, еңбек өтілі мен санаты төмен мамандардың көбісі 120-140 мың теңге алады.
Министр Ресейде дәрігерлердің орташа жалақысы бізден екі есеге көп екенін алға тартты.
Бас дәрігердің айтуынша, осыған байланысты мамандар тұрақталмауда.
Ол сондай-ақ, алдағы бес жылда дәрігерлердің еңбекақысын көтеру жоспарланып отырғанын жеткізді.
"Дәрігерлердің еңбекақысын көтеру бойынша нақты қадам жасалуда. 2025 жылға қарай медицина қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 500 мың теңге болуы тиіс. Біздің ойымызша, медицина қызметкерлерінің орташа еңбекақысы елдегі орташа еңбекақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Осы кезде ғана мамандар тұрақтап, ынтамен жұмыс істейтін болады", - деді Елжан Біртанов.
https://kaz.nur.kz