Бақыттың бағасы
Ауылға барғанда сыныптасымның үйіне соқтым. Әлі жұмыстан келмепті. Көптен ауылға ат ізін салмай кеткен мені Қазбектің келіншегі Гүлім қарсы алып, отбасымның амандығын сұрап бәйек болып жатыр. Құрдастардың арасында кеш үйленген Қазбектің балалары әлі кішкентай. Бірі-бірін өкшелеп тете өсіп келе жатқан төрт ер бала әуелгіде маған жатырқай қарап үрпиісіп тұрды да, бойлары үйренген соң ойындарын жалғастырып өз-өздерімен болып кетті. Тек аяғын енді апыл-тапыл басып жүрген кенжесі ғана мен жантайған бөлмеге жуымай, кешкі тамақтың қамына кіріскен ас үйдегі анасының етегіне оралып жүрді де қойды.
Тұрмысы қоңырқай болғанымен, үйдің іші мұнтаздай. Басы артық дүние көзге шалынбайды. Ошақ иесінің жадыраған қабағы мен балалардың риясыз күлкісі жанға жайлы жылы шуақ таратып тұр. Осы үйде бір отбасы тату-тәтті, бақытты тіршілік кешіп жатыр. Осы жылы ұяда ата-анасының мейіріміне жарып төрт балапан қайғысыз, қамсыз қанаттанып өсіп келеді. Күн еңкейіп, бөлмеге алакөлеңке үйіріле бастағанда сыртқы есік ашылып, үй иесінің төбесі көрінді. Қашанғы өзінің салдыраған ақкөңіл қалпымен сырттан сөйлей кірген ол үйінде қонақ бар екенін білмейді. Күндегі әдетінше балаларын еркелете шақырып, сырт киімін шешіп жатыр. Лезде үй ішін жанар майдың күлімсі иісі жайлап кетті. Бұл иіс тракторшы құрдасымның киімі түгіл, денесіне де сіңіп қалған. Өзінің қалжыңдап айтатынындай, ол трактордың иісінсіз өмір сүре алмайды. Әлгінде ғана аюдың қонжығындай бірі-бірімен ұмар-жұмар алысып ойнап жатқан кішкентайлар әкелерінің дауысын естіген бойда «папалап» есік жаққа тұра ұмтылды. Қуанғандары дауыстарынан да, жүздерінен де байқалады. Алдымен жеткен ересектеуі шапқылап барып әкесінің мойынына асылып, одан желкесіне шықты. Одан соң екіншісі, үшіншісі... Барлығы да жарыса жетіп, алпамсадай денеге күмп-күмп беріп, әкелерінің құшағына кірде де кетті. Үйден таңертең шықса да балаларын құшағына қысып, емірене иіскеп жатқан әкенің де қоңырқай жүзі бақыттан бал-бұл жанады. Балаларына деген әкелік мейірімі қос жанарының шарасын шіреп тұр. Әкелерінің өсіңкіреп кеткен сақал-мұрты бет-ауыздарын қытықтаса да былдырлаған бұзықтар бастарын алып қашпай, қайта құшағына кіре түседі. Таңертең ғана жамырап шығарып салғандарына қарамастан, әкелерін құдды бір ай көрмегендей сағынып қалған. Әбден мауқын бассын деп мен ішкі бөлмеден дәліздегі әкесі мен балаларының қауышқан бақытты сәттерін тамашалап жатырмын. Шіркін, жүректі елжіретіп, жаныңды ерітетін қандай әдемі көрініс. Әттең, суретші болғанымда дәл осы сәт қылқаламыма ілінер еді және мен ол картинаның атын «Бақыт» деп атап, әлемге мейірім шуағын таратып тұратын ұлы өнер туындысын қалдырар едім. Балаларынан босаған бір сәтте Гүлім Қазбекке үйде қонақ барын ескертті. Сол кезде мен де дәлізге шықтым. Мені көргенде өзінің балажандығына ыңғайсызданып қалған ол іле балаларына «Өй, күшіктер, барыңдар енді...», – деп маған қарай жүрді. Көптен көрмеген соң құшағымыз айқасты.
...Қазбек сыныптағы балалардың ішіндегі ең ірісі еді. Бала күнінен сұмдық қарулы болатын. Бірақ өте ақ көңіл, еңбекқор, ешкімге жөнсіз соқтықпай, өзімен-өзі жүретін жуас бала болды. Әке-шешеден жастай айырылып, өзінен кейінгі қарындастарына бас-көз болып қалған оған бір үйлі жанның жауапкершілігі жүктелді. Аурушаң әжесіне қарап, өзінен кейінгі тас жетім бауырларын жеткізу үшін тұрмыс тауқыметін аз тартқан жоқ. Қорасындағы ірілі-ұсақты азын-аулақ малдың қысқы жем-шөбі, үйдің отын-суы, бақша салу жұмыстарының барлығы соның мойынында еді. Арасында көрші-қолаң мен ауылдастардың жұмыстарына да ақысыз өз ниетімен құлшына көмек қолын созатын. Құрдастардың асарларынан да аянып қалмайды. Әйтеуір қолмен атқарылатын жұмыс болса болғаны, қимылы апылатын, жапырып жібереді. Әбден еңбекке пісіп өсті. Оның орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндігі де, уақыты да болмады. Бірақ өзі оқымаса да, іні-қарындастарын оқытты. Оларға өз қолдары ауыздарына жеткенше қамқор болды. Балалық қой, сыныптағы балалар – біздің төрт құбыламыз түгел болған соң оны «Бізге қосылмайсың», «Көшеге шықпайсың», «Шық бермес Шығайбайсың» деп көп кінәлайтынбыз. Бірақ біздің өзін солай қорлағанымызға ол мүлдем ашуланбайтын. Тіпті тұрмыстық жағдайын айтып, шағынбайтын да еді. Тек, бар болғаны, бізге жақтырмаған жанарымен одырайып бір қарайды. Одан басқа ештеңе айтпайды. Жаратылысы да бар, оның үстіне жастайынан қара жұмысқа әбден шыныққан шымыр денелі Қазбектің бұлшық еттері білеу-білеу болып киімінің сыртынан білініп тұратын. Оған соқтығуға біз тұрмақ, ересек балалардың өзі именеді. Кейде топтық төбелестерге оны қарсыластарға сес қылу үшін қосқымыз келіп үйіне барып үгіттейміз. Бірақ ол жұмыстан шаршап келгенін айтып, біздің үгітімізге көнбейді. Төбелесті ұйымдастырып жүрген бізге «Күштеріңді пайдалы нәрсеге жұмсаңдар, қайтесіңдер қырылып, бәріміз туысқанбыз, бір ауылдың балаларымыз ғой», – деп ересек адамдарша ымыраға шақырады. Ал, оның ондай тегін ақылы тентек балаларға ұнай қоймайды. Ұрайын десек, әліміз келмейді. Амалымыз құрып, оны тіліміз жеткенше сыбап қайтамыз. Ол сонда да әдеттегі жуас мінезіне салып үндемей қала береді...
Міне, сол Қазбек екеуміз бірнеше жылдан кейін көрісіп тұрмыз. Бауырларын жетілдіремін деп көпке дейін үйленбей жүріп қалды. Бірақ, бағы бар екен, кеш болса да оған көрші ауылдың ибалы, иманды қызы Гүлім кездесіпті. Алла оны алдынан сынағын тосып қашанғы тарықтыра берсін, алған жары жақсы болып жолығыпты. Отбасынан қазақы тәрбие алған Гүлім Қазбекке әлгі шапқылап жүрген алтын асықтай төрт ұлды сыйлапты.
«Ей, бауырым, барсың ба мына дүниеде, көріспегелі қанша жыл болды?», – деп мені арқамнан қағып, құшағынан босатар емес. Екі құрдастың көріскеніне күлімсірей қарап тұрған Гүлім бізді дастарқанға шақырды. Жер үстелдің үсті әп-сәтте жайнап кетті. Ортада буы бұрқыраған үйме табақ палау. Көбі ауылдың дәмі. Құрт-ірімшік, сарымай, сүзбе. Ауылдықтардың қорасына бір-екі тұяқ болса да мал ұстамайтыны кемде-кем. Қазбек те Гүліммен бас қосқан соң әке-шешеден қалған қара шаңыраққа кенже інісін қалдырып, былтыр өзі ауыл шетінен осы үш бөлме үйді салып кіріпті. Жастайынан шаруаға қыры бар ол қорасына екі-үш сауын сиыр, бірнеше бас уақ мал ұстап отыр екен. Оның өнімін күнделікті ішіп-жеміне жаратып отырған – Гүлім. Менің отбасымның амандығын, құрдастардың жаңалықтарын естіп, білген соң Қазбектің әңгімесі өз шаруасына қарай ойысты. Ескі болса да жеке тракторы бар екен. Отбасының негізгі күнкөріс көзі де сол көлік. Жылдың төрт мезгілінде де тыным жоқ. Жаз болса бақшада, қыс түскеннен ауылдағылардың отын-суы осы көліктің мойнында. Тіркемесіне толтырып отын тиеп, үйлеріне түсіріп беріп ақысын алады екен. Кейде қысылғандарға тегін қызметін де аямайтын көрінеді.
«Бақыттың ең үлкені – отбасын құрып, бала сүю екен ғой, досым», – деп бастады әңгімесін Қазбек. Мені өзің білесің, бір ауылда өстік, бір сыныпта оқыдық. Маған келгенде тағдыр сынағын аяп қалған жоқ. Қайтесің енді, басыма қиыншылық түсті екен деп өмірден баз кешіп кетуге бола ма?! Жас болсам да тұңғышы болған соң әкем өлерінде қара шаңырақты маған аманаттап еді. Әке аманатына қиянат жасай алмадым. Менде балалық шақ, жастық дәурен деген болған жоқ. Білем, сендер маған ренжідіңдер. Бірақ мен сендерге ренжігенім жоқ. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды». Ең асылдарым – әке-шешеден айырылған соң ба, жұрттағы бар нәрсе маған сонша қадірлі, қол жетпейтін нәрседей болады да тұратын. Жылы сөз, аялы алақан, жүрек мейіріміне шөліркеп өстім. Сол бала кезімде: кейін есейіп үйленіп, үй болғанда бар өмірімді балаларыма арнаймын деп ойлайтынмын. Расында, бақыт, байлық, дүниенің қызығы дегендер міне, мыналар екен ғой», – дейді иегімен дастарқан басында қатарласа отырған қара домалақтарды нұсқап. «Таңертең кетсем де осы күшіктерді кешке дейін сағынып қаламын, осылар үшін, осылардың ертеңі үшін өмір сүріп келе жатырмыз ғой», – деп бір тоқтады. Шәй құйып отырған Гүлім де бас изеп, отағасын қостап қояды.
Түн ауа Қазбек мені әудем жерге дейін шығарып салды. Менің бірер күн ауылда аялдайтынымды білген соң «Ертең арнайы қонақ боласың, сыбағалы асың бар», – деді. Алғысымды айтып, қоштастым. Көше бойымен үйге қайтып келемін. Қыстың соңы болса да түнгі аяз қысып тұр. Бірақ менің бойымды әлгі ұядай үйден тараған шуақ жылытып келеді. Көз алдымда балаларын құшағына қысып, емірене иіскеп жатқан мейірімді әке және олардың қылығына сырттай сүйсіне қарап күлімсіреп тұрған бақытты ана, асыл жар...
Иә, біз бақытты шарқ ұрып жер-көктен іздеп таба алмай жүрміз. Ақшадан, дүние байлығынан іздеп жанталасып жүрміз. Ал, сол бақыт біздің айналамызда жүр екен. Тіпті ол кейде біздің басымызға өзі келіп қонады екен. Бірақ біз оны бағалай алмай, ұшырып жебереді екенбіз. Қиыншылық көрсек морт сынып, өмірден күсіп кетеді екенбіз. Бақыт дегенің де сол қиыншылықпен қатар жүреді екен. Біз ұрпағымыз үшін өмір сүріп жүрміз деп өзімізді алдап қоямыз кейде. Ал, расында олай емес. Таңнан кешке дейінгі жанталас жұмыс арасында сол балаларымызға бір сәт көңіл бөлуге уақыт таппаймыз. Шаршап келгенімізді желеу етіп, жан тыныштығын қалаймыз. Біз бүгінде ата-ананың емес, тек асыраушының деңгейінде ғанамыз. Ал, Қазбек – нағыз әке, ең бай адам, ең бақытты адам.
Қуат АДИС