БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ Жуырда ауылға барғанда сыныптасымның үйіне соқтым. Әлі жұмыстан келмепті. Көптен ауылға ат ізін салмай кеткен мені Қазбектің келіншегі Гүлім бәйек боп қарсы алды. Құрдастардың ішінде кеш үйленген оның балалары әлі кішкентай. Бірі-бірін өкшелеп, тете өсіп келе жатқан төрт ер бала әуелгіде маған жатырқай қарап үрпиіп тұрды да, бойлары үйренген соң ойындарын жалғастырып өзі-өздерімен болып кетті. Тек аяғын енді апыл-тапыл басып жүрген кенжесі ғана мен жантайған бөлмеге жуымай, кешкі тамақтың қамына кіріскен ас үйдегі анасының етегіне оралып жүрді де қойды. Тұрмысы қоңырқай болғанымен үйдің іші мұнтаздай, басы артық дүние көзге шалынбайды. Ошақ иесінің жадыраған қабағы мен балалардың бал күлкісі жанға жайлы жылы шуақ таратып тұр. Осы үйде бір отбасы тату-тәтті, бақытты тіршілік кешіп жатыр. Осы жылы ұяда ата-анасының мейіріміне жарып төрт балапан қамсыз, қайғысыз қанаттанып өсіп келеді... Күн екіндіге еңкейіп, үй ішіне алакөлеңке үйіріле бастағанда сыртқы есік ашылып, үй иесінің төбесі көрінді. Қашанғы өзінің салдыраған ақ көңіл қалпымен сырттан сөйлей кірген ол үйінде қонақ бар екенін білмейді. Күндегі әдетінше балаларын еркелете шақырып, сырт киімін шешіп жатыр. Лезде тар бөлмелерді жанармайдың иісі жайлап кетті. Бұл иіс тракторшы құрдасымның киімі түгіл, денесіне де сіңіп қалған. Өзінің қалжыңдап айтатынындай: ол трактордың иісінсіз өмір сүре алмайды. Әлгінде ғана аюдың қонжығындай бірі-бірімен ұмар-жұмар алысып ойнап жатқан кішкентайлар әкелерінің дауысын естіген бойда «папалап» айқайлап, есік жаққа тұра ұмтылды. Дауыстарында қуаныштың лебі, жүздерінде шаттықтың табы бар. Алдымен жеткен ересектеуі шапқылап барып әкесінің мойынына асылып, одан желкесіне шықты. Одан соң, екіншісі... үшіншісі... Барлығы да жарыса жетіп, алпамысадай денеге күмп-күмп беріп, әкелерінің құшағына кірді де кетті. Үйден таңертең шықса да балаларын құшағына құшырлана қысып, еміріне иіскеп жатқан әкенің де қоңырқай жүзі бақыттан бал-бұл жанды. Балаларына деген әкелік махаббаты мен мейірімі қос жанарында шүпілдеп тұр. Әкелерінің өсіңкіреп кеткен сақал-мұрты бет-ауыздарын қытықтаса да былдырлаған бұзықтар бастарын алып қашпай, қайта құшағына кіре түседі. Таңертең ғана жамырап шығарып салғандарына қарамастан, әкелерін құдды бір айдың жүзінде көрмегендей сағынып қалған. Әбден мауқын бассын деп, мен ішкі бөлмеден дәліздегі әке мен балалардың бақытты сәттерін сырттай тамсана тамашалап жатырмын. Шіркін, жүректі елжіретіп, жанды ерітетін қандай әдемі көрініс! Егер мен суретші болсам «Бақыт» деген тақырыппен дәл осы сәтті майлы бояумен кенепке түсіріп, адамзат баласына ой салатын ұлы өнер туындысын қалдырар едім...Балаларынан босаған бір сәтте Гүлім Қазбекке үйде қонақ барын айтты. Сол кезде мен де дәлізге шықтым. Мені көргенде өзінің балажандығына сәл ыңғайсызданып қалған ол іле балаларына: «Өй, күшіктер, барыңдар енді...», - деп маған қарай жүрді. Көптен көрмеген соң құшағымыз айқасты....Қазбек сыныптағы балалардың ішіндегі ең ірісі еді. Бала кезінен сұмдық қарулы болатын. Бірақ, өте ақкөңіл, еңбекқор ешкімге жөнсіз соқтықпай, өзімен-өзі жүретін нәті жуас жігіт еді. Әке-шешеден жастай айырылып, өзінен кейінгі іні-қарындастарына бас-көз болып қалған оған бір үйлі жанның жауапкершілік жүгі артылды. Аурушаң әжесіне қарап, өзінен кейінгі тас жетім бауырларын жеткізу үшін тұрмыс тауқыметін аз тартқан жоқ. Қорасындағы ірілі-ұсақты азын-аулақ малдың қысқы жем-шөбі, үйдің отын-суы, бақша салу жұмыстарының барлығы соның мойынында еді. Арасында көрші-қолаң, ауылдастардың жұмыстарына да ақысыз өз ниетімен құлшына көмек қолын созатын. Құрдастардың асарларынан да аянып қалмайды. Әйтеуір қолмен атқарылатын жұмыс болса болғаны, қимылы апылатын, жапырып жібереді. Сөйтіп әбден еңбекке пісіп өсті. Сондықтан да оның орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндігі де, уақыты да болмады. Бірақ, өзі оқымаса да іні-қарындастарын оқытты. Оларға өз қолдары ауыздарына жеткенше қамқор болды. Балалық қой, сыныптағы балалар – біздің төрт құбыламыз түгел болған соң, оны «бізге қосылмайсың», «көшеге шықпайсың», «бешірлерге қатыспайсың», «шық бермес Шығайбайсың» деп көп кінәлайтынбыз. Бірақ, біздің өзін солай қорлағанына ол мүлдем ашуланбайтын, тіпті, тұрмыстық жағдайын айтып шағынбайтын да еді. Тек, бар болғаны, бізге жақтырмаған кейіпте одырайып бір қарайды. Болды, одан басқа артық сөз айтпайды. Жаратылысы да бар, оның үстіне жастайынан әбден қара жұмысқа шыныққан шымыр денелі Қазбектің бұлшық еттері білеу-білеу болып киімінің сыртынан-ақ бұлтылдап білініп тұратын. Оған соқтығуға біз тұрмақ, ересек балалардың өзі именетін-ді. Кейде топтық төбелестерге оны қарсыластарымызға сес қылу үшін қосқымыз келіп, үйіне барып үгіттейміз. Бірақ, ол оған өзінің жұмыстан шаршап келгенін айтып, көнбейді. Төбелесті ұйымдастырып жүрген бізге: «Күштеріңді пайдалы нәрсеге жұмсасаңдаршы, қайтесіңдер қырылып, бәріміз де туысқанбыз, бір ауылдың балаларымыз ғой», - деп ересек адамдарша ымыраға шақырады. Ал, оның ондай тегін «ақылы» тентек балаларға ұнай қоймайды. Ұрайын десек, күшіміз жетпейді. Амалымыз құрып, «Сен қорқақсың, мына денені бізге бергенде ғой...», - деп күйініп, оны тіліміз жеткенше сыбап қайтамыз. Ол сонда да әдеттегі жуас мінезіне салып үндемей қала береді...Міне, сол Қазбек екеуміз бірнеше жылдан кейін көрісіп тұрмыз. Бауырларын жетілдіремін деп көпке дейін үйленбей жүріп қалды. Бағы бар екен, кеш болса да оған көрші ауылдың ибалы, иманды қызы Гүлім кездесті. Алла оны қашанғы сынағын алдынан тосып, тарықтыра берсін, алған жары да жақсы болып жолықты. Отбасынан қазақы тәрбие алған Гүлім Қазбекке әлгі шапқылап жүрген алтын асықтай төрт ұлды сыйлады. «Ееей, бауырым, барсың ба мына дүниеде, көріспегелі қанша жыл болды? - деп арқамнан қағып мені құшағынан босатар емес. Мен де оған әзіл жүгіртіп: «Өй, босат енді, қабырғамды сындырарсың, күшіңді келіншегіңе сақта!», - деп жатырмын. Екі құрдастың көріскеніне күлімсірей қарап тұрған Гүлім бізді дастарханға шақырды. Жер үстелдің үсті әп-сәтте жайнап кетті. Ортада буы бұрқыраған үйме табақ палау. Көбі ауылдың дәмі. Құрт, ірімшік, сары май, сүзбе. Ауылда тұрғандардың қорасына бір-екі тұяқ болса да мал ұстамайтыны кемде-кем. Қазбек те Гүліммен бас қосқан соң әке-шешеден қалған қара шаңыраққа кенже інісін қалдырып, былтыр өзі ауыл шетінен осы үш бөлме үйді салып кіріпті. Жастайынан шаруаға қыры бар ол қорасына екі-үш сауын сиыр, бірнеше уақ мал ұстап отыр екен. Оның өнімін күнделікті ішіп-жеміне жаратып отырған – Гүлім. Менің отбасымның амандығын, бірсыпыра құрдастардың жаңалықтарын естіп, білген соң Қазбектің әңгімесі өз шаруасына қарай ойысты. Ескі болса да жеке тракторы бар екен. Отбасының негізгі күн көріс көзі де – сол көлік. Жылдың төрт мезгілінде де тыным жоқ. Жаз болса бақшада, қыс түскенен ауылдағылардың отыны осы көліктің мойынында. Тіркемесіне толтырып отын артып, үйлеріне түсіріп беріп, ақысын алады. Кейде қысылғандарға тегін де қызмет көрсетеді екен.«Бақыттың ең үлкені – отбасын құрып, бала сүю екен ғой, досым», - деп бастады әңгімесін Қазбек. «Мені өзің білесің, бір ауылда өстік, бір мектепте, бір класта оқыдық. Маған келгенде тағдыр сынағын аяп қалған жоқ. Қайтесің енді, басыма қиыншылық түсті екен деп өмірден күсіп кетуге бола ма?!. Жас болсам да, тұңғышы болған соң әкем өлерінде қара шаңырақты маған аманаттап еді. Әке аманатына қиянат жасай алмадым. Мен де балалық дәурен болған жоқ. Білем, сендер маған көп ренжідіңдер. Бірақ, мен сендерге ренжігенім жоқ. Өйткені, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды». Ең асылдарым – әке-шешеден ерте айырылған соң ба, жұрттағы бар нәрсе маған сонша қадірлі, тіпті аспандағы қол жетпейтін ай секілді болады да тұратын. Жылы сөз, аялы алақан, жүрек мейіріміне шөліркеп өстім. Сол бала кезімде: кейін есейіп үйленіп, үй болғанда бар өмірімді балаларыма арнаймын деп ойлайтынмын. Расында, бақыт, байлық, дүниенің қызығы дегендерің міне, мыналар екен ғой», - дейді иегімен дастархан басында қатарласа отырған қарадомалақтарды нұсқап. «Таңертең кетсем де, осы күшіктерді кешке дейін сағынып қаламын, осылар үшін, осылардың ертеңі үшін өмір сүріп келе жатырмыз ғой», - деп бір тоқтады. Шәй құйып отырған Гүлім де бас изеп, отағасын қостап қояды. Алғашқыда аңғармаппын, ақеден көңіл құрдасымның бұрыннан да сөзге сараң емес екенін білетінмін. Бірақ, бұл жолғы арыны бөлек. Әлде үйленген соң ашылып, ортасы өзгертті ме екен деп бір ойладым. Жоқ, сөйтсем, пақырың мылқауға тіл бітіретін әлгі «жынды судан» аздап жұтып алыпты. Мен білетін Қазбек бұрын ол бәлені татып алмайтын. Соңғы уақытта шаршағанын сылтау етіп, ептеп ұрттайтын болыпты. Алайда, дастархан басында сыр бермеді, арақ жайында мүлдем сөз қозғамады. Ішсе де, нәті жуас жанның отбасына зәредей зияны жоқ. Тек, «жынды судың» уыты бойына тарағанда алып денеге біткен жұмсақ жүрек иесінің келіншегіне деген құрметі бұрынғыдан да артып, балаларына деген әкелік мейірімі тіпті еселеніп кетеді екен. Оны мен кейін естідім. Түн ауа Қазбек мені әудем жерге дейін шығарып салды. Менің бірер күн ауылда аялдайтынымды білген соң «Ертең арнайы қонақ боласың, сыбағалы асың бар», - деді. Алғысымды айтып, қоштастым. Көше бойымен үйге қайтып келемін. Қыстың соңы болса да түнгі аяз қысып тұр. Бірақ, менің бойымды әлгі ұядай үйден тараған шуақ жылытып келеді. Көз алдымда балаларын құшағына қысып, еміріне иіскеп жатқан мейірімді әке және олардың қылығына сырттай сүйсіне қарап, күлімсіреп тұрған бақытты ана, асыл жар... Иә, біз бақытты жер-көктен іздеп таба алмай жүрміз. Ақшадан, дүние байлығынан іздеп жанталасып жүрміз. Ал, сол бақыт біздің айналамызда жүр екен. Тіпті ол кейде біздің басымызға өзі келіп қонады екен. Бірақ, біз оны бағалай алмай ұшырып жібереді екенбіз. Қиыншылық көрсек, морт сынып, өмірден түңіліп, тіршіліктен баз кешіп кетеді екенбіз. Бақыт дегенің де сол қиыншылықпен қатар жүреді екен. Иә, біз ұрпағымыз үшін өмір сүріп жүрміз деп өзімізді алдап қоямыз кейде. Бірақ, шындығында олай емес. Таңнан кешке дейінгі жанталас жұмыс арасында сол балаларымызға көңіл бөлуге уақыт таппаймыз. Уақыт бар-ау, жүрегімізден мейірім сарқылып бара жатқан секілді. Шаршап келгенімізді желеу етіп, жан тыныштығын қалаймыз ғой. Біз бүгінде ата-ана емес, тек «асыраушының» деңгейінде ғанамыз. Ал, Қазбек – нағыз әке, бақытты адам. Олар бақытты отбасы...Қуат АДИС. Қоғам 03 сәуір 2018 ж. 2 262 1
Пікір 1