» » » АРАЗ БОЛСА АҒАЙЫН

АРАЗ БОЛСА АҒАЙЫН

Қазақ «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп, бауырлар арасындағы татулық ел бірлігінің сақталуының негізі саналған.   
 Көптен бері ауылға ат басын бұр­маған едік. Демалысты пайдаланып, туған-туыс пен ағайынға барып қайт­тық. Ауыл-аймақтың амандығын сұрап, жаңалығын білдік. Сонда естігенім, ауылда үлкен бір әулеттен шыққан ағайынды екі жігіт үйді бөлісе алмай, араздасып қалыпты. «Бір анадан ала да туады, құла да туады» демекші екі бауырдың таласқаны әке-шешеден қал­ған қарашаңырақ екен.  Әке-шешенің  көзі кеткен соң,  екеуінің арасында тартыс басталған. Бір құрсақтан шыққан ағалы-інілі бауырлардың ісіне тоқтау салып, ел ағалары мен ақсақалдары да ақыл айтыпты. Бірақ ағайындылар бір ымыраға келе алмай, даулары одан әрі өршісе керек.  Кішімін деп іні илікпеген, үлкенмін деп аға қайырылмаған. Ақыр аяғы іс насырға шауып, бірін-бірі сотқа сүйреген көрінеді. Даулы іске сот нүкте қойғанмен, бауырлар бір-бірін кешіре алмаған. Қазір бірінің қуанышында екіншісі төбе көрсетпейтін күйге тү­сіпті. Балалары да ата-ананың ығына жығылып, туысының есігін қақпайды екен.
Міне, қаймағы бұзылмай қазақы­лықты сақтаған ауылдағы көрініс. Есті­генде көңілің құлазиды. Пендешілік пен дүниенің қызығына бойұрған  екеу­дің әрекетін көріп, «алдына келсе, атасының құнын кешетін» кешегі кешірімді, мейірімді және бауырмалдық қасиетіміздің қайда кеткеніне қайран қаласың... Бұл бір ғана мысал. Қазір  анасы балаларын, әпкесі ағасын, інісі апасын сотқа сүйрегені жаңалық болмай қалды.  Бәрінің араздығы дүние-мү­ліктен туындап отырғаны белгілі.
Бұрын үлкендер бауырлар орта­сындағы даулы істі шешуге тырысып, ақылға шақыратын. Екі жақты татуластырып, сауап алатын. Ал қазір ше? Етіміз үйреніп, «е, онысы дұрыс болмапты» дей  салады.
Ағайын бір түбірден өскен ағаштың бұтақтары тәрізді. «Ағайыннан шет жүрсең, көңілің бір күн тарығар», «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дү­ниеге сыймассың», «Ақылды адамға ағайын көп», «Бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті» деген тәмсілдер де бауырдың  бір-біріне қымбат екенін аңғартады. 
Жалпы, қазақ халқы туыстық бай­ланысты ерекше бағалаған. Оны қадір­леудің негізі шариғатта жатыр. Дініміз адамдар арасындағы туыстық қатынастың  берік болуын қолдайды. Бір сөзбен айтқанда, туыстық  қарым- қатынасты қазақтай сақтайтын ел әлемде кемде-кем еді. Ендеше ағайыннан ажырамай, туыстыққа сызат түсірмеуді ойланайықшы!
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
27 қазан 2018 ж. 1 793 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930