"Тағы да перзент сүюден бас тартпаймын": Түлкібастық дәрігерлер отбасында үш рет егіз балалар дүниеге келген
Түлкібастық Ғалбият Ғалым мен Ұлбосын Жасымбекованы жұртшылық дәрігерлер жанұясы деп қана емес, еліміздің демографиясына өз үлесін қосып жүрген көпбалалы отбасы деп біледі. 34 жасында 9 баланың анасы атанған отанасы Ұлбосын Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында көпбалалы отбасының қалай күнелтіп жүргені, ақ халатты абзал жанның соңғы екі жылда қалай өмірі күрт өзгергенін айтып, жан сырын ақтарды.
Ғалбият пен Ұлбосын осыдан 17 жыл бұрын қызығы мен шыжығы мол студенттік шақта танысып, отбасы құрған. Жолдасы білім іздеп елге оралған Қытай қазағы, ал Ұлбосын Түркістанда көпбалалы педагогтар отбасында өсіп-өнген.
- Дәрігер мамандығы мойынша білім алып жүргенде жолдасым Ғалбият Ғалыммен танысып, табыстық. Ол Қытайда дүниеге келген. Туыстары әлі де сонда тұрады. 2006 жылы шаңырақ көтердік. Тойымыз Аспан асты елінде өтті, - дейді ол.
Сүйіп қосылған екі жас араға бір жыл салып, тұңғышы Аружанды бауырына басқан. Екі жылдан соң алғашқы егіз қыздары Қымбат пен Сымбат дүние есігін ашады.
- Негізгі егіз туу екі жақтан да бар. Жолдасымның өзі - егіздің сыңары. Анам да егіз тапқан. Алғашында аздап қобалжығаным бар. Бірақ кейін артынан ілескен Ұлжан мен Ұлпан есімді қаракөздер шаңырағымызға шаттық сыйлады. 2013 жылы Ақарыс деген ұлымыз туылды. Одан кейін араға екі жыл салып үшінші егіздеріміз Бекарыс пен Жанарысты бауырымызға бастық. Кенжеміз Бейбарыс 2018 жылы наурыз айында дүниеге келді. Қазір 9 баланың алтауы мектепке, қалған үшеуі балабақшаға барады, - дейді батыр ана.
2010 жылы олар оқуды тәмәмдаған соң «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Түлібас ауданына қоныс аударған. Онда жас маман болып, аудандық Жедел жәрдем бөліміне жұмысқа орналасқан.
- 9 бала-шағамызды жолдасым екеуміз тапқан табысымызбен асырап келеміз. Ғалбият аудандағы жеке клиникада қосымша узист, массажист болып жұмыс істейді. Өкінішке орай, көбі бізді теледидарға сұхбатқа шақырып, газет-журналдар отбасымыз туралы жазғанға өкіметтен немесе басқа да адамдардан қаржылай көмек алады деп ойлайды екен. Оны жиі естіп жатамын. Бірақ ешкімнің ауызына қақпақ бола алмайсыз. Дегенмен жұрт түсінсін деп тағы да айтып өткім келеді. «Алтын алқаға» 16 мың теңге аламын. Болды, - дейді ол.
Ал биыл көпбалалы отбасы ел қатарлы атаулы әлеуметтік көмекке тапсырған. Бірақ шықпаған көрінеді. Ауданға жас маман болып көшіп келгенде бастапқыда жалдамалы пәтерді паналаған жас отбасы 2012 жылы құрылысы толық бітпеген үй сатып алған. Ол үй 15 жылға кепілге қойылған екен.
- Шүкір осы перзенттеріміздің несібесімен күн көріп жүрміз. Ауданға көшіп келгенде біраз жалдамалы пәтерде тұрып, кейін үй алдық. Айлықтың бір бөлігін несиеге төлеп отырамыз. Ешкімге қол жайған да емеспіз, - дейді Ұлбосын Жасымбекова.
- Шүкір осы перзенттеріміздің несібесімен күн көріп жүрміз. Ауданға көшіп келгенде біраз жалдамалы пәтерде тұрып, кейін үй алдық. Айлықтың бір бөлігін несиеге төлеп отырамыз. Ешкімге қол жайған да емеспіз, - дейді Ұлбосын Жасымбекова.
9 перзентті дүниеге әкелген ақхалатты абзал жан жұмыс барысында кездескен қиындықтарын да тілге тиек етті. Ұлбосын Жасымбекованың айтуынша, соңғы 2 жылда қайғылы жағдай орын алып өмірі күрт өзгерген. 2017 жылы 10 тамыз күні Жаскешу трассасында жол-көлік оқиғасы болып, жедел жәрдеммен барған ол қаза болған әкесінің үстіне түскен. Араға жыл салмай қақаған қыста өзінің де бір өлімнен қалғанын еске алды.
- Өткен жылы 12 қаңтар күні кезекшілікте болдым. 17:00-дер шамасында Шақпақ баба ауылына алтыайлық жүкті әйелдің шақыртуымен бара жатып аварияға түстік. Көлік сайға үш рет аунап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым. Бұл кезде өзімнің де аяғым ауыр болатын. Жүктілігімнің 29-аптасы болу керек. Содан ауруханада екі апта, одан кейін үйде тағы екі айдай төсекте жаттым. Компьютерлік томографияға түскенімде, солға ығысумен мойын омыртқасы сынған екен. Еңбек жарақатын алсам да, көк қағазды бермей сақтандыру ақысын төлеген жоқ. Жарақат менің табиғи жолмен босануыма да кедергісін тигізіп, дәрігерлер кесар тілігімен босандырды, - дейді ол.
Батыр ана егер еңбек жарақатын алмай босанғанда тағы да перзент сүюден бас тартпайтынын айтады. Алтын құрсақты ана отбасымен үлкен шаһарға көшуді армандайды.