Синоптиктер қыркүйек айында ауа райы қалай болатынын айтты
Синоптиктер Қазақстандағы қыркүйек айына арналған ауа райы болжамын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап.
«Арктикалық ауа массаларының белсенді енуіне байланысты айдың басында еліміздің орталық және солтүстік-батыс бөлігінің тұрғындарын бұлтты, жаңбырлы және желді ауа райы күтеді. Түнде +1...+6 градусқа шейін салқындайды, кей жерлерде топырақта 3 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал, күндізгі температура 7...15 градус аралығында, батыста және орталықта 22 градусқа дейін ыстық болады», делінген болжамда. Сондай-ақ еліміздің шығыс және оңтүстік бөлігінде қыркүйек айының басы жаңбырлы болады және температура аздап төмендейді. Түнде 7...12 градус жылы, күндіз 18...25 градус жылы болуы ықтимал.
Болжамға сәйкес, қыркүйек айының басым бөлігінде жылы және күн райы ашық болады. Күндіз ауа 25...33 градусқа дейін жылиды. Ұзақ мерзімдік болжамға сәйкес, еліміздің солтүстік бөлігіндегі жауын-шашынмен (жаңбырдың жылбысқы қарға ұласуы мүмкін) және түнгі үсікпен кезекті екі суыту толқыны айдың ортасы мен үшінші онкүндікке келеді. Қалған күндерде ауа температурасы қысқа ғана күндіз 15...25 градусқа жоғарылауы болжанады.
Нәтижесінде Қазақстан территориясының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы климаттық нормаға жуық, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының кей жерлерінде 1°С нормадан жоғары, Солтүстік Қазақстан және Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарының кей жерлерінде 1°С нормадан төмен болжанады.
Айлық жауын-шашынға келер болсақ, еліміздің басым бөлігінде климаттық нормаға жуық, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында және Алматы облысының басым бөлігінде нормадан аз мөлшерде күтіледі. Синоптиктердің ескертуінше, жағдайдың өзгеруіне қарай консультативтік болжам айтарлықтай түзетілуі мүмкін. Болжамының ықтималдығы 20-80 %