ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Еліміз тәуелсіздiкке қол жеткiзген соң, жастарға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты жастарды жарасымды әдептiлiкке, ұнамды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасына айналды.
Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Шынында да әр азамат үшін Отан деген ұғымнан кейін отбасы тұрады. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, ортаға қосатын маңызды орта. Дананың да, ғалымның да ең алғаш тәлім-тәрбие алып, өмірге көзқарасы қалыптасатын орын. Қазақ қоғамында отбасы берекесі оның толыққандылығында.
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты. Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, тағы басқа да қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.

Жалпы ата-ананың тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасатыны ақиқат. Ендеше әрбіріміз отбасымыздың беріктігін сақтап, ұрпағымыздың салиқалы, салт-дәстүрімізді, құндылықтарымызды құрметтейтін азамат болып қалыптасуына жағдай жасайық.
Тұрар ТЕМИРБАЕВ,
аудандық соттың судьясы.