» » "Менің ұлымның жаны көпірге құрбан": Шамалғанда көз жұмған жүргізушінің анасы ұлын кінәламауды сұрайды

"Менің ұлымның жаны көпірге құрбан": Шамалғанда көз жұмған жүргізушінің анасы ұлын кінәламауды сұрайды

Трагедияға душар еткен Шамалған станциясындағы көпір мәселесі екі күннен бері бүкіл ақпарат құралдарында айтылып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып кеткеннен кейін бе, әйтеуір өңірге бүгін бір топ шенеунік келді.


Әйтпесе, тұрғындардың «көпір керек» деп айтып келе жатқанына он жылдан асқан. Шыдамның шегіне жеткендер, бұл жолы айқайға басып, уәденің тез арада орындалуын қатты талап етті. Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Жиырма жылдан бері бірде бір әкіммен кездесу өткізе алмаған жұрт сөздерін таңқалыспен бастады. Өйткені, әшейінде шамшырақпен іздесе таппайтын шенеуніктер тайлы-тұяғы қалмай түгел келген жиынға. Шамалған ауылының тұрғындарына қарағанда шенді-шекпенді көп. Ашулы халық ең әуелі осыған дейін салынбаған көпірдің жырын айтты. Бәріне екі күнде бір ауысатын әкімдер кінәлі дейді.

“Мен мына жаулықты ауыстырғандай ауыстырады әкімді. Неге қоймайды бес жылға? Бес жыл отырғызсын. Сосын талап етсін. Сізді солай отырғызсын. Біздің тілегіміз сол”, - дейді тұрғындар. 

Күніне жүз шақты пойыз, он мыңнан астам көлік өтетін өткел талай адамның өмірін қыршыннан қиған. Не жолы түзу емес, не шлагбаумы дұрыс істемейді. Бағдаршам атымен жоқ. Тратуар арман. Шенеуніктердің осыған дейін бюджетке ауыр салмақ деген сылтауынан әбден қажыған жұрт, көпірдің құрылысын тездетуін талап етті. Тіпті, тағы бір адамның өлімін күтіп жүрсіздер ме деп сұрақты төтесінен қойды.

“Көпірдің ақшасы төлеулі, схемасы салулы ғой. Соны бір жылға қалдырмай, тездетуге болмай ма? Или тағы біреудің өлгенін күтіп отырамыз ба?”, - дейді олар. 

Екі жүзден астам тұрғын күн астында Алматы облысының әкімі Амандық Батталовты табжылмай күтті. Жергілікті шенеуніктердің сөзін пысқырмады да. Бірақ облыс басшысы нөкерлерінен тек сәлемдеме жолдап, елді жұбатты. Осыған дейін бөлінбеген қаражаттың мәселесі екі күнде шешіліп, бәрін қатырамыз деді бірінен соң бірі сөйлеген ақжағалылар.

“Жүргіншілер жолағын да жасаймыз. Көпір де жасаймыз. Енді бұл тікелей Алматы облысының әкімі Амандық Батталов сәлем айтты. Сондықтан мен сол кісінің атынан келіп отырмын. Ол көпір. Жобасы болу керек. экспертизадан өту керек. Қазір бірінші қаражат жобаға бөлінеді. Одан кейін экспертизаға бөлінсе соның өзі 2-3 айда бітірсек, ол үлкен жұмыс”, - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізаров. 

Ал, төрт баласы еңіреп, әйелі жесір қалған жүргізушінің шешесі ұлының ерлікпен өлгеніне сенеді. 67 жолаушы түгел сыртқа шықпай, өзі автобустың орындығында қозғалмаған баласының әрекетін, кемесін тастамаған капитанға теңеді. Тек енді, қара жерге кеше көмілген перзентін ешкім кінәламаса дейді.

«Менің ұлымның жаны көпірге құрбан» қайта ешкім өлмесе сол жолда деп жылауда.

«Менің баламды ешкім кінәламасыншы. Ол өзінің жұмысын атқарды. Өзін берді ғой сол адамдар үшін. Құрбан болды. Менің балам», - дейді марқұм болған жүргізушінің анасы Симизар Саракова. 

Ал, екі баласымен бірдей реанимацияда жатқан келіншектің жағдайы әлі оңалмады. Дәрігерлер ес-түссіз жатқан кішкентай бүлдіршіндердің хәлі әлі де ауыр екенін айтады.

Оқиғадан кейін станция тұрғындары көпір салынуын талап етіп, шу шығарды. Олармен кездесуге Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келді. 
18 қыркүйек 2019 ж. 384 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 771

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930