» » Келер жылдан бастап АӘК 3 айға ғана тағайындалады

Келер жылдан бастап АӘК 3 айға ғана тағайындалады

Ел ішінде көп талқыға түскен тақырып атаулы әлеуметтік көмек төңірегінде. Биылдан бастап көлемі артқан АӘК талай отбасының тұрмысын жайлы, қазанын майлы ете бастады. Десе де, сұрақ көп. Әлеуметтік желіде «АӘК беру тоқтатылады» деген де қауесет бар. Бірақ, бұл алыпқашпа сөз – жалған ақпарат. Жақында Үкімет отырысында айқындық, әділеттілік, еңбекке ынталандыру қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қаралды. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп,  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев тақырыпты тарқатып берді.
Бір дүние белгілі, АӘК беру тоқтатылмайды, тек көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілмек. Баспасөз мәслихатында АӘК-тің берілу тәсілінен бөлек, қаржыны айдың қай уақытында алуға болатыны, көпбалалы аналардың жұмысқа орналасып не бизнес бастауы үшін сәбидің жасы қаншалықты әсер ететіндігі, АӘК тағайындалу уақыты және комиссия құрамы туралы айтылды.
Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мәні – аз қамтылған отбасыларды қолдау. Сондай-ақ, отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқа да түрлері арқылы табысын арттыруға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, көмекке мұқтаж шаңыраққа қолдау көрсетіп, аяққа тұрғызу.
Биыл облыста АӘК алушы отбасылар саны 6 есеге артыпты.
– 2018 жылы АӘК жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен төмен отбасыларға осы мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табыстың айырмасы ретінде отбасының әр мүшесіне төленді. Өткен жылы отбасына шаққанда шамамен 14 142 теңгеден табысы кем болғандарға төленіп келді. Ал, биылғы 1 сәуірден бастап жаңа формат енгізілді. Негізгі айырмашылық, мұқтаждық шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен 70 процентіне дейін артты. Нәтижесінде облыс бойынша, АӘК алушы отбасылар саны 6 есеге көбейді. Осыған орай, АӘК алуға 20 789 теңгеден төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы болды. Әрбір кәмелетке толмаған отбасы мүшелеріне және 23 жасқа дейінгі студент балалары болған жағдайда 20 789 теңге көлемінде кепілдендірілген төлем төленіп келе жатыр. Қазір 9 айдың өзінде облыс бойынша 30 мыңнан астам отбасыға, оның ішінде 146 мыңнан астам мүшесіне АӘК төленді, – деді Талғат Тұрсынұлы.
Бүгінде облыс бойынша бір отбасыға орташа есеппен 86 мың теңге берілуде. Оның ішінде айына 150-160 мың теңгеден алып отырған отбасылар да бар екен.
–Отбасында қаншалықты адамы көп, соншалықты АӘК алуға мүмкіндік те  көбейіп отыр. Дегенмен, айта кету керек көмекке мұқтаж азаматтардан бөлек түрлі себептермен табыстарын жасыру, ажырасу, тұрақты мекен-жайларын ауыстыру, жалған тіркеуге тұру фактілері көбейіп кетті. Беріліп жатқан көмек бейқамдыққа, масылдыққа да жағдай жасап отыр. Сондықтан, бізге бір емес, бірнеше рет тексеруге тура келді. Мұндайда, әрине шын мұқтаж отбасылар ренжиді. Бірақ әлгіндей жағдайлар қайта тексеру қажеттігін айқындап берді. Қазір облыс бойынша 3600-ден аса отбасы өзінің нақты табысын жасырғандығы анықталды, – деді Т. Дүйсебаев.
Халық арасындағы АӘК-тің берілу уақытына қатысты да түсінбестік бар. Айталық, отбасы иелері қазан айы басталса, қаржы бірден қолдарына тигенін қалайды. Тіпті, «маған бұл айда қаржы берілмейтін болар» деп мазасызданатындар да бар. Айта кету керек, бастапқы ереже бекітілгенде АӘК қай кезде төлену керегі көрсетілмеген. Ал, осы жылдың 26 тамызында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізіліп, АӘК тағайындалған айдан кейінгі айдың 10-на дейін төлену керек деп уақыты белгіленген. Соған байланысы қаржы әр айдан кейінгі айдың 10-на дейін төленеді.
Сөз басында айтып кеткеніміздей, 2020 жылдан бастап АӘК тоқтайды екен деуге негіз жоқ. Керісінше бұл көмектің негізгі 3 бағыты айқындалуда.
–Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Ал, еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ, жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуға тиісті жағдай жасалады.
Бірінші бағыт бойынша көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген мемлекеттік жәрдемақы ұсыну пысықталуда. Көпбалалы бұл – кәмелетке толмаған төрт не одан көп баласы бар отбасылар. Егер бала студент болатын болса, онда 23 жасқа дейін кепілдендірілген төлем қарастырылады. Айта кетейік, төрт баласы бар отбасыларға 42 500 теңгеден, (отбасы мүшелеріне емес, отбасына), бес баласы барларға 53 125 теңгеден, алты баласы барларға 63 750 теңге, жеті және одан жоғары балалары бар отбасыларға 73 375 теңге белгіленбек, – деді басқарма басшысы.
Бұл жерде бастысы отбасының көпбалалы болуы, сондықтан бұл қаржылай көмек үшін отбасының табысы қаралмайды. Мұндайда, «көпбалалы емес, бір-екі баласы бар, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен болса АӘК беріле ме» деген сауал туындайды. Екінші бағыт – осы мәселенің шешімі.
–Екінші бағыт бойынша АӘК аз қамтылған отбасыларға төленеді. Отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайынғы АӘК тағайындалады. Отбасы құрамында жұмысқа қабілетті мүшелері болса, жұмыс істеуі керек. Егер жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуден бас тартатын болса, балаларға да, бұл отбасыға да жәрдемақы төленбейді. Не үшін? Бұл отбасы иелерінің өз отбасына деген жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр, – деді Т.Дүйсебаев.
Сондай-ақ, көпбалалы аналарға қайтарымсыз негізде гранттар тағайындау  да қарастырылған. Өткен жылдары 100 АЕК болса, биылдан бастап 200 АЕК, яғни, 505 мың теңге қайтарымсыз негізде өз кәсібін бастау үшін қаржы берілмек. Мұнан бөлек шағын көлемдегі несие де беру де қарастырылған. Қазір 6 проценттік үстемақымен несие алып жатса, 2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 4 процентке төмендейді.
 Тұрғындар арасында бизнес ашып, жұмыс істеу үшін балалардың жасы маңызды ма деген сауал бар. Қазіргі заңнамаға сәйкес, анасы 7 жасқа дейін бала күтімімен отырса, жұмысқа ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ 2020 жылдан бастап 3 жасқа дейін төмендетіледі. Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, мемлекет тарапынан балаларға тамақ пен қосымша қолдаулар қарастырылған.
Үшінші бағыт аз қамтылған отбасылардағы балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету. Мектеп жасына дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағы балаларға ыстық тамақ, мектепке қажетті құрал-жабдық, киім-кешек беріліп, күнделікті тегін жол жүру жеңілдіктері ұсынылмақ.
Қазір АӘК шартсыз көмек алушыларға 6 айға және шартты көмек алушыларға 12 айға дейін тағайындалатыны белгілі. Ал, 2020 жылдан бастап әлеуметтік көмек 3 айға ғана тағайындалатын болады. Себебі, үш айда отбасы құрамында және табыс көлеміне қатысты өзгерістер болуы мүмкін. Бұл, АӘК-ті заңсыз тағайындамауға жасалған бірден-бір қадам.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Бектас Нуриддиновтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берушінің материалдық жағдайын текскеру жөніндегі учаскелік комисия құрамына енді ветеринар, учаскелік полиция сынды мамандар да қосылатын болады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
10 қазан 2019 ж. 523 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 770

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930