Тұрғындар тілегі тыңдалды
Жуырда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында «Қазақстан РТРК» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Жағыпар Қарабала аудан тұрғындарына қабылдау жүргізді.
Қабылдау барысында М.Шәменов ауылының тұрғыны Еркін Қисықов пен кент тұрғыны Нұржан Құрақбаев жұмыс сұрап келсе, Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Қосаева зейнетақы жинағындағы қаржыны тұрғын үйге жұмсау мақсатында берілетін жинақтың шекті мөлшерін төмендету жолдарын білді. Яғни ауылдық жерлерде кей мамандық иелерінің табысының төмендігіне байланысты қорға қажетті қаржы жиналмауына байланысты зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын ала алмайды. Айта кету керек, заңдылық бойынша ер адамның жинағында шамамен 9 млн, әйел адамда 13 млн теңгеге жуық қаражат болуы тиіс. Мектеп мұғалімі осы шекті мөлшерді 4-5 млн теңгеге түсіруге жұмыс жасауды сұрады. Сондай-ақ кент орталығындағы №201 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Ербол Айғалиев «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға берілетін қаржының қазіргі таңда мөлшері тым төмен екенін жеткізді. Азаматтың айтуынша, жас маманға берілетін 2,5-3 млн теңгені 5-6 млн-ға дейін жеткізсе ғана сапасы сын көтеретін баспана алуға мүмкіндік болады. Өйткені кенттің өзінде мұндай қаржыға үй сатып алу қолжетімсіз болып отыр. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың ішінде «Иманқұл» мешітінде қоғамдық қызметпен тазалықшы болып жұмыс жасайтын Бибіхан Әбдіқиярова бар. Ол кісінің тілегі – жаңадан бой көтеріп жатқан мешіт ашылған соң осында тұрақты жұмысқа орналасу. Ал Мүбәрак Мақсат “Президенттің жастар кадрлық резерві келесі жылы жалғасын табады ма?” деген сауалын жолдады. Жағыпар Аманжолұлы жастар кадрлық резервінің І туры аяқталып, республика бойынша 900-дей жас ІІ турға өткенін айтты. Мақсат мырзаға келесі жылы қатысуға ұсыныс білдірді.
«Қазақстан РТРК» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Жағыпар Аманжолұлы тұрғындардың талап-тілегін тыңдай отырып, мәселені шешуге тырысатынын жеткізді. Бұл ретте Ж.Қарабала жұмыс сұрап келген кісілерге кент, ауыл әкімдерімен байланыса отырып, жұмысқа орналастыруға күш салатынын мәлімдеді.
Нұр НАУАН