Kезектен тыс конференция
Аптаның сейсенбісінде «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалының кезектен тыс ХХІІІ конференциясы өтті. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен өткен конференцияға партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйым жетекшілері, партия ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмаларын – «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобаларының ауданда іске асырылуы мен облыстық филиалдың кезектен тыс конференциясына делегаттар сайлау жайы қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов баяндама жасады.
– Бұл бастамаларды ұлттық жобалар десек те, артық емес. Себебі, аталған жобалар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, ауылдық жерлерді көркейту, өңірлерді дамыту сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтиды.Қазіргі таңда ауданымызда бұл жобалар бойынша бірқатар жұмыс қолға алынды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Конференцияда «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева партияның облыстық филиалының кезектен тыс XXIV конференциясына сайланған делегаттарды атап өтті.
Жиында президиум, мандат комиссиясының, хатшылығының, редакциялық комиссиясының құрамы анықталып, нәтижесінде бірауыздан конференцияның қаулысы қабылданды.
Сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Дархан Ілиясов пен аудандық мәслихат депутаты Ерхан Бақбергенұлы Президенттік сайлау науқанына қатысты өзіндік пікір білдірді.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.