ДАМУҒА БАСТАҒАН ЖАСАМПАЗ ЖОЛ
Аптаның сәрсенбісінде «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалының кезектен тыс ХХІІ конференциясы өтті. “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен өткен конференцияға партия филиалының Саяси кеңесінің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйым жетекшілері, партияның ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Биылғы жылы "Нұр Отан" партиясының құрылғанына 20 жыл. Осы 20 жыл ішінде нұротандықтар еліміздің экономикалық әлеуетін көтеруге, рухани жаңғыруына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға барынша үлес қосып келеді. Партия төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да сарабдал саясаты елімізді сырт елдерге барынша абыройлы, ішкі тұрақтылығы мықты, экономикасы қарыштап дамуды көздейтін бағытпен ұштасып жатыр. «Нұр Отан» партиясының Жалағаш аудандық филиалы депутаттық фракциясының жетекшісі, партия ардагері Рауаш Алиева партия құрылғалы бергі жетістікке толы 20 жылды жасаған хабарламасына арқау етті.
Ұдайы халықтың ортасынан табылып, сенімін ақтауға тырысқан «Нұр Отан» нақты нәтиженің, сенімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шығып келеді. Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу – партияның болашаққа бағыт сілтейтін темірқазығы. «Нұр Отанның» кезектен тыс өткен ХVІІ съезінде қабылданған «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа сайлауалды бағдарламасы да осы құндылықтарды көздейді.
Осы сынды ойларымен бөліскен Р.Алиева Жалағаштағы бүкіл нұротандықтарды ел бірлігін сақтау жолындағы жұмыстарды жұмыла атқаруға шақырды.
Мұнан соң аудандық партия филиалының Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалымжан Телібаев Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын ауданда іске асырылу барысын баяндады. “Әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел игілігіне арналған дәстүрлі Жолдаулары айқын да айнымас, сенімді бағыт болып келеді” деген Ғ.Телібаев Президент Жолдауы – мемлекеттің алдағы жоспарына, оның халқына және ендігі бағыт-бағдарына ерекше серпін беретін маңызды құжат екенін атап өтті.
Баяндамашының сөзінше, Елбасы Жолдауын насихаттау бағытында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылған. Өткен жылдың 11 қазанында Жолдаудың негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған аудан әкімдігінде идеологиялық актив жиыны өткізілген. Сондай-ақ, Жолдаудың негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған желілік кесте әзірленіп, аудандық бөлім, мекемелерде, білім беру ұйымдарында, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, ішкі істер саласы қызметкерлері, аудан жастары арасында және барлық ауылдық округтерде талқылау өткізілген. Бұған қоса ақпараттық насихаттық топ құрылған. Ақпараттық насихаттау топтарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, олардың құрамына мемлекеттік орган басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері, ардагерлер кеңесі төрағасы және аудандық мәслихат депутаттары енгізілген. Ақпараттық-насихаттық топтары Жалағаш кенті және елді мекендерге жылына екі рет 5 бағыт бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, ауданда Елбасы Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерді насихаттау бағытында республикалық, облыстық және аудандық ақпараттық топ өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізілуде. Осы және басқа да атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек еткен Ғ.Телібаев Жолдауды тұрғындар арасында насихаттау бойынша жұмыстар өз жалғасын табатынын мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелерін талқылау болатын. Бұл жөнінде «Кәсіпкер» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет айтып өтті.
Жиында аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Каюпова, аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, №124 орта мектебінің директоры Мейрамбек Жаманов, партия филиалының «Қазақстан-2030» бастауыш партия ұйымының төрайымы, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ботагөз Жақанова жарыссөзге шығып, партия мүшелерінің елдің әлеуетін көтеру жолындағы жұмыста аянып қалмасын жеткізді.
Күн тәртібіне қойылған соңғы мәселе «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХІІІ конференциясына делегаттар сайлау жайлы болды. Бұл жөнінде «Дарын» бастауыш партия ұйымының төрайымы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзат Құрманбаева айтып өтті.
Конференцияны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев қорытындылады.
Еліміздің жақсарып, ажарлануы, жаңа еңбек орындарының ашылуы, тұрғын-үй құрылысын дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту, ардагерлер мен мүгедектерді, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, бұқаралық және балалар спортын дамыту, балабақшаларды көбейту, жергілікті атқару органдарындағы есеп беру мен ашықтықты одан әрі тереңдету – осының бәрі «нұротандықтардың» қатысуымен жүзеге асырылатын жоспарлы жұмыстар екенін ұмытпау керек. Қазақстанның басты жетістігі – Тәуелсіздік, тұрақтылық, бірлік және жасампаздық болса, «Нұр Отан» партиясы осы құндылықтарды сақтай отырып, «Жаңа әлеуметтік саясат аясында ел экономикасын өркендетуді, жаңғыртуды одан әрі жалғастырады деп сенеміз.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.