» » ДӘМІҢНЕН АЙНАЛАЙЫН, АҚ КҮРІШІМ!

ДӘМІҢНЕН АЙНАЛАЙЫН, АҚ КҮРІШІМ!

Кезінде ақын Зейнолла Шүкіров «Жайқалған ақ күрішің, жаралған шаттық үшін» деп жырлаған еді. «Сыр сұлуы» деп аталатын бұл өлеңге қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов ән жазды. Осылайша, Сырдың сұлуына баланған күріш жайлы ән қос таланттың дарыны арқылы күллі қазақ даласын шарлады.
Әңгіме өзегіне айналып отырған күріштен бірнеше тағам түрі дайындалады. Оның бірі – палау. Бұл тағамның қазақ палау, өзбек палау, шашпа палау, мейіз палау, той палау, ми палау, қазы палау сияқты тағы басқа бірнеше түрі бар. Олардың дайындалу әдістері бір-біріне ұқсас. Тек қосатын қоспасы бойынша құрамына қарай өзгеріп отырады.
Үлкен аста, той мен құдайыда көбіне палау тартылады. Осы ретте отыз жылдан астам уақыт бойы түрлі тойда және өзге де шараларда сол асты дайындап жүрген Олжабай ағамызды сөзге тартқан едік. Ол: «Палау – көпшіліктің тамағы. Әдетте ауылдық жердегі үлкен тойлар мен астарда 2-3 қазан пісіретін кездер болады. Еті мен күрішінің үлес салмағы бір-біріне тең болуы қажет. Сәбізі мен пиязының да мол болғаны дұрыс. Оларды тым майда етіп турауға болмайды. Олай етсе, сәбіз езіліп кетеді. Астындағы отты реттеу үлкен мәнге ие. Бұқтырғаннан кейін қазанның қақпағын жақсылап жапқан абзал. Қақпақ нашар болса, палаудың бетін табақпен жабу керек» – деді ағынан жарылып. Аты айтып тұрғандай мейіз палауға мейіз, қазы палауға қазы қосады. Өзбек палауы етті көп қажет етпейді. Дегенмен олар пісірген палаудың да дәмі тіл үйіреді.
Күріштен дайындалатын келесі тағам “Сыр күріші” деп аталады. Бір сөзбен айт­қанда, сүтке қайнатылған ботқа. Бала күні­мізде әжем оны жиі пісіретін еді. Бұл тағамның балаларға пайдасы көп. Ем қабылдап жүрген ересектер үшін де тиімді. Оған сары май қосып жесең, көпке дейін аузыңнан тәтті дәмі кетпейді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атын­­­дағы қазақ агротехникалық универ­си­те­­тінің магистранты Жаңыл Сұлтанова кү­ріш­тен жасалатын басқа да тағамдардың түрлерін атап өтті. Ол: «Күріштен ақ ботқа мен қоян ботқаны да әзірлейді. Ақ ботқа тек суға қайнатылады. Ал екінші ботқа қоян­ның етімен жасалады. Бұған көбіне сәбіз қоспайды. Тағамның бұл түрінен сылпылдақ ботқа да жасалады. Ол күріштен жасалатын әдеттегі ботқаларға қарағанда сулы болады. Сондай-ақ күріш қосып, ірімшік және асқабақ ботқасын пісіреді. Ірімшік ботқасын жасамас бұрын күрішті суға қайнатады. Сонан соң сары майды табаға ерітіп, суға піскен күрішті салып қуырады. Оған үгітілген ірімшікті қосып, қысқа толқынды пешке немесе духовкаға салады. Қабығы аршылып, жақсылап тазаланған асқабақты да суға пісірілген күрішке қосып, осы әдіспен әзірлеуге болады. Әркімнің қалауы бойынша түрлі дәмдеуіштер қосса артық болмайды» деген ойымен бөлісті.
Оны көжеге, түрлі салаттарға да қоса­тынын көріп жүрміз. Айран мен сүт қосып пісіретін көжені айтпағанның өзінде, тәбетті ашатын ондаған салат осы өнімнен жасалады. Тіпті қайнатылған күрішті жұмыртқаға араластырып тамақ дайындайтындар да бар.
Бұл – біз білетін тағамдар ғана. Әйтпесе бұл өнімнен дертке шипа боларлық көптеген ас түрін әзірлеуге болады. Ол жағынан келгенде Қытай мен Корей елдері алдына жан салмайды. Дегенмен ел ырысына айналған Сыр күрішінен қандай ас жасаса да дәмді болады. Тек жақсы аспазшының қолынан шықса болғаны. Оны жеген адам еріксіз «Дәміңнен айналайын, ақ күрішім!» деп тамсанары сөзсіз.

Е.ӘНУАРҰЛЫ

12 қараша 2019 ж. 700 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930