ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ҚҰРСАҚТАН ҚАЛЫПТАСҚАН
Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелердің қай-қайсысы да қашаннан аса маңызды болыпты. Өйткені халқымыз әлімсақтан ұрпақ тәрбиесін ұлт келешегінің кепілі деп түсініпті. Төле би данышпанның “Бала тәрбиесін бесіктен бастасақ та кешігіп қаламыз, оған құрсақта жатқанда көңіл бөлуіміз керек” дегенінде үлкен мән бар. Ертеректе ер баланың ақылын толықтырып, айбынын асырып отыру аталар мен әкелердің жауапкершілігіндегі міндет болса, қыз баланың әрбір қылығын қадағалайтын "Әжелер мектебі" бар еді. Сол ақ жаулықты әжелеріміз келіндерінің бойына бала біткеннен оларды жаман сөздер айтудан, ерсі әдеттерге жақын болудан тиып отырыпты. Абысын-ажын бас қосқанда өсек-аяң, ғайбат әңгімелердің айтылуы әбден мүмкін. Ал ол әдепсіз әңгімелер анасының жарғағы арқылы құрсақтағы балаға берілетіні белгілі. Сондықтан да енесі келінінің көпшілік жерлерде ұзақ отыруын қаламапты. Отауында оңаша қалғанда құрсағындағы баласымен сөйлесіп, шаранаға жылы сөздерін айтып, тіпті бесік жырымен әлдилеп отыру жайында кеңес беріпті. Сөйтіп әжелеріміз ұрпағы жарық дүниеге келмей тұрып, анасының құрсағында жатқанда-ақ өз ана тілі мен әдеп-ибасын бойына сіңіріпті. Әсілінде, халқымыздағы "Ана тілі" деген асыл ұғым осылай қалыптасса керек. Бұл сөзімді осыдан бірнеше жыл бұрын америкалықтар жасаған мына зерттеу жұмысы дәлелдей түседі.
Америкалық ғалымдар перзентханада ағылшын, француз және орыс ұлтының жаңа туған үш шақалағын қатар жатқызып "Өмірге қош келдіңіздер" деп ағылшын тілінде тілек білдірсе, шырқырап жатқан үшеудің ішінен ағылшындық бала жылауын кілт тоқтатып, әлгі әуезді дыбысқа елеңдейді. Ал енді сол сөзді француз және орыс тілінде қайталаса, қалған екеуі өз ана тілдерінде айтылған дыбысты жаңылмай ажырататын көрінеді. Міне, қызық! Демек ата-бабаларымыз тәрбие бесіктен емес, құрсақтан бастау алатынын әу бастан-ақ біліпті...
Менің әжем жиырма екі жасында келін болып босаға аттайды. Алайда әжемізді барған жері "Баламыз кәрі қыз алды" деп қабылдаған көрінеді. Осыдан-ақ халқымыздың артында ұрпақ қалдырудың қамын ерте бастан ойлайтыны аңғарылады. "Он үште отау иесі" деген сөз бекер айтылмаса керек.
Қазақта "Бәсіре" деген ғұрып бар. Шаңырақта ұл бала дүниеге келсе қуанбайтын қазақ болмаған. Әсіресе бұл сүйінші хабар әкенің көңілін ерекше толқытып, шат-шадыман қуанышқа бөлепті. Қашаннан қыз баланы "жат жұрттық" деп санап, отбасында аз күн аялдайтын қонақ деп сыйлаған ата-ана артында жолын жалғап, қара шаңыраққа ие болып қалатын “қара” қалғанын қалапты. Сондықтан да "қамшы ұстар" ер балаға жастайынан үлкен жауапкершілік артылыпты. Соның бірі ер бала дүниеге келгенде атайтын енші малы осы – "Бәсіре". Әкесі немесе жанашыр жұрты – нағашылары ер бала ат жалын тартып мінетін жасқа жеткенде атаған малын үйірден ұстап әкеліп мінгізеді. Сол күннен бастап бала әлгі тақымына тиген тайдың күтімін өз мойнына алады. Бәсіреге берілген малды сатпайды, баладан басқа ешкім мінбейді. Кішкентай иесі оған күнделікті жем-суын беріп, құйрық-жалын күзеп баптап, күтеді. Бұл тек балаға ат мінгізіп, ермек тауып беру емес, ер азаматты жастайынан түздің шаруасына бейімдеу, дүние-мүлкіне ие болуға үйрету, кейінгі отбасылық өмірдегі мойнына жүктелетін жауапкершілікке тәрбиелеу. Халқымызда ер баланың үлкен өмірге деген алғашқы қадамы атасының ақылы мен әкесінің өнегесінен кейін осы "бәсіре" салтының негізінде бастау алады екен.
Ал енді "Аз күн қонақ" деп төрге отырғызып, аялап өсіретін қыздарымыз бала күнінен әжесінің ертегісі мен анасының үй шаруасындағы қым-қуыт тіршілігінен-ақ үлгі алыпты. Саусағы майысып кестеге зерлі өрнек салып, іс тіккен қыздардың бойында әдемілікке, сұлулыққа деген құмарлығы оянып, төзімді, сабырлы, байсалды мінез қалыптасады. Күнделікті құлағына құйып отыратын ақыл-кеңесін айтпағанда, аналарымыз қыз баласына кесте тіктіріп, сырмақ сырумен-ақ тәрбие беріпті. Оның арғы жағында қыз баласына қырық үйден тиым салып, ары мен абыройын тек отбасы немесе сол әулет қана емес, бүкіл ауыл болып күзетіпті. Өйткені ата-бабаларымыз ер бала бір рулы елді, ал қыз бала бүтін бір ұлтты тәрбиелейді деп сеніпті. Расында, қыз баланың болмысы бұзылса, тұтас ұлттың жоғалатыны уақыт өткен сайын дәлелденіп келе жатыр. Қыз баланың тәрбиесі қоғам назарынан тыс қалып қойса, ұлт бойындағы тектілік жоғалады. Ал ұлттың тегі болмаса, ол халық жер бетінен өз-өзінен жойылып кетеді. Бұрынғы бабаларымыз жер бетінен біржола жоғалып кетпеу үшін жағадан алған жаумен тек жерін сақтап қалу үшін арпалысқан жоқ екен, қызының жатқа жар болып, өз тегінен айырылып қалмауы үшін қан төгіпті. Сол үшін де олар қыз баланың тәрбиесін қатаң қадағалап, артық қылықтардан тиып отырыпты. Бақсақ, осы кездегі жоғары оқу орындарының білімі мен тәрбиесін кешегі қазақ қоғамында бір ғана «Отбасы институты» беріпті.
Бүгінгі қоғамға ұлттық тәрбиенің қажеттілігі анық байқалады. Қазір ауылда өскен ер балалардың өзі ынжық, қыз бала тым "еркін". Ер баланың бойынан бұрынғы ауыл баласына тән батыл, өжет мінез байқалмайды. Керісінше, ауыл тәрбиесін алды деген қыз балалардың мінезіндегі ұяңдық жоғалған. Демек, біз бұл қоғамдағы әлеуметтік өзгеріске сөзіміздің басында айтқан "Аталар академиясы" мен "Әжелер мектебіндегі" ұлттық тәрбиенің әлсіреп кетуінен деп пайым жасасақ болады.
Қазірде көп жастар отбасын құруға асықпайды. Себеп пен сылтау сан алуан. Бірақ көбі жоғары оқу орнын бітіріп, жақсы қызметке орналасады, одан соң баспана мәселесін шешіп алады, астына қымбат көлік мінеді және күнделікті тұрмысына тірек болатын басы артық қаржылай қор жинайды. Содан соң барып, жар іздеудің қамына кіріседі және олар оны алдарына кәдімгідей үлкен мақсат етіп қойған. Тіпті кейбір жастар мұны тәтті арманға айналдырып алған. Ал бұлар аз ғана уақыттың шеңберіндегі үдеріс емес. Оған бірнеше жыл уақыт керек. Айталық, орта мектепті он жеті жасында бітірген бозбала немесе бойжеткен жоғары оқу орнында кем дегенде төрт жыл білім алады. Одан соң қызметтік жолын қалыптастыруға бес жыл уақыты кетеді, ары қарай тағы да баспана салу мен көлік міну мәселесі көлденеңдеп алдынан шығады. Осылай жүргенде отыздан асып кеткенін де байқамай қалады. Ал сол жасына дейін өзінің барлық тұрмыстық жағдайын жалғыз жүріп жасап алған олар талғампаз болып алады және ары қарай да жалғыз өмір сүре беруге бойлары үйреніп кетеді. Бойдақтық өмірге үйренген сақа жігіттер отбасы жауапкершілігінен қорқады. Осы жасқа дейін өз өміріне өзі ғана қожалық жасап келген қыздарымыз орта жолда тізгінін біреуге ұстатып, ер азаматқа тәуелді болуды қаламайды. Отандық демографтар осындай сыңаржақ түсініктің салдарынан бүгінде елімізде "сүр бойдақтардың" саны артып, "кәрі қыздардың" қатары көбейіп отырғанын айтып, дабыл қағып келеді. Бұған кінәлі кім? Әрине, отбасындағы бас "тәрбиешілер"...
Бір қарағанда, бүгінгі жастардың жоғарыда айтқандары жөн секілді көрінуі мүмкін. Алайда олардың сол мақсаттары мен армандарын артында қалар ұрпақтың құндылығымен салыстырғанда түкке де тұрмайды. Олар тек тұрмыстық қажеттілік үшін жеке бас жағдайларын ғана жасап, бүгінгі күннің қамын күйттеп жүр. Әйтпесе бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын бабамыз баяғыда-ақ ескертіп кеткен жоқ па еді?! Жалғызға жан түгіл, мал да құралмайтынын сол жастар білмесе де, ата-анасы білетін еді ғой?! Бірақ қазіргі ата-аналардың баласына қояр талабы басқа. Бұрынғылар ұлы ержетсе, келін түсіріп, немере сүюге, қызы бой жетсе, теңіне ұзатып, құтты орнына табыстауға асығушы еді. Қазіргілер керісінше, ұл-қызына бір-бір мамандық иесі болып, жақсы қызметке орналасып алғанша отбасын құруға асықпауға кеңес береді. Міне, осыдан соң қоғамның әлеуметтік ықпалы, ата-ананың ақыл-кеңесі түйсігіне әбден орнығып қалған жастар отбасын құрып, ұрпақ өрбітуге құлықсыз болып бара жатыр. Қай мемлекеттің де басты байлығы, әлеуметтік әлеуеті, әскери қауқары адам капиталымен ғана айбынды. Ендеше, отбасын құру бала сүйіп, өміріңді жалғастырудан да маңызды екен...
Қуат АДИС