ӨНЕРДЕН ӨНЕГЕ ӨРГЕН
Ол дала баласы еді. Қызылқұм ішінде отырған Ермағанбет ақсақалдың ортаншы ұлын ақыры астындағы арман атты арғымағы Алматыдағы әртістер дайындайтын оқу орнына апарып, студент атандырды. Бұған әке-шешеден бұрын, сол маңайды жайлап отырған көрші-қолаң дүрліге қуанған.
Иә, әртіс болу, сахнада түрлі тағдырларды сомдау Сағат ағамыздың бала күнінен арманы болыпты. Әкесі Ермағанбет те үміт күткен ұлының балауса арманын құм ішінде тұншықтырғысы келмей, рұқсат етіп, ақ батасын берген. Көре алсаң, ести алсаң, оқи алсаң "шөп те өлең, шөңге де өлең". Айналаңның барлығы ән салып, күй шертіп тұр. Жаратылысынан табиғатпен тамырлас көшпенді халықтың бойында сол тылсым табиғаттың тынысын, оның сан алуан сиқырлы бояуларын сезіне алатын қасиет бар. Қызылқұм ішінде туса да болмысынан әсершіл, қиялшыл сықпыты сыптай қағылез қара баланың бойында буырқанып тұрған бір қабілеттің бар екенін Ермағанбет ақсақал ерте аңғарыпты. Қаршадайынан әкесіне қолқанат болған осы қара бала қой соңында жүріп бұта басына қонақтаған дала бозторғайының таңғы әуенінен, шөп арасындағы атқұлақ шегірткенің шырылынан, зау биікте қалықтаған дала қыранының оқта-текте шаңқ еткен дауысынан, жусанның жұпар иісінен, сабағын жел тербеген бұйырқұм мен селеудің ыспа құмның үстін сызғылай тербелген қимылынан, қасқайып шөлге біткен сексеуіл мен кеурік қоңырауларының зарлы үнінен, қысқасы, айналадағы тіршілік атаулының бәрі-бәрінен өмір көргісі келіп, бояу іздеп жүретін. Кейде ат үстінде отырған осы қара бала қамшысын домбыра қылып, дауысын еркін созып, кең даланы, тіпті көк аспанның күмбезін жаңғырықтыра халық әндерін шырқайды. Ара-тұра өзінің қанында тулап жатқан Сыр мақамдарын да төгіп-төгіп тастайды. Ән-жыр қара баланың көмейімен ғана шықпайды, бүкіл жан-дүниесінен, жүрегінен саулайды. Өзі шырқап келе жатқан сазды әуенге, жыр мақамына беріліп, әннің табиғатымен тұтасып кеткені соншалық, әсерлі тұстарында иықтары селкілдеп, бүкіл тұлабойы көмекейімен қоса қимылдап, ат үстінде тербеліп шабыттана жөнеледі...
Иә, бүгінде есімі елімізге, алыс-жақын шет елдерге танымал актер, сахна саңлағы, кино өнерінің майталманы Сағат Жылгелдиевтің өнердегі ең алғашқы жолы осылай басталған еді. Сағат ағамыз осы күнге жеткені үшін ең алдымен талантын тұсамай тілекші болған ата-анасына, шеберлігін шыңдаған өнердегі ұстаздарына, содан соң өзін осы өнер жолына дайындаған алғашқы дәрісханасы – Қызылқұмдағы "Дала мектебіне" алғысын айтады.
1970 жылы Аққыр ауылындағы №188 орта мектепті бітірген талантты баланы Қызылқұмнан ирелеңдеп шыққан жол Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театрға әкелді. Осы жердегі екі жылдық студияны бітірген соң ол 1974 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлар дайындайтын бөліміне түседі. Мұнда ол КСРО халық әртісі, Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты, профессор Хадиша Бөкеева мен театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың шеберлік класын бітірді. 1977-1997 жылдар аралығында Талдықорған облыстық драма театрында жиырма жыл бойы үзбей қызмет атқарды. Жетісу өңірінде өткен жиырма жыл Сағат ағамыздың өнердегі шеберлігін шыңдады. Театр сахнасында жүздеген күрделі образдарды сомдап, көрермен көңілінен шықты. Ол тек сахнада өзіне берілген кейіпкердің образын жасап қана қойған жоқ, өзінің тума талантымен, дара дарынымен тұтас бір дәуірдің тарихын, бір қоғамның бейнесін жарыққа шығарып, халықпен қауыштырды. Өзі сомдаған кейіпкерлердің образдары арқылы көрерменнің көңіліне жол тауып, аралыққа алтын көпір орнатты. Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева екеуінің жұбайлық өмірдегі жолдарын осы киелі өнер тоғыстырған. Жібек апамыз да сахнада көптеген қазақ әйелдерінің бүтін бейнесін жасаған дарынды актриса. Бірі-бірін рухымен қолдап, жүрекпен ұғысып, тілсіз түсініскен қос жұптың өнер жолдары да, өмір жолдары да әлі күнге дейін өрелі өнегемен өріліп келе жатыр. Сағат ағамыз бен жары Жібек екеуі бүгінде Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етеді.
Сағат Жылгелдиев "Қазақстан" ұлттық арнасының жобасы аясында түсірілген "Әке серті" телесериалындағы Досымбек және "Сырғалым" телесериалындағы Ұлықбек рөлдерін сомдады. Актер аталған фильмдердегі басты рөлдерде әке бейнесін жаңа қырынан аша түсті. Қазақ қоғамындағы ер азаматтың салмағын, отбасындағы, бала тәрбиесіндегі әкенің атқаратын рөлін көрерменнің көңіліне қондырып, жүрегіне жеткізді. Сонымен бірге ағамыздың "Шалғайдағы оқиға", "Бақыт жолында" "Келінжан", "Талан", "Қарттар" секілді көркем фильмдердегі сәтті ролдерін айта кетуіміз керек. Өнер жолындағы жетістіктері мен қазақ руханиятына қосқан үлесі үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атағын алды, "Ерен еңбегі үшін" медалінің, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі, Қазақстан ЛКЖО ОК, Қазақстан Театр Қайраткерлері одағы бірігіп белгілеген ІІІ дәрежелі дипломы төсбелгісі мен Иса Байзақов атындағы Құрметті дипломы төсбелгісінің иегері болды.
– Бойыма өнер даладан дарыған болуы керек. Бала күнімде тым қиялшыл, арманшыл едім. Әкем шопан болды. Біз мектепті интернатта жатып оқыдық. Бір жылы қуаңшылық болып, Қызылқұмдағы малшыларды Қарақұмға, қырға көшірді. Әкеміз менімен тетелес Рахат ағам екеумізді Жосалы кентіндегі жамағайынның үйіне орналастырды. Төменгі сыныпта оқимыз. Ауыл баласымыз ғой, пойызды ең алғаш Жосалыға барғанда көрдік. Біз үшін темір жолмен әрлі-берлі ағылған пойыздарды тамашалаудан артық қызық жоқ және оны күнделікті әдетімізге айналдырғанбыз. Сабақтан соң күнде бір мезгіл пойыз келер уақытта кент іргесіндегі темір жол вокзалына барамыз. Перронда жолаушылар көп. Абыр-сабыр адамдар. Сол нөпір халықтың ортасында қолдарында гитара, гармондары бар, киім киістері де былайғы жұрттан өзгешелеу бірін-бірі кеу-кеулеп тұрған топтарға қызыға қараймыз. Осы күні ойласам, солар студент жастар екен ғой. Шығарып салып тұрғандары жол жүріп бара жатқандарға "Алматыға барған соң бізді ұмытып кетпей, хат жазып тұрыңдар", – деп жатады. Бала қиялым бір сәт Алматыны шарлап кетеді. Көз алдыма оқулықтан оқыған әсем қала, алқызыл апорт алмалар мен басын бұлт шалған биік таулар, жасыл шыршалар елестейді. "Шіркін, өскен соң мен де осылар секілді Алматыда оқысам ғой" деп армандаймын ішімнен. Он жылдық мектепті Аққыр ауылынан бітірдік. Ол уақытта мектеп бітіруші жастар үндеу жариялап, бригада құрып, бір жыл ауылда қалып қой бағатын. Біз де солай ететін болдық. Бірақ мен бір жыл уақытымды тағы да малдың соңында өткізгім келген жоқ. Әкеме қоймай жүріп мектеп директорынан аттестатымды алдырдым да, Қызылорда қаласына келдім. Сол жылы жазда біздің облысқа бойында талабы бар жастарды іздеп сонау Алматыдан Мінуар Абдуллина деген кісі келді дегенді естігенмін. Бірақ мен кешігіппін, межелі орын толып қалыпты. Тізімге ілінбедім. Қызылорда облысынан 12 бала іріктеліпті. Алайда менің көзімнен от, бойымнан сәл де болса таланттың ұшқынын байқады ма екен әлгі кісі тізімге он үшінші етіп мені қосты. Бірақ маған жолақымды және Алматыға барғандағы қажетті қаражатты өзімнің қалтамнан төлейтінімді ескертті. Қуана келістім. Тіпті мұхиттың арғы бетіне өз ақшаңмен барасың десе де келісуге қайыл едім. Өйткені ол кезде менің барлық арманым да, мақсатым да Алматы деген ару қалада оқу еді. Өзім ауылда жүрсем де, бала қиялым сол Алатау бөктеріндегі қалада өмір сүріп жүрген кез болатын. Не керек, сол Қызылордадан барған 13 баланың үшеуі ғана оқуға түсті де, қалғаны елге қайтты. Солардың бірі мен едім. Міне, содан бері осы өнер жолында келе жатырмын. Осы жылдар ішінде қаншама тұлғалы ағаларымның қамқорлығын көрдім және сол абзал ағалардан алған жылуды, өнегені өнерде де, өмірде де соңымнан еріп, ізімді басқан жастарға беріп келемін, – дейді Сағат ағамыз.
Бүгінде теледидардан ұзын бойлы, отты жанарлы, шашы мен иегіне келісті етіп қойған сақал-мұртын аппақ қырау шалған актерді көрген көрермен жазбай таниды, өзгелермен шатыстырмайды. Өйткені Сағат ағамыздың өнерде де, өмірде де ешкімге ұқсамайтын ерекше бейнесі бар, өзі ғана сиятын қалпы бар, өз болмысы бар, өз жолы бар.
Қуат АХЕТОВ