Кемпір деме күйеуі тірі әйелді
Бүгінде сөздік қорымыздағы кей сөздердің келе-келе қолданыс аясы тарылып, мағынасы өзгеріп кеткен. Тіпті қазақша, орысшаны араластырып сөйлейтін кей жастар қай сөздің кімге бағытталатынынан да бейхабар. Сол себепті көп жерде «иесін таппаған атаулар» жетімсіреп жүр. Біз бүгін әңгімемізде күнделікті қолданылатын «кемпір» сөзінің түпкі мән-мағынасына шолу жасайтын боламыз.
«Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген сөз бар қазақта. Біз бұл сөзді неге айтып отыр деп ойларсыздар. Көп отбасыларда, оның ішінде жас отбасыларда бір-біріне «кемпірім, шалым» деп әзілдеп жатады. Иә, жастар кемпір, шал сөзінің шынайы мағынасын білмейтін болар. Мақұл, егер де сол сөздің мағынасын білсе, «кемпірім», «шалым» деп айтпас еді» дейік. Сөйтсек, мұндағы «Кемпір – пірі кем әйел» деген мәндегі сөз екен. Деректерді ақтарып отырып бүгінге дейін жалпақ тілде қолданып жүрген кемпір сөзінің түпкі мағынасына үңілдік. Расымен көп деректе тіл мамандары «Қазақ әйелі күйеуін пірім деген. Сол пірінен айырылған әйелді кемпір деп атаған. Яғни, «Кемпір» деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді айтады. Кемпір – пірі кем әйел дегенді білдіреді» деп өз түсінігінің дұрыстығын дәлелдегісі келген. Ал “Жетісу” газетінен Қозыбай Құрман деген әріптесіміз осы тақырыпты қаламына арқау етіп, әлеуметтік желідегі, кітаптардағы, тіпті бұрынғы көне көмбе тарихи жырларды да ақтарып, «кемпір» сөзінің шынымен де «пірі кем әйел» деген мағынаны береді ме деп біраз толғаныпты. Ол кісі толғақты ой мен өзіндік тұжырымынан тұратын мақаласында былай деп келтіріпті:
«...Зередей зейіні ұшқыр, зердесі бөлек анасын атамағанда, бүткіл елдің тентегі мен телісін тезге салған аға сұлтан Құнанбайдың қарасөзге, қазақы жосыққа қаражаяу болуы мүмкін бе? Яки, бұл атау ертеден «Пірі кем әйел» мағынасындағы сөз болса, қазақылықтың қаймағын бұзбай, ата-дәстүрдің алдындағы адалдығымен қатал аты шыққан қажының тыюсыз, тектеусіз қалдыруы тағы мүмкін болмаса керек. Ендеше, сол алып әкенің тәрбиесімен «оқ жонған» – «Қара сөздің» қаймағын алған Абайды қателесті деудің өзі әбестік емес пе?!». Әрине Абайдай ұлы ақынды дүниеге келтірген, өз заманында беделі биік, тұлғасы дара кісі Құнанбайды аталы сөздің астарын ұқпаған деуге аузымыз да, арымыз да бармасы анық. Осы турасында әріптестің ойын құптауға болады.
Қазақтың сөздік қоры бай, оны кәдеге жаратамын деу жақсы ниет. Бірақ әр сөзді нақ иесіне немесе мәніне қарай бағыттаған дұрыс. Бәріміз бала кезімізде ертегі, аңыз әңгімелерді естіп, құлаққа сіңіріп өстік. Енді қараңыз, осы ертегі-жырлардағы сөзбасы «Ертеде бір кемпір мен шал болыпты немесе кемпір мен шалдың жалғыз баласы болыптыдан» басталады. Әдеби жырларда да кемпір, шал сөзі қосарланып қолданыла береді. Демек ата-бабамыз, бұрынғының қазақтары кемпір сөзін пірі кем әйел деп шошып, жапатармағай күйеуінен айырылған әйелдерді кемпір деп атамаған. Осыдан түйін түйсек, біз өткен дәуірдің адамдарын қарасөзге қаражаяу дей алмаймыз. Тағы бір айта кететіні бар, қазақ тілінің қолданысын зерттейтін ғалымдардың кейбірі кемпір деген сөздің жоғарыда айтқан мағынасын қолдайды. Ол кісілердің сөзін жоққа шығаруға да хақымыз жоқ сияқты. Өйткені әр сөздің түзейтін жерін түзеп, күзейтін жерін күзеп, жіліктеп отырған ғалымдардың да бір айтары бар.
«Шал» сөзінің айтылатын реті бар екенін білеміз. Ақсақал деген қадірлі сөздің орнына жөн-жосықсыз қолданыла беретін атаудың мән-мағынасы бөлектеу. Дегенмен бұл – бөлек әңгіме. Аталы сөздің нарқы мен парқына аса көңіл аударып, сөз байлығымыздың қадіріне жетейік.