АЖЫРАСУ КӨБЕЙДІ: КІНӘЛІ КІМ, СЕБЕБІ НЕ?
Тақырыпты көлденеңнен қойып, мәселені тікесінен айтпасқа амал қалмады. Қазір «үйлену оңай, үй болу қиын» деген тәмсілді жадынан шығарып, көтерген шаңырақтарын құлататындар көбейді. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, елімізде күніне 150 отбасының шаңырағы шайқалады екен. Ашығын айтқанда, ажырасатындардың саны артып барады. Кінәлі кім? Себебі не?
Екі жас бірін-бірі ұнатып, болашақ өмірлеріне серік болады деген оймен тағдырларын тоғыстырады. Ата-аналар «ұлым ержетті, қызым бойжетті, өрісім кеңейді, туысым көбейді», деп қуанып, құда болады. Ел-жұрттың көзінше құшақ айқастырып, төс қағыстырып, қуаныштарын көпшілікпен бөліседі. Шамасы келгені де, келмегені де ақшасы бары да, жоғы да «ұлымның тойы ешкімнен кем болмасын» немесе «қызымды дұрыстап ұзатайын» деп қолындағы барын шашады. Қаржысы жоқ болса малын сатады, төрт түліктен тұяқ қалмаса, банктерді жағалап несие алады. Әйтеуір жұрттан қалмаудың амалын қарастырып, дүркіретіп той жасайды. Осылайша, жастар көшті лемузин бастайтын кортежге мініп, зәулім мейрамханаларда тойларын өткізеді. Жарайды делік. Тойды жасаған ата-ана «бір міндеттен құтылдым» деп, көпшілікке думан сыйлағандарына, жастарды қуанышқа бөлегендеріне разы болады. Іштей «той жақсы өтті» деп топшылап, көңілдері тоқ жүреді. Бірақ «бірінсіз-бірі тұра алмаймыз» деп уәде беріп, бастарын біріктірген жастардың кейбірі отбасылық өмірге үйрене алмай, ажырасып жатады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы 168 417 неке тіркелсе, 51 482 шаңырақ құлаған. Ал 2014 жылы 159 328 отбасы құрылса, 52 673 неке бұзылған. Тіпті 2015 жылы 148 769 неке қиылса, 53 293 жұп ажырасқан. Бұл дегенің елімізде жыл сайын 50 мыңнан аса неке бұзылады деген сөз. Келтірілген мәліметтерді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің деректерін негізге алдық. Ал “Stan.kz” ақпарат агенттігінің “Евразия” арнасына сілтеме жасап, жариялаған мақаласында былтыр 137 797 жұптың отау құрғаны, оның жартысына жуығы ажырасып кеткені айтылады. Енді сәл болса да адами көзқараспен жағдайды екшеп көрейік. Қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай: «Қар мен жаңбырға қарсы тұрғанмен, асау тағдырға қарсы тұра алмайтындар көп» Жұбайлар жырындағы осы мағынаны білдіретін сөз көп адамға ой салар.
Сөздің ашығын айтайық, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жұбайлық өмірде кездескен шамалы қиындықты көтере алмай, өліп-өшіп сүйіп қосылған қосағыңнан бас тарту – көңілге қонбайтын іс. Мұндайда ене де келінге сүйеу болғаны абзал. Ақылын үйретіп, білгенімен бөлісіп кеңесін беріп отырса, келген келін тез бауыр басады. Баяғының тілімен айтқанда, «тастай батып, судай сіңеді». Қыз баласы ұзатылып, болашақ шаңырағының табалдырығын аттағанда нағыз үйіне кіріп келе жатқандығын ұғыну қажет. Біз мақаланы жазу барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Кенжеғара Сүлейменовке жолыққан едік.
– Халқымызда «қыз жат жұрттық» деген тәмсіл бар. Аталы сөздің астарына үңілген адам қыздың ұлтты сақтаушы рөл атқаратынын түсінеді. Сол себепті бабаларымыз қызды ұлтының ұятына балаған. Қырық үйден тыйым салынса да салт-дәстүрмен сабақтасқан тәрбиенің мәнін ұғынған. Дала заңын ұстанған бабалар салтында ажырасу деген болмаған. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел едік. Бүгін бәрі өзгерді. Ананы тыңдамақ түгілі, әкені елемейтін ұрпақ пайда болды. Ажырасудың бір себебі осы деп білемін, – деген пікірін білдірді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.
Қарап отырсақ, ағамыздың айтқан сөзінің жаны бар. Шынында, дала заңын ұстанған бабаларымыздың дәуірінде ажырасу деген мүлде болмаған. Ажырасу былай тұрсын жетім, жесір деген атауымен жоқ еді. Әмеңгерлік жолмен қосылып, бауырының баласын өз баласындай өсіріп тәрбиелен. Қазір қалай? Әмеңгерлікке көнетін әйел бар ма? Ай, қайдам, кейбір ер азаматтардың өздері әйелінің сөзінен аса алмай, бақилық болған бауырының жұбайына иелік жасамақ түгілі, балаларына да қарасудан қалды. Егерәки, ата-баба жолын жаңғыртып, әмеңгерлікті қайта қолға алса, жетім мен жесір болмаушы еді.
Жоғарыда қазір жылына 50 мыңнан аса неке бұзалатынын айтып өткен болатынбыз. Бұл көрсеткіш бізді ойландыруы тиіс. Онсыз да демографиялық ахуалды жақсартудың жолын іздеп, қайтсек халықтың саны көбейеді деген демографтар тыным таппауда. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайын нығайтуға жұмсалып жатқан күштің барлығы тұрақтылықты сақтаудың амалы. Ал тұрақтылық болса бейбіт өмірге жол ашылады. Мұндай жағдайда халықтың саны еселеп арту керек. Ғылыми тұжырымдамамен де, адами көзқараспен де солай. Бірақ үйленген жастардың басым бөлігі ажырасып жатса, халықтың саны қалайша еселеп артады? Бұған үлкендер де жастар да мән беруі тиіс.
Мәселенің мәнін ашып айту үшін тағы да санды деректерге назар аударайық. Қызылорда облысының статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, Сыр бойында 2014 жылы 6579 неке қиылса, 1592 жұп ажырасқан көрінеді. Ал 2015 жылы 5839 отбасы шаңырақ көтерсе, 1725 жұптың некесі бұзылған екен. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақта өмір сүреміз десек те жетісіп тұрғанымыз шамалы. Ашынғаннан қаттырақ айтпасқа амал жоқ. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Жалағаш ауданы бойынша 2016 жылы 216 отбасы шаңырақ көтерсе, 54 жанұяның ынтымағы бұзылған. Ал 2017 жылы 51 жұптың некесі бұзылған. Өткен жылы 211 неке қиылса, 33 жұптың шаңырағы шайқалған. Қарап отырғандарыңыздай, екі жылда 84 жұп ажырасқан екен. Көтеріліп отырған мәселені талқылау мақсатында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Әсия Мәдиеваны сөзге тарттық.
– Несін жасырамыз, жас келіндер қит етсе болды кетемге басады. Қал деп айтуға намысы жібермейтін жігіттер «кетсең кете бер, басқасын аламын», – деп кекірейіп тұрады. Сонда бір-біріне деген сүйіспеншіліктері мен ыстық махаббаттары қайда қалды? Өмірдің тек ақ жолақтан тұрмайтынын түсіну керек. Сәл қиындық кездессе салы суға кетіп жататын жастарға төзімді болу керек дейтін едім, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы.
Жас жұбайлар отау тігерде жігіт қызға үйленбесе, қыз жігітке ұзатылмаса болмайтындай бірін-бірі сүйіп еді ғой. Неге ажырасу көбейді? Үйленемін дегенше бірінсіз бірі күн көре алмайтындары қайда? Ажырасқан күнде де арада бала болса, оның тағдырын кім ойлайды? Сүйген адам сүйіктісін ары итермесе керек-ті. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде күніне 150 жұп ажырасады екен. Үйге қайтып келген қызға құшағын айқара ашатын ата-аналардікі не жөн, не жосық? Бірінші болып: «ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» деп аналар шығады. Үйдегі жағдайға қарай қабағынан қар жауып тұратын әкелер «қызымды жылатып қоймаймын» – деп ашуға басады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Дәл қазір қоғамда болып жатқан жағдай осы. Мұндайда әркімге өзінікі дұрыс. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым дейдінің» кейпіне еніп, кеше ғана дүйім жұрттың алдында төс қағыстырып, құшақ айқастырып, құда болған екі жақтың ата-аналары көп өтпей бір-бірін жұлып жеуге дайын тұрады. Ақиқатына барып, шындығына үңілетіндер аз. Жас жұбайларға ақыл айтатын, пана болатын үлкендер жағы осылай даурығып жатса, олар ажыраспағанда не істейді? Кез келген мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпау керек. Біреуін бассаң, екіншісі маңдайға тиеді. Жас келіншек баласымен ажырасып әкесінің үйіне барғанда басында ештеңе білінбеуі мүмкін. Дегенмен ол үйде де шаңырақты шаттыққа бөлегісі келетін келін бар. Ұлдың баласы мен қыздың баласы ойнап жүріп бір-бірін жылатып қойса, теперіш көрмесінші деп жиеннің жағдайын жасауға тырысамыз. Қызың үйде отырған соң тым болмаса үйде жыламай жүрсінші деп бар ықыласыңды аударасың. Осылай бірте-бірте еленбей қала беретін үйдегі келін бір күні болмаса бір күні “жарылады”. Қашанғы шыдасын. Мұндай жағдай туындағанда аналардың ішіне сыйған қызы сыртына сыймай кетеді. «Қайтып келген қыздың орны бар» деген мәтел қате.
Түйін:
Халқының болашағына алаңдайтын әрбір адам жұбайлардың ажырасуына жол бермеуі қажет. Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – осы. Сөз соңында «Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керектігін айтқымыз келеді. Бәлкім сонда жастар арасындағы ажырасу мәселесі азаятын шығар. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ