» » ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН ВАНДАММ НЕМЕСЕ ЧОНГЛИ НЕГЕ ТАЯҚ ЖЕДІ?

ЕСІМДЕ ҚАЛҒАН ВАНДАММ НЕМЕСЕ ЧОНГЛИ НЕГЕ ТАЯҚ ЖЕДІ?

Оқырман қауым “айдаладағы американдық әртістің суретін не үшін қойған?” деп мына мақаланы оқымай қоюы ықтимал. “Тіпті, тақырыпты да солардың атымен атапты ғой” деуі де бек мүмкін. Бірақ, біз бала күнімізде осы Жан-клод Вандамм ойнаған киноларды көп көретінбіз. Еліктеп спортпен де айналыстық. Одан әрине, жаман болған жоқпыз. Қажет жерде өзімізді қорғай алатын дәрежеге жеттік.
… Бүгінде біреумен шегіспей, жұдырық алып, жекпе-жекке шықпай-ақ сөзге келсе болды арызданатындар көбейді. Бұл әсіресе, қазіргі қоғамда белең алып барады. Мектепте балалары төбелесіп қалса, ата-аналар мұғалімнен көріп жатады. Ал, бұлар бала ғой дейін десең, үлкендердің де әрекеті осы бағытқа бұрылуда.
Бала күнімізде “көшеде біреу ұрды” деп келсек, әкеміз “сол баланы ұруға дейін апарған өзің кінәлісің” дейтін. Ақыр соңында біреумен ренжіссек, не болмаса қатты сөз естісек, алдымен кінәні өзімізден іздейтін болдық. Бұл сол кездегі тәрбиенің бір болмысы еді. Бүгінгі жағдайды көзі қырағы оқырман біліп те отырған шығар. Сол үшін сөзді көбейтпей негізгі мәселеге көшейік.
…Мәселенің мәнісі – Вандамм, не оған еліктейтіндер емес. Біздің айтқымыз келгені қазір қабақ шытсаң болды, ақ қағазын алып, арызын жазуға дайын тұратындар жайлы. Жасырып қайтеміз, көрші тұрған екі адамның өзі бір-біріне қырын қарайтын жағдайға жеттік. Тіпті, “сенің талыңның жапырағы менің аулама түсіп, есіктің алдын бүлдірді” деп арызданатындар бар. Асыл дініміз – исламда да көршімен тату болу керектігі айтылады. Тіпті, бір мұсылман екінші бір мұсылманға зиян келтірмеу қажеттігі туралы хадис те бар. Айта берсең, адам баласын ізгілікке шақыратын мақал да, нақыл сөз де жетіп артылады. Шамасы, мәселені арызданып шешетіндер оған назар аудармайтын секілді. Әйтпесе…
… Қазақ даласында тентек бұрында да болған. Бірақ, бүтін бір ауылды, рулы жұртты, тіпті, елді бірлікке шақырып, шектен шыққанын тыйып отыратын қариясы бар еді. Жастарға тура жолды нұсқайды деген кейбір үлкендеріміздің өзі ақ қағазға сия төгумен әлек. Онысы елді ынтымаққа ұйытқан дүние болса бір сәрі. Біз бұл сөзімізбен көпке топырақ шашпаймыз. Құдайға шүкір, жұртты дуалы сөзімен ұйыта білген ақсақалдар қазір де бар. Бауыржан Момышұлы қазыналы қарттарды төртке бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты шал десе, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деген. Ал, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартты ақсақал деп бағаласа, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған. Өзге өңірлерден өзіндік өрнегімен ерекшеленетін Жалағашта абыз ақсақалдар жеткілікті.
…Мақаланың басында әңгіменің әлқиссасын Вандаммнан бастаған болатынбыз. Чонгли екеуі жекпе-жекке шығатын әйгілі киноны жұрт жақсы біледі. Бұл кино, тіпті, бүкіл әлемді шарлаған шығар. Сонда қанша жерден мықты болса да, жекпе-жекте әділетсіздік танытқан Чонгли жеңілмеп пе еді. Қазақ атам қашанда шындықтың жеңетінін, қандай жағдайда да әділеттің үстемдік орнататынын баяғыда айтып кеткен. Біздің айтқымыз келгені де осы болатын.

А.АҚЫЛБЕК.

29 қаңтар 2019 ж. 924 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930