» » ЖІГЕРДІ ЖАНЫҒАН, НАМЫСТЫ ҚАЙРАҒАН ТУЫНДЫ

ЖІГЕРДІ ЖАНЫҒАН, НАМЫСТЫ ҚАЙРАҒАН ТУЫНДЫ

Жуырда телеарнадан қазақ халқының тарихи тұлғасы, әнші, композитор, ат спортының түрлі тәсілін меңгерген өнерпаз, жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлы туралы көркем фильм көрсетілді. Халық Нұрмағанбет Баймырзаұлын Балуан Шолақ атап кеткен. Тарихи туындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильмнің режиссері – Нұргелді Садығұлов. Тарихи кинолентада Балуан Шолақтың образы шынайы түрде беріледі. Оның әншілігі, ел ішіндегі абыройы, қазақ үшін жанын қиюға даярлығы суреттеледі. Кинотуынды осынысымен де жұрт жүрегін жаулап үлгерді. Мен қазақпын деген жанның жігерін жанитын, намысын қайрайтын фильмнің сценариін халқымыздың заңғар жазушысы Дулат Исабеков жазған.
Жалпы Балуан Шолақ туралы аңыздарға бала күнімізден қанық болып өстік. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың шығармасында оның Қажымұқанмен кездесуі беріледі. Қазақтың қос бірдей қыран ұлы бір-біріне құрмет көрсетіп, ілтипат танытады. Сәбит Мұқановтың Балуан Шолақ жайлы шығармасында анасының ерекше күш-қайратқа ие жан екені айтылады. Нұрмағанбеттің Шолақ атануының өзі бір аңыз. Бұл фильмде ояздың қызына баяндау арқылы беріледі. Тіпті балуанның өзі өлең арқылы 35 жасында 51 пұт кірдің тасын көтергенін айтады. Кинода бұл оқиға да көрсетіледі.
Негізінен Балуан Шолақтың әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. «Алып – анадан» деген ғой, Балуан Шолақ та осы анасына тартып, теңдессіз алып күштің иесі болған. Нұрмағанбет 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әртүрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы, жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын айғақтайды.
Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген ол ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, балуан, өнерлі жастарды жинайды. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». «Ғалия» нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов болды.
Мақалаға арқау болған көркемфильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов кинотуындының тұсауы кесілгенде «Мен үшін маңыздысы – жас ұрпақты Балуан Шолақтың тұлғасымен таныстыру және ол өмір сүрген тарихи кезеңді көрсету. Фильмнің қалай шыққанын экран көрсетеді. Түсірілім тобымен өте жақсы жұмыс жасадық. Әсіресе актерлерді – Балуан Шолақты сомдаған Еркебұлан Дайыровты, Ақылбайды ойнаған Медғат Өмірәлиевті және Долгоносовтың обра­зын аша білген Александр Багрян­цевті атап өткім келеді» дейді.
Әңгіме өзегіне айналған батырдың өмір жолына үңіліп қарар болсақ, оның орыс балуаны Иван Кореньмен күресіп, жеңгенін көреміз. Орыстың атақты балуанын жай ғана жеңбеген оны жерге атып ұрғанда қабырғасы сынып кеткен. Бұл кезде қазақ балуаны 35 жаста еді. Жоғарыда Балуан Шолақтың 51 пұт кірдің тасын көтергенін атап өттік. Бұл да 35 жасында болған оқиға. Ел ішіндегі аңыздарда оның 49 жасында 67 пұт кір тасын көтергені айтылады. Енді түсінікті болу үшін арасын ашып жазайық, 51 пұт дегеніміз 816 келіні құрайды, ал 67 пұтыңыз 1 тонна 70 келіге тең келеді. Менің білуімше, мұндай салмақты адамзат тарихында әлі ешкім көтермеген. Осынша ауырды көтерген Балуан Шолақтың тұлғасы, бейнесі қандай боды екен? Көзге елестету үшін жазушы Сәбит Мұқановтың туындысын парақтау қажет. Қаламгердің «Балуан Шолақ» деп аталатын еңбегінде: «Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді. Аттың үстінде «шайтандай», зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, ағаш үйдің қабырғасын басымен сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп етеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе, «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық…» – деп келтіреді. Бұдан артық теңеудің де қажеті жоқ шығар. Біздің өзіміз де Сәбит Мұқановтан артық жаза алмасымыз анық.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


10 желтоқсан 2019 ж. 357 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930